Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

«Қазақстан үшін жаңа экономикалық мүмкіндік»

0 38

Мұқаш ЕСКЕНДІРОВ,
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты

Президент сұхбатында Қазақстанның болашақ дамуы үшін шешуші мәнге ие бірқатар стратегиялық бағыттарды айқын атап өтті. Мемлекет басшысы сенімді әрі тұрақты энергия көзінсіз еліміз экономиканың жаңа технологиялық үлгісіне өте алмайтынын қадап айтты. Осы тұрғыда атом электр станцияларын салу – тек энергия тапшылығын шешу емес, сонымен қатар техникалық интеллигенцияның жаңа буынын қалыптастыруға жол ашатын маңызды қадам.

Президенттің айтуынша, уран өндірісі бойынша әлемде көш бастап тұрған Қазақстанда бірде-бір атом электр станциясының болмауы – тарихи олқылық. Ал бірнеше атом станциясын салу еліміздің халықаралық беделін нығайтып, мемлекеттік саясаттың түпкі мәнін өзгертеді.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қазақстан үшін жаңа экономикалық мүмкіндік – жер қойнауындағы сирек кездесетін металдар екенін атап өтті. Алдағы бес жылда бұл ресурстарға деген әлемдік сұраныс екі есеге артады. Осыған байланысты Қазақстан сирек минералдар қоры бойынша жаһандық көшбасшылар қатарына қосыла алады. Бұл бағытта еліміз АҚШ, Қытай, Ресей, Оңтүстік Корея, Жапония және Еуропа Одағы елдерімен стратегиялық әріптестікті күшейте бастады.
Президент экономиканы өркендетуде кәсіпкерлердің рөлі айрықша екенін атап өтіп, мемлекет әрдайым ұлттық буржуазияның заңды мүддесін қорғауға ниетті екенін жеткізді. Дегенмен, кейбір ірі бизнес өкілдерінің саяси ойындарға әуес болуы мен мемлекет қолдауын қалыпты құбылыс ретінде қабылдауы сынға алынды. Мемлекет басшысы кәсіпкерлерге қоғам игілігіне қызмет ету – міндет емес, мәртебелі парыз екенін еске салды. Осы ретте әлеуметтік жауапкершілік танытқан азаматтарды қолдау мақсатында «Мейірім» ордені енгізілетінін мәлімделді.
Президент Қаңтар оқиғасына байланысты сот процестері мен тергеу жұмыстары әлі де жалғасып жатқанын атап өтті. Тергеуге қатысқан барлық тараптарға ризашылығын білдіре отырып, Мемлекет басшысы бүліктің ұйымдасқан түрде бір мезетте бірнеше қалада болғанын, оның мемлекеттің тұтастығына тікелей қатер төндіргенін еске салды. Кейбір азаматтардың бұл оқиғалардың шынайы себеп-салдарын әдейі бұрмалап жүргенін де ашық айтты.
Заңсыз активтерді елге қайтару мәселесіне де ерекше көңіл бөлінді. Бас прокуратураның мәліметінше, олигополия өкілдерінен 1,3 триллион теңгеден астам қаражат өндіріліп, оның басым бөлігі мемлекет қазынасына түскен. Бұл қаржы есебінен ел бойынша жүздеген әлеуметтік, медициналық, білім беру және инфрақұрылымдық нысандар салынып жатыр. Президент бұл жұмыстың әлеуметтік әділдікті қалпына келтіруге бағытталған мемлекеттік ұстаным екенін баса айтты.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл функцияларын ҰҚК-ға беру шешімінің мәнін түсіндірген Мемлекет басшысы бұл қадам сапалы әрі нәтижелі күрес жүргізуге мүмкіндік беретінін атап өтті. Жемқорлықпен күрес мемлекеттік саясаттың басым бағыты болып қала беретінін жеткізді.
Әлеуметтік салаға қатысты реформалар да назардан тыс қалмады. Президент білім беру мен денсаулық сақтау салаларындағы қаржыландыру тетіктерін қайта қарау қажеттігін, жеке мектептер мен медициналық мекемелер қызметін цифрландырудың маңызын айтты. Сонымен қатар медициналық туризмнің дамып келе жатқанын, Қазақстанға шетел азаматтарының ем алу үшін келіп жатқанын жеткізді. Мемлекет мұғалімдер мен медицина қызметкерлерінің жалақысын бірнеше есе өсіріп, олардың қоғамдағы мәртебесін көтергенін де атап өтті.
Бұл сұхбат Мемлекет басшысының ел дамуына қатысты ұстанымдарының жүйелі, нақты әрі ұзақмерзімді стратегияға негізделгенін тағы бір мәрте көрсетті.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.