Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Жылқы жылындағы жарқын оқиғалар

0 36

1. Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 35 жыл (16.12.1991 ж.).
2. Қазақстан Республикасы қос палаталы Парламентінің құрылғанына – 30 жыл (1996 ж.).
3. Алматы қаласындағы «Тәуелсіздік» монументінің ашылғанына – 30 жыл (16.12.1996 ж.).
4. Қазақ халқына ұлы нәубет әкелген Ашаршылыққа – 105 жыл (1921 жылы басталған).
5. Қазақстанда Біріккен Ұлттар Ұйымымен бірлескен Экологиялық саммит өтеді (сәуір айы).
6. Республикалық «Жас Алаш» газетінің алғашқы санының шыққанына – 105 жыл (21 наурыз 1921 ж.). Жастар газетіне «Жас Алаш» деп ат қойған – жалынды қазақ жастарының жетекшісі, Түркістан коммунистік жастар одағы орталық комитетінің мүшесі Ғани Мұратбаев.
7. Баку қаласында өткен Түркі елдерінің І съезіне 100 жыл толады (23 наурыз 1926 ж.). Съезге Әлихан Бөкейханов бастаған Қазақстан делегациясының құрамында Нәзір Төреқұлов, Біләл Сүлеев, Елдес Омаровтар болған.
8. М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрына – 100 жыл (10.01.1926 ж.) Алғашқы қойылған спектакльдер – К.Кемеңгеровтің «Алтын сақина», М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек» қойылымдары. Алғашқы ұйымдастырушы директоры – Алаш арыстарының бірі Дінше (Дінмұхаммед) Әділов.
9. «Қазақ радиосының» алғашқы хабар таратқанына – 105 жыл. Бірінші хабар эфирге 1 қазан 1921 жылы Орынбордан шыққан.
10. Мәскеуде өткен ең алғашқы Қазақстан әдебиеті мен өнері күндеріне – 90 жыл (1936 ж.).
11. Ұлы Отан соғысының басталғанына – 85 жыл (22.06.1941 жыл).
12. Желтоқсан оқиғасына – 40 жыл (16-17 желтоқсан 1986 жыл).
13. Чернобыль атом электр стансасындағы апатқа – 40 жыл (26 сәуір 1986 жыл).

14. Семей полигонының жабылғанына – 35 жыл. Сынақ полигонын жабу туралы Жарлыққа 29 тамыз 1991 жылы қол қойылды.
15. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құрылғанына 35 жыл (1991 ж.).
16. Әз-Наурыз мерекесінің елімізде қайта жаңғырып, тойлана бастағанына 35 жыл толады (1991 жыл).
17. Сарыарқаның сырлы шежіресін жалғап келе жатқан «Орталық Қазақстан» газетінің алғашқы санының шыққанына – 95 жыл (04.10.1931ж.). Газеттің негізін қалауға Ғ.Мұстафин, Ә.Әбішев, С.Ерубаевтар үлес қосқан.
18. Қазақ мемлекеттік Ұлттық университетіне ұлы философ, энциклопедист ғалым Әл-Фараби есімінің берілгеніне – 35 жыл (23.10.1991 жыл).
19. Қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіровтің ғарышқа ұшқанына – 35 жыл (2 қазан 1991 жыл). (Т.Мұсабаев – шілде, 1994 ж., А.Айымбетов – қыркүйек, 2015 ж.).
20. Қазақстанның Халық Қаһарманы, полиция капитаны Ғазиз Байтасовтың бейбіт күндегі ерлігіне – 15 жыл және туғанына – 55 жыл (03.04.1971-12.11.2011 ж).
21. Астанадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкалық драма театрының ашылғанына – 35 жыл. Театр 1991 жылдың 15 қарашасында Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері-Ақтоқты» спектаклімен ашылды.
22. Әлемде алып держава атанған КСРО мемлекетінің ресми тарқағанына – 35 жыл (25 желтоқсан 1991 жыл).
23. Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының құрылғанына (ШОС) – 25 жыл (2001 ж.).
24. Қазақстан Республикасы тұңғыш Президентінің алғашқы ұлықтау рәсімінің (инаугурация) өткеніне – 35 жыл (10.12.1991 ж., Алматы қаласы).
25. Қазақстан Республикасының Президенті Телерадиокешенінің өз жұмысын бастағанына – 30 жыл (29.12.1996 ж.).
26. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің ашылғанына – 30 жыл (23 мамыр 1996 ж.).
27. «Шалқар» радио каналының ашылғанына – 60 жыл (1966 ж.).
28. Шу ауданның құрылғанына – 95 жыл (1931 ж.).
