Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

«Жамбылгипс» кәсіпорны: өңірдегі құрылыс материалдары өндірісінің ірі орталығы

0 100
Тараз қаласында жұмыс істеп тұрған маңызды өндіріс орындарының бірі – «Жамбылгипс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Құрғақ құрылыс қоспалары мен гипс материалдарын шығаратын бұл зауыт мемлекеттік «Үдемелі индустриялық-инновациялық даму» бағдарламасы аясында іске қосылған. Бүгінде кәсіпорын өңірдің өндірістік әлеуетін арттыруға елеулі үлес қосып келеді.

Компания президенті Андрей Промченконың айтуынша, кәсіпорын заманауи технологияларды пайдалана отырып гипс материалдары мен құрғақ қоспалар өндіретін еліміздегі жетекші өндіріс орындарының бірі саналады. Серіктестік шетелдік «KNAUF», «Lafarge» және «ALCIBAY» компанияларымен ынтымақтастық орнатқан. Зауыттың гипс өндірудегі тәуліктік қуаты 750 тонна, жылдық көлемі 260 мың тоннаға жетеді. Ал құрғақ қоспалар өндірісінің тәуліктік жобалық қуаты 600 тонна болса, қазіргі таңда шамамен 400 тонна өнім шығарылып отыр.

Кәсіпорында жоғары сапалы өнімді бірқалыпты әрі тұрақты өндіруге мүмкіндік беретін соңғы үлгідегі автоматтандырылған технологиялар енгізілген. Толық автоматтандырылған өндіріс жүйесі өнім сапасының жоғары болуын қамтамасыз етеді. Кәсіпорын еліміздегі өз саласы бойынша ең ірі зауыттардың бірі саналады. Болашақта өндіріс көлемін бірнеше есеге арттыру жоспарланып отыр. Өндірілген өнімнің шамамен 40 пайызы экспортқа шығарылады. Негізгі сыртқы нарықтар – Ресей мен Қырғызстан. Сонымен қатар ішкі нарықта да кәсіпорын өнімдеріне сұраныс жоғары.

Зауытта барлығы 140 адам еңбек етеді. Мұндағы жұмысшылардың жалақы деңгейі жоғары, олар арнайы жұмыс киімімен және ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. Кәсіпорын қызметкерлеріне қолайлы еңбек жағдайын жасауға ерекше көңіл бөлінеді.

Гипс тақтайшаларын шығаратын цех жұмысы да тұрақты жолға қойылған. Өндіріс менеджері Нұржан Әбдалимовтың айтуынша, бұл цехта 33 жұмысшы үш ауысыммен еңбек етеді. Тәулігіне шамамен 10 мың шаршы метр гипс тақтайшалары өндіріледі. Өнім көлемі тапсырыс берушілер талабына қарай әртүрлі болуы мүмкін. Гипс тақтайшалары негізінен ғимараттардың ішкі құрылыс жұмыстарында кеңінен қолданылады.

Өндіріс процесі толық автоматтандырылған: гипс, қағаз ұнтағы және басқа да қоспалар араластырылып, арнайы қалыптарға сұйық күйінде құйылады. Кейін жоғары температурада кептіріліп, дайын тақтайша ретінде шығарылады. Нұржан Әбдалимов бұл кәсіпорында жиырма жылдан бері еңбек етіп келе жатқанын, қарапайым жұмысшыдан өндіріс менеджері деңгейіне дейін көтерілгенін атап өтті.

Кәсіпорын басшылығы алдағы уақытта гипс тақтайшаларымен қатар ішкі әрлеуге арналған гипс жапсырмаларын шығаруды да жоспарлап отыр. Сонымен қатар құрғақ қоспалар өндірісі де қарқынды дамуда. Бұл цехта гипс негізіндегі және цемент негізіндегі құрғақ қоспалар дайындалады. Цехтың қазіргі тәуліктік қуаты 400 тонна, мұнда екі ауысымда 38 адам жұмыс істейді. Өнім арнайы қағаз қаптарға салынып, қойма арқылы еліміздің түрлі өңірлеріне жөнелтіледі. Сонымен бірге Ресей мен Қырғызстанға экспортталады. Болашақта өндіріс көлемін тәулігіне 600 тоннаға жеткізіп, Өзбекстан нарығына шығару жоспары бар.

Зауытта қызметкерлердің әлеуметтік жағдайына ерекше мән берілген. Жұмысшылар арнайы киіммен, ыстық тамақпен қамтамасыз етіліп қана қоймай, жұмысқа тасымалдау мәселесі де шешілген. Бұдан бөлек, қызметкерлерді ынталандыру мақсатында тоқсан сайын жалақыға 20 пайыз көлемінде сыйақы қосылады. Андрей Промченконың айтуынша, мұндай әлеуметтік қолдау шаралары зауыт ашылған күннен бастап тұрақты түрде сақталып келеді.

Жалпы алғанда, «Жамбылгипс» кәсіпорны өңірдің құрылыс индустриясында маңызды орын алып, өндірістік қуаттың артуына, экспорт көлемінің өсуіне және жаңа жұмыс орындарының сақталуына ықпал етіп отыр.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.