Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Отан қорғаушыларды даярлайтын оқу ордасы

Тараздағы тұңғыш әскери мектептің келешегі кемел

0 136

Қазақ халқының тарихы – елін, жерін қорғаған ерлердің шежіресі. Ұлан-ғайыр далада ұлт ретінде сақталып қалуымыздың басты кепілі – қай заманда да атқа қонып, қолына қару алған қазақ сарбазының ерлігінің нәтижесі.

XVIII ғасырдағы жоңғар шапқыншылығы қазақ үшін тағдырлы сын болды. «Ақтабан шұбырынды», «Алқакөл сұлама» жылдары ел басына күн туған шақта халықты біріктіріп, рухын көтерген де, жауға қарсы тұрған да сарбаздар еді. Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай сынды баһадүр батырлар бастаған қазақ қолы ел мен жерді қорғап, азаттық жолында аянбай шайқасты. Бұл кезең қазақ сарбазының жауынгерлік рухын, отансүйгіштік қасиетін айқын танытты.
Уақыт алға жылжыды, күрес сипаты өзгерді. ХХ ғасырдың басында қазақ қоғамында ұлттық сананың жаңғыруымен бірге Алаш қозғалысы дүниеге келді. Алаш әскері тек қарулы күш емес, мемлекеттілікке ұмтылған саяси әрі рухани құбылыс болды. Олар ел тәуелсіздігі, жер тұтастығы, ұлттық мүдде үшін күресті. Алаш сарбаздарының бойындағы ерлік біліммен, парасатпен ұштасқан жаңа сипаттағы күрес еді.
Ал ата-баба аңсаған азат күнге қол жетіп 1991 жылы Қазақстан тәуелсіздігін жариялап, дербес мемлекет ретінде жаңа тарихын бастады. Осы кезеңде ұлттық Қарулы Күштер құрылып, қазақ сарбазы бейбіт өмірдің берік қорғанына айналды. Шүкір, шекара шебі шегендеулі, Біріккен Ұлттар Ұйымы мойындаған мемлекетпіз. Дегенмен, әлемдегі қазіргі аумалы-төкпелі, алмағайып кезеңде еліміздің қорғаныс қабілетін күшейту күн тәртібінде тұрған көкейкесті мәселеге айналды. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осыдан үш жыл бұрын мамыр айында өткен Бүкілармиялық кеңесте жауынгерлік дайындық жүйесін жетілдіру қажеттігін баса айтып: «Қазіргі заманда әбден машықтанған сарбаздар ғана тиімді ұрыс жүргізе алады. Сондай-ақ сардарлардың біліктілігі айрықша рөл атқарады. Әсіресе, орта және төменгі буындағы басшылардың кәсіби дайындығы жоғары болуы шарт» – деген болатын.
Бұл бағытта бүгінде жоғары әскери оқу орындарымен қатар жоғары оқу орындарының әскери кафедраларда тынымсыз еңбек етуде. Сонымен бірге елімізде оқушының бойына ұлттық рух пен патриоттық сана дарыта отырып, интеллектуалды әлеуеті жоғары, физикалық тұрғыдан дайын, жауапкершілік пен тәртіпті жете түсінетін, ел болашағына үлес қосуға дайын жас азаматты қалыптастыру үрдісі жолға қойылған. Заманауи білім беру мен әскери-патриоттық тәрбиені ұштастыра отырып, оқушыны тек білім иесі ғана емес, Отан қорғаушы, көшбасшы тұлға ретінде тәрбиелеуді мақсат еткен үлгілі әскери мектептер бой көтере бастады. Бұл қатарда Тараз қаласындағы Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының мамандандырылған әскери мектеп-интернаты да бар.
«Журналист мамандық өзгертеді» айдары аясында аталған мекемеге арнайы ат басын бұрып, тыныс тіршілігімен танысып қайтқан едік. Біз білім ошағының қақпасынан енгенімізде жылы амандасқан әскери мектеп-интернатының директоры Әлішер Әзімбай оқу ғимаратымен таныстырып, оқу бағдарламасы туралы кеңінен тоқталды. Оның айтуынша, білім мекемесінің жалпы алаңы 2,87 гектар, ал оқу ғимараты 7 060,9 шаршы метрді құрайды екен. Білім ошағы облыс әкімінің өткен жылғы 5 тамыздағы №162 Қаулысымен құрылып, білім беру қызметімен айналысуға арналған лицензия беріліпті.