29. Асқар Тоқпанов атындағы академиялық Жамбыл облыстық қазақ драма театрының құрылғанына – 90 жыл (05.01.1936 ж.).
30. Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінің ашылғанына – 95 жыл (1931 ж.).
31. Жамбыл аудандық «Шұғыла-Радуга» газетінің шыға бастағанына 60 жыл толады (01.07.1966 ж.).
32. Облыстық «Jambyl-Taraz» газетіне – 30 жыл (16.02.1996 ж.).
33. Жамбыл медициналық колледжінің ашылғанына – 90 жыл (12.02.1936 ж.).
34. Тараздағы «Золотой караван» туристік компаниясының құрылғанына – 20 жыл (2006 ж.).
35. 31 тамыз бен 6 қыркүйек аралығында Қырғызстан Республикасында Дүниежүзілік Көшпенділер ойыны өтеді.
36. XXV қысқы Олимпиада ойындары Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында 6-22 ақпан аралығында спорттың 16 түрінен өтеді.
37. Америка, Мексика және Канада елдерінде футболдан әлем чемпионаты өз жалауын көтереді. Әлемдік футбол додасына қатысатын 48 команда АҚШ-тың – 11, Мексиканың – 3 және Канаданың 2 қаласында ойнайды деп күтілуде.
38. Эстония Республикасында футболдан 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында Европа чемпионаты басталады.
39. Ересектер арасында бокстан Азия чемпионаты өтеді.
40. Нобель сыйлығының алғаш рет тапсырылғанына – 125 жыл (10.12.1901 ж.).
41. «МузАрт» тобының құрылғанына – 25 жыл (2001 жылдың сәуір айында Алматы қаласында құрылған).
42. Кеңес Одағының Батыры, тұңғыш ұшқыш-космонавт, майор Юрий Гагариннің ғарышқа ұшқанына – 65 жыл (12.04.1961 ж.).
43. Ұлы ойшыл, тарихшы, әдебиетші Мұхаммед Хайдар Дулатидің қайтыс болғанына – 475 жыл (1499-1551 ж.ж.).
44. Қазақ Ордасындағы ең ұлы хандарының бірі, ұлтымыздың даңқты перзенті Абылай ханның туғанына – 315 жыл (1711-1781 ж.ж.).
45. Жоңғар басқыншылығына қарсы күрестегі атақты батыр, қолбасшы Саңырық батырдың (Тоқтыбайұлы) туғанына – 335 жыл (1691-1740 ж.ж.).
46. Қазақтың аты аңызға айналған көрнекті қолбасшысы Наурызбай батырдың (Құттымбетұлы) туғанына 320 жыл – (1706-1781 ж.ж).
47. Әйгілі Бөлтірік шешеннің (Әлменұлы) туғанына – 255 жыл (1771-1845 ж.ж.).
48. Есімі еліне белгілі Сыпатай батырдың туғанына – 245 жыл (1781-1867 ж.ж). Бір деректерде Сыпатай батырдың 1782 жылы туылғандығы көрсетіледі.
49. Халық батыры, ұлт-азаттық көтерілістің саяси көсемі Исатай Таймановтың туғанына – 235 жыл (1791-21.06.1838 ж.).
50. Атақты күйші, композитор, Жетісу күй мектебінің негізін салушылардың бірі Байсерке Құлышұлының туғанына – 185 жыл (1841-1906 ж.). Жамбыл облысы, Қордай өңірінде туған.
51. Жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың дүниеге келгеніне – 180 жыл (28.02.1846-22.06.1945 ж.).
52. Абайдың тұңғыш ұлы, ақын Ақылбайдың туғанына – 165 жыл (1861-1904 ж.ж). 43 жасында Семейде қайтыс болған. Ақылбай Абайдың бәйбішесі Ділдәдан туған.

53. Атақты әнші, композитор Майра Уалиқызының (Шамсутдинова) туғанына – 165 жыл (1861-1927ж.ж). Кереку қаласында дүниеге келген әнші Майра 37 жыл ғана өмір сүрген. Қай жерде жерленгені белгісіз.
54. Аты аңызға айналған Бармақ ақынның дүниеге келгеніне – 160 жыл (1866-1937 ж.ж.).
55. Аса көрнекті мемлекет қайраткері, Алаш партиясының жетекшісі, Алашорда Үкіметінің төрағасы, публицист, ғалым, аудармашы Әлихан Бөкейхановтың туғанына – 160 жыл (05.03.1866-27.09.1937 ж). Ә.Бөкейхановтың арғы атасы – атақты Барақ сұлтан. Қазақтың соңғы хандарының бірі Бөкей хан – осы Барақ сұлтанның баласы. Семей облысында дүниеге келген.
