Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Ерлік ескерусіз қалмайды

0 61

Төтенше жағдайлар кезінде, ең алдымен, адамның батылдығы мен азаматтық жауапкершілігі сыналады. Осындай сын сағатта көпке үлгі көрсеткен тараздық тұрғын Сәкен Сағындықов ел алғысына бөленді.

Оқиға осыдан бірер апта бұрын қаладағы шағынаудандардың бірінде болған. Бес жасар бала мұз үстінен тайып, суға батып бара жатқан кезде, сол маңнан өтіп бара жатқан Сәкен есімді шаһар тұрғыны еш кідірместен мұз үстімен еңбектеп жетіп, баланы судан құтқарған. Осыдан кейін жасөспірімді жақын маңдағы фитнес-орталыққа жеткізіп, полиция қызметкерлеріне хабар береді.
Осылайша, сын сағатта өзгенің өмірін өз өмірінен биік қойып, дер кезінде әрекет еткен азаматтың ерлігі бағаланып, Жамбыл облысының Төтенше жағдайлар департаменті атынан Алғыс хат табысталды. Сонымен қатар Тараз қаласы әкімдігі тарапынан бағалы сыйлықтармен марапатталады.
– Суға батып бара жатқан баланы көріп еш ойланбастан құтқаруға бел байладым, өйткені адамның өмірінен қымбат ештеңе жоқ. Әрине, бұл қадамымды ерлік деп санамаймын. Менен өзге біреу болса да, баланы құтқаруға ұмтылар еді. Өзгенің өмірін сақтау үшін әрекет жасау – әрбір азаматтың борышы, – дейді Сәкен Сағындықов.
Көпшілігіміз батырлықты тек ерекше оқиғалармен өлшейміз. Алайда шын мәнінде ерлік – қарапайым сәттерде, қиындыққа қарамай әрекет жасауда жатыр. Қауіпке бейжай қарамай, өзгенің өмірін өз өміріңдей қорғау – әр азаматтың адами борышы.
Осыған жағдайға байланысты шаһар тұрғындарына ескертетініміз, қыс мезгілінде ата-аналар балалардың қауіпсіздігіне аса мән бергені абзал. Мұз қатқан өзен мен арықтарда ойнауға тыйым салу, балаларға қауіпсіздік ережелерін үйрету – олардың өмірін сақтаудың негізгі жолы.

Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.