Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Өмір жолы – өнеге

0 86

Бүгінгі таңда еңбек адамы – тек жұмыс істейтін адам емес, өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын, ел мен ұрпақ болашағы үшін жан аямай тер төгетін тұлға. Осындай жандардың өмірі мен қызмет жолы – өскелең ұрпаққа үлгі, елге тірек, қоғамға қажет құндылық. Белсенді еңбегімен еленген, ел-жұртының құрметіне бөленген сондай абыройлы азаматтың бірі – Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің жауапты хатшысы, Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің Құрметті ардагері Сауранбек Жамалбеков десек, артық айтқанымыз емес. Бүгінде 80 жасқа толып отырған жаны жайсаң ағамыз әлі тың, бақуатты әрі қайратты.

Сауранбек Жамалбекұлы 1946 жылдың 1 ақпанында бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы, Түлкібас ауданының Балықты ауылына жақын Үрбұлақ елді мекенінде дүниеге келіпті. Балалық шағы соғыстан кейінгі қиын кезеңмен тұспа-тұс келген. Бұғанасы қатпай жатып еңбекке араласты. Өсті, өркендеді, шыңдалды. Орта мектепті 1962 жылы тәмамдап, Шымкенттегі қазақ химия-технология институтына түсті.
«Студенттік жылдарымызда бізбен қатарластардың барлығы да ата-анамызға салмақ салмайық деп күндіз оқып, кешке жұмыс істеп, нәпақа табатынбыз. Білімге құштарлығымыз алабөтен болатын» – дейді ағамыз өткен жалынды жылдарын еске алып.
1968 жылы жас маман жолдамамен Жамбыл (қазіргі Тараз) қаласындағы «Жамбыл қоссуперфосфат» зауытындағы химия өндірісінің ең күрделі сары фосфор шығаратын цехына ауысым басшысы болып қызметке қабылданады. Өндірісте жүріп партияға өтті. Арада үш жыл салып, Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі институтына аға оқытушы болып қызмет ауыстырады. Осында тапжылмай сегіз жыл ұстаздық етеді.
Ал 1979-1983 жылдары Жамбыл облыстық партия комитетінің нұсқаушысы, 1983-1985 жылдары Жамбыл қаласы Зауыт аудандық партия комитетінің екінші хатшысы қызметтерін атқарады. Партиялық қызметте белсенділігімен әрі тыңғылықтығымен көзге түскен оны 1985 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті бюросының шешімімен Мәскеудегі Кеңес Одағының Ф.Дзержинский атындағы Мемлекеттік Қауіпсіздік Комитетінің Жоғары мектебіне (қазіргі РФ Қауіпсіздік қызмет академиясы) екі жылға оқуға жібереді. Оқуын тәмамдаған соң 1987 жылы ҚР Мемлекеттік Қауіпсіздік Комитетінің Жамбыл облыстық басқармасына бөлім бастығының орынбасары болып тағайындалады. Осы мекемеде әртүрлі басшылық қызметтер атқарады. 1999 жылға дейін ел қауіпсіздігі жолында абыроймен еңбек етіп, полковник әскери шенімен зейнеткерлікке шықты.
«Кеңес үкіметі тарап, ел тәуелсіздігін алған жылдары Мемлекеттік қауіпсіздік қызметі қайта жасақталып, ұйымдастырылды. Осы уақыт еліміздің барлық саласында өте қиын кезең болды. Ал қауіпсіздік қызметінде еңбек ету тіптен қиын еді» – дейді ҰҚК-нің бұрынғы қызметкері.
Зейнет жасындағы полковникті М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің басшылығы осы оқу орнының қауіпсіздік қызметін басқаруға шақырады. Ал 2002 жылы Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің президенті О.Сәбденов оған оқу орнының қауіпсіздік қызметін ұйымдастырып беруге ұсыныс білдіреді. Мұнда келіп өзіне тапсырылған шаруаны ретке келтірген соң қайта жұмысына оралғалы тұрған Сауранбек Жамалбековке Оразалы Сәбденов осында қалып, ары қарай да университеттің қауіпсіздік қызметін басқара беруге қолқа салады. Осылайша ол университетте аталған жұмысқа қалуға келісім береді. Кейін халықаралық қатынастар бөлімін басқарса, одан кейін виза бөлімін абыроймен басқарды.
