Қалалық қоғамдық-саяси газет

Сұлулық сурет тілінде

0 270

Тараз қаласы әкімдігінің қолдауымен Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, облыстық «Araı» жастар газетінің фототілшісі Алтынбек Қартабайдың Жамбыл облысының 80 жылдығына арналған «Мөп-мөлдір көздер қарасын, Тараздан ғана табасың» атты фотопоэзия көрмесі өтті.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ Суреттерді түсірген Ю.КИМ, А.РЫСМАХАН

Ақ таңның шуағынан сыр ұғып, сам жамыраған шақтың шырағына үңілген жанның әлемі бөлек, әуені басқа. Әлемді объективіне сыйдырып, даланы жанарымен ғана емес, жүрегімен де көре білетін шығармашылық иесі – фотограф. Қас қағым сәтті көшіріп ала қоятын қырағы көз танымал фотоөнердің шебері Алтынбек Қартабай уақыттың ырғағына көніп, ығынан жақұт іздеген фотоаппаратты меңгеріп қана қоймай, Тараздың әр сәтінен сәуле сауып, секундтан тарих жасаудың ұстасына айналған. Сан жылдардың жетегінде, асқақ арманының үмітін үкілеп, қоңыр күздің қоңыр салқын кешінде «Мөп-мөлдір көздер қарасын, Тараздан ғана табасың» атты фотопоэзия көрмесін ұйымдастыруы – еленген еңбегінің жемісі. Кешті облыстық «Araı» газетінің тілшісі, ақын Нұржан Қадірәлі ашты. Көрмені тамашалуға келген қонақтар арасында қала әкімі Қайрат Досаев та болды. Алғашқы болып сөз алған Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Сұлушаш Құрманбекова:
– Қазақ қыздарының жан-жақты мінезін, бейнесін фотосуретпен ашып, қазақ қызына ғана тән көркемдікті сіңіріп көрсетіп отырған фотограф Алтынбек Қартабай – ерекше өнер иесі. Облыстың қарқынды дамуы, өңірдегі өзгерістер мен жаңалықты суретіне сыйдырып жүрген өнер иесінің шығармашылығы да өзгеше. Қазақ қызының асыл жар, аяулы ана образын суретке басып, өнер кеңістігіне өзінше үлес қосқан суреткерді дүйім жұртқа еңбегін ұсынған қуанышты күнімен құттықтаймын, – деді.

Күздің қоңыр кешін сан алуан түске бояп, аспан астын нұрға бөлеген суреттер сұлулықтың тілінде сөйлеп тұр. Нәзіктік пен сымбаттың, ізгілік пен ізеттіліктің шексіз әлемін жанарына сыйдырған балғын арулардың картинасының ішінен қатпар-қатпар әжіміне әлемнің мейірімін сыйдырған Алтынбектің анасының бейнесі көзге оттай басылды. Өмірдің алды расында кешегі балдырған қыз, ардақты ана, аяулы әжеден бастау алғаны анық. Құшақ-құшақ гүлімен қоса бар ыстық ықыласын риясыз балалық пейілімен анасына ұсынған Алтынбек бар игілік пен ізетті де қазақ әйелінен алғанын ұқтырып-ақ тастады.

– Алтынбек ерекше мейірімді. Бәріне жақсылық жасағысы келіп елжіреп тұрады. Жаны нәзік. Ұлымның еңбегін бағалап, көрмесін өткізуге атсалысқан барлық жандарға аналық алғысымды білдіремін, – деді алтын құрсақты қарт ана.

Алқаракөк аспанның астында өмір мен өлеңді қатар өрген ақындар поэзиясы ойнап тұрды. Фотографтың қырағы көзіне іліккен арулардың суреті көздің жауын алғандай. Суреттегі оймақ ауыз, күлімкөз, қиғаш қастылардың бірі таң болып шуақ шашса, бірі гүл болып жайқалады. Бірінің көзінен көктем аңқыған балалығыңды байқасаң, енді бірінің жанарынан терең өмірдің өзін байқайсың. Ал күннің шуағына бөленген бала, гүлге қонған көбелек, боз даланың төсінде құлын жетектеген бозбала мен бойжеткеннің бейнелері алыс-алыс арманға, биік-биік белестерге жетелейді. Мұнда өмір мен өлең үйлесіп, үндесіп жатыр. Қыз-қыз қайнаған тіршіліктің тілінде әсемдік пен әдемілікті әйелдің нәзік жаны арқылы ұқтыруға тырысқан суреттерде бүгін, ертең, болашақ бар. Мен соны ұқтым.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.