Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Ономастика – мемлекеттік мүдденің мәйегі

0 215

Бақыт ТОҚСАНБАЕВА,
Тараз қаласы әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту
бөлімінің басшысы

«Жер-судың аты – тарихтың хаты» дейді халық даналығы. Расында, географиялық атаулар жүйесі – мемлекеттің тарихи жадын, ұлттық құндылықтарын және қоғамдық сананың бағыт-бағдарын айқындайтын маңызды идеологиялық құралдардың бірі.

Өңірлердегі әрбір атау белгілі бір кезеңнің саяси, әлеуметтік және рухани ахуалын бейнелеп қана қоймай, жас ұрпаққа тағылым беретін тәрбиелік мәнге де ие. Осы тұрғыдан алғанда мағынасы ескірген, тарихи және ұлттық мазмұнға сай келмейтін атауларды заманауи талаптарға сәйкес қайта қарау – тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік ономастика саласындағы басым бағыттарының бірі болып отыр.
Осыған орай ҚР Президенті Әкімшілігінің тиісті тапсырмалары негізінде ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен жергілікті атқарушы органдардың бірлескен жұмыстары нәтижесінде Тараз қаласында ономастика саласын жүйелеу бағытында ілкімді істер қолға алынуда. Айталық, 2025 жылы ҚР Президенті Әкімшілігі тарапынан жалпы 2 аудан мен 180 құрамдас бөлікке атау беру және қайта атау ұсынысы бекітіліп, Жол картасына енгізілген болатын. Оның ішінде шаһар аумағында жаңадан құрылған 2 ауданнан бөлек, 2 шағынаудан, 34 мағынасы ескірген, 1 атауы жоқ және Тараз қаласына қосылған 14 елді мекендегі қайталанатын 143 көше бар. Жан-жақты жүргізілген жүйелі жұмыстың нәтижесінде Жол картасы толығымен әрі мерзімінде орындалып, 2 аудан мен 183 құрамдас бөлікке жаңа атау берілді.

Сонымен қатар өткен жылы ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай Кеңес Одағының батырлары мен Екінші дүниежүзілік соғысы ардагерлерінің есімдерін ұлықтау мақсатында көшелер мен даңғылдарға, білім беру мекемелеріне беру мүмкіндігін қарастыру жөнінде бір реттік хаттамалық тапсырма берген болатын. Соған сәйкес Ұлы Отан соғысы батырлары мен ардагерлерінің тізімі іріктеліп, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне жолданған. Аталған ведомство Қорғаныс министрлігімен бірлесе ерлік көрсеткен соғыс ардагерлерін іріктеудің критерийлерін белгілей отырып, ұсынылған тізім ҚР Президенті Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің сараптауымен бекітілді. Нәтижесінде Тараз қаласындағы мағынасы ескірген Уездный 2-көшесі Үмбетқұл Жиенбаев көшесі болып қайта аталды. Әрине, бұл – ел үшін жанын қиған ерлердің өшпес ерлігін тарих жадында жаңғыртып, жас ұрпақтың санасына сіңіруге бағытталған маңызды қадам. Батырлардың есімін ардақтау, олардың даңқты жолын ұлықтау – бүгінгі ұрпақтың ғана емес, келешек буынның да қасиетті парызы. Өйткені ерлікке тағзым еткен елдің рухы биік, болашағы берік болмақ.
Бұған қоса ҚР Президентінің Әкімшілігі басшысының 2025 жылғы 14 қазандағы №11120 ПАБ-3 бұрыштамасына сәйкес, қызметтік борышын атқару кезінде ерлікпен қаза тапқан күштік құрылым қызметкерлерінің есімдерін елді мекендердің көшелеріне беру туралы Тараз қаласы бойынша арнайы тізім келісіліп, бекітілген тапсырмасы түскен болатын. Осының аясында қаладағы мағынасы ескірген бірқатар көшені қайта атау бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп, өткен жылдың 8 желтоқсанында Жамбыл облысы әкімі аппаратына республикалық ономастика комиссиясына ұсыну үшін хат және қажетті құжаттар жолданды. Бұл ұсынысымыз аталған комиссия тарапынан қолдау тапқан жағдайда облыс орталығындағы Автомобиль көшесі – Мейіржан Айманов, Уездный 1-тұйық көшесі – Дастан Әділбай, Уездный өтпе жолы – Анатолий Воржев, ФЗО 1-тұйық көшесі – Полат Аянқұлов, ФЗО 2-тұйық көшесі – Бекжан Тіленшиев, Песчанный 1-тұйық көшесі – Жақсыбек Байсеитов және Песчанный 2-тұйық көшесі Дархан Сүлеевтің есімімен аталады.
Әрине, қаланың шырайы тек сәулеті жарасқан ғимараттар мен саясы мол саябақтармен ғана өлшенбейді Көне шаһардың көркеюіне терең тарихтан тамыр тартып, ұлыларымызды ұлықтауға үлес қосатын көше аттарының да маңызы зор екені белгілі. Сондықтан бұл бағыттағы ілкімді істер алдағы уақытта да жоспарға сай жалғаса береді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.