Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Әулиеата мұрасы Сыр елінде салтанат құрды

0 66
Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінде Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінің 95 жылдығы мен ел тарихында өшпес із қалдырған ұлы тұлғалардың мерейтойларына орай «Тарихта таңбаланған Әулиеата тұлғалары» атты жылжымалы көрменің ашылу салтанаты өтті.
Салтанатты шараны Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі басшысының міндетін атқарушы Жаннат Ахметова құттықтау сөзімен ашты. Көрменің маңыздылығына тоқталып, рухани мұраны дәріптеудің бүгінгі ұрпақ үшін мәні зор екенін атап өтті. Сонымен қатар Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Сейтжан Ілияс және Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, көрнекті қаламгер, Бауыржан Момышұлының немере інісі, «Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығының меңгерушісі Бекет Момынқұл сөз сөйлеп, көрменің тағылымдық мәніне кеңінен тоқталды.
Көрмені тамашалауға қала тұрғындары, зиялы қауым өкілдері, әскерилер мен бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері қатысты. Қонақтар экспозицияда ұсынылған жәдігерлермен танысып, әрбір экспонаттың тарихы мен мазмұнына ерекше қызығушылық танытты.
Экспозицияда қазақ қоғамының рухани және мәдени өмірінде айрықша орын алған ұлы тұлғалардың жеке заттары, сирек кездесетін фотосуреттері, кітаптары мен қолжазбалары қойылған. Атап айтқанда, көрмеде Ықылас Дүкенұлы, Кенен Әзірбаев, Жазылбек Қуанышбаев, Бауыржан Момышұлы, Асанәлі Әшімов, Әбдімомын Желдібаев, Бақытжан Ертаев, Сейтжан Қойбақов, Есен Демесінов, Қайрат Рысқұлбеков сынды ел тарихында өзіндік орны бар тұлғалардың өмірі мен шығармашылығына қатысты құнды жәдігерлер ұсынылды. Жалпы көрмеде 100-ден аса құнды жәдігерлер қойылды.
Көрменің басты мақсаты – жас ұрпақтың ұлттық мәдениет пен тарихқа деген құрметін арттыру, елге еңбегі сіңген тарихи тұлғалардың шығармашылық және қоғамдық қызметін кеңінен насихаттау. «Тарихта таңбаланған Әулиеата тұлғалары» көрмесі – өткен мен бүгінді жалғап, ұлттық рухты ұлықтайтын тағылымды мәдени шара.

 

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.