Оқу орнында қызмет атқарып жүргенде көптеген игілікті шараның бастамашысы бола білді. Солардың бірін ғана тілге тиек етсек, Сәкең халықаралық қатынастар бөлімінің бастығы қызметінде жүргенінде университет вице-президенті, профессор Т.Райымбердиевтің қолдауымен оқу орнының оқытушы-ғалымдарын еуропалық деңгейдегі жоғары білім алуға кең мүмкіндік беретін «Темпус» бағдарламасына жұмылдыра білді. Соның нәтижесінде олар бірнеше тақырып бойынша гранттар ұтып алды. Бұл ірі жетістік еді.
Осындай ғылыми-әдістемелік зерттеулердің нәтижесінде кезінде оқытушы-профессорлардың, студенттердің академиялық-ұтқырлық бағдарламасы бойынша Түркия, Ресей және Еуроодақ елдерінің жоғары оқу орындарында біліктіліктерін арттырғаны, әрине, Сауранбек Жамалбековтей тәжірибелі басшы-мамандардың арқасы деп бағалаймыз.
Халық үшін сыйлы да абыройлы азаматтың бойынан өжеттілікпен қатар мейірім де табылып тұрады. Табандылығы мен жауапкершілігінің арқасында өзінің қызметін бар ынтасымен, үлкен тиянақтылықпен атқара білді. Қоғамдық іс-шараның қайнаған ортасында жүрсе де көкірегі ашық, сөз төркінін түсіне білетін саралы ойлардың иесі қай кезеңде болмасын өзіне жүктелген қызметтерді жоғары деңгейде атқарып келеді. Қазіргі кезеңде өзінің кәсіптік, өмірлік тәжірибесінің арқасында облыстық ардагерлер қозғалысының өркендеп дамуына өз үлесін қосуда.
Тараз қалалық ардагерлер ұйымы – бүгінде қоғамда өзіндік орны, ортақ істе қомақты ықпалы бар іргелі құрылым. Ардагерлер қозғалысы қоғамның үлкен күшіне айналған деп батыл айта аламыз. 2018 жылдан бері Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің жауапты хатшысы ретінде бастауыш ардагерлер ұйымдарының жұмысына ерекше назар аударып, ардагерлерді қоғамдық жұмысқа тартып, олардың қамқорлыққа бөленуіне, әлеуметтік жағдайын жақсартуға зор үлесін қосып отыр. Көптеген іс-шараның ұйытқысы, бастамашысы болған оның ардагерлер арасында беделі жоғары. Қоғамдық жұмыстардан бір сәтке де қол үзіп көрген емес. Өңірдегі өресі биік ардақтыларымыздың бірі, өмір жолы – өнеге, жақсы істің жаныңды жадыратар тұстарын жазбай танитын көкірек көзі бар замандас ағамыз 80-нің сеңгіріне шығып отыр. Бір Алланың берген қуаты шығар. Әдемі қартая білген Сәкең осы жасында құр аттай тың да ширақ. Қарапайымдылық қасиеттің тұғырынан таймаған ағамыз от ауызды, орақ тілді шешендігімен де қазақтың қара сөзінен қаймақ қалқитынның нақ өзі. Оның бір дәлелді айғағы, «Батаменен ел көгерер» атты қалалық қариялар арасындағы батагөйлер байқауында бірінші орынды алып, жеңімпаз атанса, батагөйлердің облыстық сынағында жүлделі үшінші орынды иеленді.
Өмірде мамандық пен жарды дұрыс таңдаған адам бақытты. Сәкең ағамыз сондай бақытқа ие болған жан. Жүрек қалауына жүгінген ол өмірлік жарды да жаңылыспай дұрыс таңдапты. Құдай қосқан қосағы Гүлжәмила екеуі бір шаңырақ астында тату-тәтті жұбайлық ғұмыр кешіп келе жатқанына 57 жылдай болыпты. Ұлағатты ұстаз атанған Гүлжәмила – өз саласының ардақты ардагері. «Адамның бір қызығы – бала» деген Абайдан асырып кім айта алған?! Ерлі-зайыптылар сондай қызықтың да иегерлері. Олардың отбасын «балалы үй – базарға» айналдырған 1 ұл, 3 қызының арқасында 11 немеренің, 4 шөберенің сүйікті атасы мен әжесіне айналып, үлгілі отбасы ретінде абыройға бөленіп отыр. Әкесінің сара жолымен жүрген баласы Самат та Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінде абыроймен қызмет атқарып, полковник шенімен зейнетке шықты.
Тараз қалалық ардагерлер кеңесі мерейтой иесін абыройлы мерекесімен шын жүректен құттықтай отырып, жарқын өмірдің асылы мен байлығын, денсаулықтың тазалығы мен мықтылығын, табыс пен жетістіктің молдығын, қуаныш пен шаттықтың шексіз кеңдігін, рухани жан-дүниеңізге тектілік пен бірегейлік, ұлылық пен парасаттылық, қуаттылық пен құдіреттілікті тілейді!

Алдаберді МАҚАШЕВ,
Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.