Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Жамбыл ауданына жұмыс сапары барысында ардагерлермен кездесу өткізді.
Басқосуда елімізде жүзеге асырылып жатқан ауқымды саяси реформалар, соның ішінде жаңа Конституция жобасы кеңінен талқыланды.
Кездесу барысында облыс әкімі ҚР Конституциясының жаңа жобасындағы негізгі жаңашылдықтар мен ерекшеліктерге, оның мазмұны мен маңызына жан-жақты тоқталды. Өңір басшысы негізгі заңға ұсынылып отырған өзгерістер Конституцияның 77 бабын қамтитынын, бұл Ата Заң мәтінінің 84 пайызын құрайтынын атап өтті.
Сондай-ақ жаңа Конституцияның адам және ел дамуына бағытталғанын, онда адам құқықтары, қоғамдағы бірлік пен келісім, елдің тәуелсіздігі мен тұтастығы, әділеттілік, заң үстемдігі және экология мәселелері Конституция деңгейінде бекітілгеніне назар аударды.
Сөз барысында кеңейтілген өкілеттілікке ие бір палаталы Парламент – Құрылтайдың, жалпыұлттық диалог алаңы – Қазақстанның Халық Кеңесінің құрылуы, сондай-ақ Вице-президент институтының енгізілуі сынды басты жаңашылдықтарға арнайы тоқталды.
– Әлеуметтік желілерде жаңа Конституция жобасына қатысты жалған әрі бұрмаланған ақпараттар таралуда. Шындыққа жанаспайтын, арандатушылық сипаттағы мәліметтерден сақ болу қажет. Халыққа жаңа Ата Заң жобасын нақты әрі түсінікті түрде кеңінен түсіндіру маңызды. Бұл ретте аға буын өкілдерінің рөлі айрықша, – деді облыс әкімі.
Ербол Қарашөкеев ел Президентінің әділетті қоғам мен тұрақты мемлекет құруды көздейтін бастамаларын жамбылдықтардың қолдайтынына сенім білдірді.
Жиын барысында Жамбыл ауданына қарасты ауылдық округтердің билер, ардагерлер және қоғамдық кеңестерінің төрағалары мен мүшелері Конституциялық реформаға қатысты өз ой-пікірлерін ортаға салды.
– Әділетті Қазақстан құру жолында Ата Заңға өзгерістер енгізу – заңдылық. Ел ағалары үшін ең бастысы – елдің амандығы, жердің тыныштығы, халықтың ынтымақ-бірлігі керек. Бұл құндылықтардың барлығы жаңа Конституция жобасында қамтылған. Ардагерлер қауымы халық мүддесін қорғайтын Конституцияның жаңа мәтінін қолдайды, – деді аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақыт Сырлыбаев.