– Жалпы, әскери мектеп-интернат 320 орынға арналған. 39 оқу бөлмесі, 120 орындық асхана, 320 орындық жатақхана, 100 орындық мәжіліс залы, 1 спорт залы, 2 футбол алаңы, 1 саптық алаң, 1 STEM кабинеті, 1 робототехника кабинеті, 1 IT кабинеті бар. 2025-2026 оқу жылына оқушыларды қабылдау өткен жылдың 29 қыркүйегі мен 25 қазан күндері аралығында жүргізілді. Нәтижесінде 620 өтініш келіп түсіп, оның ішінде 7, 8, 9 сыныптарға 180 тәрбиеленуші конкурстан өтті. Ал әскери мектеп-интернатқа оқушыларды қабылдау «Бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білімнің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға қабылдаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 12 қазандағы №564 бұйрығына сәйкес конкурстық негізде жүргізіледі. Оның ішінде қабылданатын оқушылардың 15 пайызы әлеуметтік аз қамтылған, осал топтардан іріктеледі.
Мамандандырылған мектеп-интернатқа оқуға түсу кезінде Қазақстан Республикасының 12 жасқа толған, жалпы білім беру мекемесінің 6-сыныбын ойдағыдай бітірген, денсаулық жағдайы бойынша жарамды, кәсіби-психологиялық іріктеу және дене шынықтыру даярлығы талаптарына сай келетін ер азаматтар қабылданады. Мектеп-интернатта оқу мерзімі жалпы білім беретін мектеп бағдарламасы бойынша 7-11-сыныптар аралығында 5 жыл білім алады. Ал оқыту мемлекеттік тілде жүргізіліп, жаратылыстану-математикалық бағытындағы пәндер, информатика, ағылшын тілі тереңдетіліп оқытылады. Мұнда ағылшын тілі үш топқа, алгебра, геометрия, физика, география, информатика пәндері екі топқа бөлініп оқытылады. Сонымен қатар әскери, спорттық, музыкалық бағыттағы үйірмелер жүргізіліп, оқушылар жатақханамен, әскери мектеп формаларымен және тамақтануы қамтамасыз етілуі тегін түрде жүзеге асырылады, – деді Әлішер Әзімбай.
Осыдан кейін біз 120 орындық асханаға бас сұғып, ас мәзірімен таныстық. Жалпы, әскери мектеп-интернаттағы оқушылар күніне бес мезгіл тамақтанды. Мұнда таңғы асқа сүтті жарма ботқасы, май жағылған нан мен шұжық, сүт қосылған тәтті какао берілсе, түске дейінгі асқа лимон қосылған тәтті шай мен тәтті тоқаш ұсынылады. Ал түскі асқа ет қосылған машхорда, еттен дайындалған гуляш, тұздықпен берілетін қайнатылған күріш, салат, қантсыз шай және банан бар. Сонымен қатар кешкі асқа тәрбиеленушілерге ет қосылған кеспе сорпа, етті көкөніс рагуы, нан, кептірілген жемістерден жасалған компот, ал екінші кешкі асқа айран мен вафли ұсынылады екен.
Қазіргі таңда әскери мектеп-интернатында 37 педагог, 16 тәрбиеші, 16 тәрбиешінің көмекшісі бер.
– Әскери мектеп-интернатқа қабылданатын педагогтар «Педагог лауазымдарының үлгілік біліктілік сипаттамаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2009 жылғы 13 шілдедегі №338 бұйрығының талаптарына сәйкес болуға тиіс. Мұғалімдер мен тәрбиешілер «Мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшылары мен педагогтарын лауазымға тағайындау, лауазымнан босату қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2025 жылғы 31 наурыздағы №57 және Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2025 жылғы 31 наурыздағы №96 бірлескен бұйрығына сәйкес конкурстық негізде қабылданады. Осы бұйрыққа сәйкес, бүгінгі таңда барлығы 37 педагог қабылданып, қызмет атқаруда. Бұл қатарда 1 педагог-шебер, 13 педагог-зерттеуші, 11 педагог-сарапшы, 5 педагог-модератор, 5 магистр, 1 Ы.Алтынсарин медалінің иегері және PhD, ғылым докторлары, ҚР білім беру үздіктері, Оқу-ағарту министрінің Құрмет грамотасымен марапатталғандар бар, – дейді Ә.Әзімбай.
