Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Таразда «Болашақ прокурорлар» клубы ашылды

0 99

Тараз қаласы білім бөлімінің №66 орта мектебінде «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының «Заң және тәртіп» айлығы аясында Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлы атындағы «Болашақ прокурорлар» клубы ашылды.

Салтанатты жиынға Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының аға көмекшісі Рүстем Иманғалиев, Жамбыл облысы прокуратурасы ардагерлер кеңесінің төрағасы Ерлан Сатыбалдиев, Жамбыл облысы прокурорының бірінші орынбасары Азамат Күренкей, Жамбыл облысы прокуратурасының Аппарат басшысы Руслан Заурбеков, Тараз қаласының прокуроры Нұржан Боранбаев, Тараз қаласы прокурорының орынбасары Руслан Әлім, Жамбыл облысы прокуратурасының Мемлекеттік айыптауды қолдау және апелляциялық сатыға қатысу басқармасының бастығы орынбасары Саяхат Нұрбеков, Жамбыл ауданы прокуратурасының аға прокуроры Арманжан Әбдібеков, Тараз қаласы білім бөлімінің басшысы Айгерім Алтынбаева мен мектеп ұстаздары және оқушылары қатысты.

Аталған шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Заң және Тәртіп» қағидатын қоғам өмірінің негізгі құндылығы ретінде орнықтыруға, жас ұрпақтың құқықтық санасын арттыруға, сондай-ақ әділетті Қазақстанды құру жолындағы тәрбиелік саясатты нақты іспен жүзеге асыруға бағытталды. «Болашақ прокурорлар» клубының құрылуы – заң үстемдігін саналы түрде түсінетін, әділдік пен жауапкершілікті өмірлік ұстаным еткен жаңа буынды қалыптастыруға арналған жүйелі алаң.

Оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру, азаматтық жауапкершілік пен патриоттық рухты нығайту, прокуратура органдарының қоғамдағы рөлін түсіндіру, жасөспірімдерді прокурор мамандығына ерте кәсіби бағдарлауға арналған шара «Адал ұрпақ» ұйымы мүшелерінің Бауыржан Момышұлының ерлігіне арналған сахналық қойылымымен ашылды.

Келесі кезекте сөз алған Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының аға көмекшісі Рүстем Иманғалиев заң үстемдігі – мемлекеттің тұрақтылығы, ал заңға адал ұрпақ ел болашағының кепілі екенін атап өтті.

– Біз үшін бүгін – тарихи күн. Тараз қаласында «Болашақ прокурорлар» клубының ашылуы – еліміздің құқықтық мәдениетін дамытуға, оқушылардың әділет жолына қызығушылығын арттыруға бағытталған маңызды бастама. Сіздер – Қазақстанның ертеңі, мемлекетіміздің болашағын қалыптастыратын буынсыздар. Сіздердің араларыңыздан өз ісіне адал, әділ, ел мүддесін қорғауға дайын болашақ прокурорлар шығатынына зор үміт артамыз.

Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда еліміздің маңызды идеологиялық тұжырымдамалары мен негізді бағыттарын айқындап берді. Олар – Тәуелсіздік пен Отаншылдық, Бірлік пен Ынтымақ, Әділдік пен Жауапкершілік, Заң мен Тәртіп, Еңбекқорлық пен Кәсіби біліктілік, Жасампаздық пен Жаңашылдық және Таза Қазақстан. Бұл – біздің ұлттың алдына қойылып отырған негізгі бағдар. Мұның барлығы – адал азаматқа тән қасиеттер. Сондықтан әрқайсысымыз Адал азамат идеясына сай болуға ұмтылуымыз керек.

«Болашақ прокурорлар» клубы – дәл осы мақсатқа қызмет ететін орта. Ол жерде сіздер заң саласының қыр-сырын меңгеріп, тәлім алып, кәсіби бағыт-бағдарларыңызды айқындайсыздар. Бүгін сіздердің алдарыңызда үлкен мүмкіндіктер ашылып отыр. Мұндай клубтар Алматы, Жетісу, Маңғыстау облыстарында және Астана қаласында табысты жұмыс істеп келеді. Сондықтан бұл – Тараз жастары үшін ерекше мәртебе әрі үлкен сенім.

Осы ретте мектеп ұжымына, ұстаздарына өз алғысымызды білдіргіміз келеді. Сіздер тәрбиелеген білімді, үлгілі, ізденімпаз жасөспірімдер – бүгінгі клубтың мақтанышы.

Құрметті жас достар, алдарыңызда мүмкіндік мол, жол ашық. Ертең осы клубтың түлектері еліміздің құқықтық тәртібін нығайтатынына зор сенімдімін, – деген Р.Иманғалиев клуб мүшелеріне зор табыс, мықты білім мен биік армандар тіледі.

Салтанатты рәсім барысында клуб мүшелері заңға адал болуға, әділдікті ту етуге, ел мүддесіне қызмет етуге арналған салтанатты ант қабылдады. Бұл сәт оқушылардың құқық қорғау саласына саналы көзқарасының, азаматтық жауапкершілігінің нақты көрінісі болды. Содан соң шара қонақтары клуб мүшелеріне арнайы төсбелгілер табыстады.

Сонымен қатар шара аясында «Болашақ прокурорлар» клубының арнайы кеңістігі салтанатты түрде ашылды. Арнайы жарақталған кеңістіктің салтанатты лентасын Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының аға көмекшісі Рүстем Иманғалиев пен Жамбыл облысы прокуратурасы ардагерлер кеңесінің төрағасы Ерлан Сатыбалдиев қиды.

Бұл кеңістік алдағы уақытта құқықтық білім беру, пікірталас алаңы, тәжірибелік кездесулер мен тағылымды сабақтар өтетін тәрбиелік орталыққа айналмақ. Сонымен қатар Тараз қаласы №66 орта мектеп пен қалалық прокуратура арасында өзара клуб ережесіне қол қойылып, оқушылардың құқықтық білімін жүйелі дамытуға негіз қаланды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.