Жауаптылардың сөзінше, мектеп-интернатқа кандидаттарды іріктеу Қазақ тілі, Қазақстан тарихы, математика, ағылшын тілі пәндерінен кешенді тестілеу, кәсіби-психологиялық іріктеу, дене шынықтыру даярлығы бойынша нормативтер және медициналық куәландыру қатарлы бірнеше кезеңнен тұрады. Сонымен бірге мұндағы тәрбиеленушілер бес күн оқып, демалыс күндері үйлеріне қайтады. Ал оқу күндері кешкі уақытта жарым сағат ата-анасымен телефонда тілдесуге мүмкіндік беріледі.
Сонымен қатар мамандандырылған әскери мектеп-интернаттың түлектері болашақта ҚР Қорғаныс министрлігінің, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, ҚР Ішкі істер министрлігінің, ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің, сонымен бірге ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің жоғарғы оқу орындары мен шет елдік жоғарғы және арнайы кәсіптік оқу орындарында өз білімдерін жалғастыра алады.
Біздің көңілімізге қуаныш ұялатқаны – әскери мектеп-интернаттың тәрбиеленушілермен тілдескенімізде олардың бойынан ұлттық рухты көрдік.
– Әскери мектеп-интернатының білімгері ретінде бұл оқу орны маған тек сапалы білім ғана емес, тәртіп пен жауапкершілікті, отансүйгіштік пен табандылықты үйретіп келеді. Мұнда әр күніміз жоспарлы, талап қатаң болғанымен, болашақ өмірге үлкен дайындық екенін жақсы түсінемін. Ұстаздарымыз бен тәрбиешілеріміз бізді елге адал қызмет етуге, қандай жағдайда да дұрыс шешім қабылдай білуге баулиды.
Әскери ортада шыңдалып, ерік-жігеріміз нығайып, бойымыздағы намыс пен патриоттық рух арта түседі. Осындай тәрбие алған білімгер ретінде мен өз болашағымды ел қауіпсіздігімен байланыстырамын. Алдағы уақытта Ұлттық қауіпсіздік комитетінде қызмет етіп, тәуелсіз еліміздің тыныштығы мен тұрақтылығын қорғауға үлес қосуды мақсат етемін. Бұл – мен үшін үлкен жауапкершілік әрі азаматтық борыш, – дейді әскери мектеп-интернатының тәрбиеленуші Бекарыс Шекербек.
Тағы бір қуанышты жаңалық, өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысына жұмыс сапары аясында мамандандырылған әскери мектеп-интернаттың қызметімен танысып, оқушылармен әңгімелесіп, мемлекет тарапынан әскери білім беру жүйесін дамытуға ерекше назар аударылып отырғанын атап өткен болатын. Іс-шара соңында Мемлекет басшысы білім ошағына Бауыржан Момышұлының портретін және елімізде құрастырылған мектеп автобусын сыйға тартқан еді. Сондай-ақ ел Президенті Жамбыл облысының жұртшылығымен кездесуде әскери мектеп-интернатқа Бауыржан Момышұлының есімін беруді ұсынып, «Мен бүгін Таразда жаңадан ашылған әскери мектеп-интернатқа бардым. Бұл – оңтүстік аймақтарда ашылған осындай алғашқы оқу орны. Мен мектеп-интернатқа осы өлкенің тумасы, әйгілі батырымыз Бауыржан Момышұлының есімін беруді ұсынамын. Осындай Бауыржан мектептері барлық аймақта ашылуы керек. Үкімет бұл мәселені пысықтайды. Біз жас ұрпаққа сапалы білім беріп, оларды отаншылдыққа тәрбиелеуіміз қажет», – деген еді.
Әрине, Мемлекет басшысының бұл сөзі – елдік мүддені көздеген, тарихи жауапкершілігі зор, тағылымы терең шешім. Президенттің бұл ұсынысы – тек атау беру ғана емес, ұлттық сананы жаңғыртуға, жас ұрпақты Отанды сүюге, ел тағдырына бейжай қарамауға тәрбиелейтін маңызды қадам. Бүгінгі мектеп партасындағы оқушы – ертеңгі ел қорғаны.
Қорыта айтқанда, болашақта Бауыржан Момышұлының атымен аталатын мектеп-интернаттан шыққан түлектер батыр рухын бойына сіңіріп, мемлекетке адал қызмет ететін азамат болып қалыптасады деп сенеміз.

Жұматай КӨКСУБАЙ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.