56. Алаш қайраткері, ғалым, драматург, жазушы, журналист Көкше (Қошмұхамбет) Кемеңгеровтың туғанына – 130 жыл (15.07.1896-21.12.1937 ж.).
57. Кемеңгер ойшыл, фольклортанушы, этнограф, философ, тарихшы, этнограф, қазақ мәдениеті мен әдебиетінің биік тұлғасы Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлының дүниеден өткеніне – 95 жыл (1856-27.11.1931 ж.).
58. Ұлтымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің қайтыс болғанына – 65 жыл (28.09.1897-27.06.1961 ж.).
59. Даңқты ұшқыш, Ресей Батыры, Қазақстанның Халық қаһарманы, 21 жасында Отан үшін опат болған Бақтыораз Шәмпекұлы Бейсекбаевтың ерлікпен қайтыс болғанына – 85 жыл (1920-06.06.1941 ж.).
60. Жауырыны жерге тимеген даңқты палуан Қажымұқан Мұңайтпасовтың туғанына – 155 жыл (07.04.1871-12.08.1948 ж.).
61. Қазақтан шыққан тұңғыш заң магистрі, Алаш зиялысы, қайраткер Жақып Ақпаевтың туғанына – 150 жыл (25.10.1876-04.07.1934 ж.). 1903 жылы Санкт-Петербург университетінің заң факультетін І дәрежелі дипломмен бітірген заңгер.
62. Рухы биік жырау, термеші, халық ақыны, көптеген жыр-дастандардың авторы әрі орындаушысы Қазанғап Байболұлының туғанына – 135 жыл (1891-1945 ж.).
63. Қазақ АССР Орталық Атқару комитетінің төрағасы болған аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Ұзақбай Жылдарбайұлы Құлымбетовтың туғанына – 135 жыл (05.03.1891-21.03.1938 ж.). «Халық жауы» деген жаламен атылып кеткен.
64. Көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, «Алаш» партиясы мен «Алашорда» қозғалысы жетекшілерінің бірі, қазақтың тұңғыш математигі, профессор, ғұлама ғалым, белгілі ағартушы, қазақ тіліндегі тұңғыш «Жоғарғы математика курсы» оқулығының авторы Әлімхан Әбеуұлы Ермековтың туғанына – 135 жыл (1891-20.06.1970 ж.).
65. Даңқты күрішші, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Ыбырай Жақаевтың туғанына – 135 жыл (16.05.1891-19.09.1981ж.). Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Қызыл ту ауылында туған.
66. Жетісу өңірінің аяулы перзенті, Алаш ардақтысы, ағартушы, ақын, композитор Қапез Байғабылұлының туғанына – 130 жыл. Қапез 1896 жылы қазіргі Алматы облысы, Райымбек ауданы, Тоғызбұлақ ауылдық аумағына қарасты Ақтоғай деген жерде дүниеге келген. 1937 жылы «халық жауы» болып ұсталып, 1939 жылы Коми АССР-інің Ухта қаласында қайтыс болған. Халық құрметтеп, Қапездің атын да атамай «Қапем» деп атаған екен.
67. Ұлттық театр өнерінің негізін қалаушылардың бірі, өнер саңлағы, Социалистік Еңбек Ері, үш мәрте Ленин орденінің кавалері, Халық әртісі Серке Қожамқұловтың туғанына – 130 жыл (05.05.1896-31.12.1979 ж.).
68. Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері, «Малшылардың маршалы» атанған шопан ата Жазылбек Қуанышбаевтың туғанына – 130 жыл (29.03.1896-01.09.1986 ж.).
69. Қоғам қайраткері, Қазақстанда колхоз құрылысын алғаш ұйымдастырушылардың бірі, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Нұрмолда Алдабергеновтің туғанына – 120 жыл (20.12.1906-17.11.1967 ж.). Алматы облысы, Кербұлақ ауданы, Қарағаш ауылында туған.
70. Атағы жер жарған актер, әні әлемді шарлаған композитор, дауысы дүниені теңселткен әнші, дәулескер күйші, Қазақ ССР-нің Халық әртісі (1938 ж.) Манарбек Ержановтың туғанына – 125 жыл (08.03.1901-14.11.1966 ж.).
71. Әскери қайраткер, қазақ офицерлері арасынан шыққан тұңғыш генерал-майор Шәкір Жексенбаевтың туғанына – 125 жыл (28.02.1901-23.02.1988 ж.). Генералдық атаққа Кеңес Одағының Маршалы, екі мәрте Кеңес Одағының батыры Константин Рокосовский ұсынған. Мәскеу қаласындағы Кунцово зиратына жерленген.
72. Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, селекционер ғалым, биология ғылымдарының докторы, Қазақ ССР Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Кәрім Мыңбаевтың туғанына – 120 жыл (15.08.1906-30.09.1948 ж.).
73. Ұлтымыздың аса дарынды ақын қызы, Қазақстанның Халық жазушысы, «Құрмет белгісі» орденінің кавалері Мариям Хакімжанованың туғанына – 120 жыл (16.12.1906-1986 ж.).
74. Ұлттық музыка өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан және қазақтың кәсіби музыка өнерінің негізін қалаушылардың бірі, әйгілі композитор, Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, өнертану ғылымының докторы, академик Ахмет Жұбановтың туғанына – 120 жыл (29.04.1906-30.05.1968 ж.).
75. Әл-Фарабиді атажұртымен таныстырған ғұлама ғалым, Фарабитану ғылымының негізін салған Ақжан Жақсыбекұлы Машановтың туғанына – 120 жыл (02.11.1906 -02.05.1997 ж.).
76. Белгілі жазушы, айтулы аудармашы, журналист, Ұлы Отан соғысына қатысушы Сейітжан Омаровтың туғанына – 120 жыл (22.06.1906-19.12.1985 ж.) .
77. Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университетінің тұңғыш ректоры, көрнекі қоғам қайраткері, Алаш арыстарының бірі Әшір Бүркітбаевтың туғанына – 115 жыл (17.12.1906-ақпан 1938 ж.). Бүгінде Сарысу ауданындағы бұрынғы Түркістан ауылы Ә.Бүркітбаев атымен аталады.
78. Ұлы Отан соғысының қаһарманы, Кеңес Одағының Батыры, атақты снайпер Ыбырайым Сүлейменовтың туғанына – 115 жыл (1911-15.10.1943 ж.).
79. Әйгілі 28 панфиловшы дивизиясының 1075 атқыштар полкының саяси жетекшісі, Кеңес Одағының Батыры, «Шегінерге жер жоқ, артымызда – Москва!» деген ұранды сөздің иесі Василий Клочковтың туғанына – 115 жыл (08.03.1911-16.11.1941 ж.).
80. Қазақтың біртуар дауылпаз ақыны, Ұлы Отан соғысына қатысушы Қасым Аманжоловтың туғанына – 115 жыл (10.10.1911-18.01.1955 ж.). 1938 жылы тұңғыш өлеңдер жинағы «Өмір сыры» деген атпен жарық көрген.
81. Атақты театр және кино актері, опера әншісі, Қазақстанның Халық әртісі Қаукен (шын аты Әбдірахым) Кенжетаевтың туғанына – 110 жыл (26.04.1916-15.03.2008 ж.).

82. Қазақ жастары арасының шыққан тұңғыш КСРО спорт шебері және ұлттық бокстың атасы атанған Шоқыр (Шохр) Бөлтекұлының туғанына – 110 жыл (29.10.1916-06.04.1994 ж.).
83. Айтулы актриса, халық әндерін тамылжыта орындаушы әнші, Қазақ ССР-інің Халық әртісі, Еңбек Қызыл Ту орденінің кавалері Рахия Қойшыбаеваның туғанына – 110 жыл (15.10.1916-26.02.1963 ж.).
84. Айтулы қазақ ақыны, Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Ұлы Отан соғысының ардагері, екі мәрте «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі», І және ІІ дәрежелі Отан соғысы ордендерінің кавалері Хамит Ерғалиевтің туғанына – 110 жыл (14.10.1916-13.12.1997 ж.).
85. Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, айтулы заңгер, заң ғылымдары докторы, профессор, Ұлттық ғылым академиясының академигі Салық Зиманұлы Зимановтың туғанына – 105 жыл (02.04.1921-04.11.2011ж.).
86. Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, талантты дипломат Балжан Бөлтірікованың туғанына – 105 жыл (15.11.1921-11.05.1998 ж.). Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Қасық ауылында туған. Б.Бөлтірікова Қазақ ССР-інің Сыртқы істер министрі бола жүріп, Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас ассамблеясына қатысқан алғашқы қазақстандық дипломат және БҰҰ-ның жоғары мінберіне көтерілген әлемдегі бірінші әйел және алғашқы қазақ қызы.
87. Алматы қаласының көркейуіне аса зор үлес қосқан мемлекет және қоғам қайраткері, 1960-1973 жылдары аралығында Алматы қалалық атқару комитетінің төрағасы болған Есен Дүйсеновтың туғанына – 105 жыл (1921-1983 ж.).
88. Аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Қызылорда, Жамбыл облыстық партия комитеттерінің бірінші хатшысы, Қазақ ССР Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары, Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің хатшысы және Бюро мүшесі, СОКП-ның ХХІІІ, ХХІV съездері мен Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің бірнеше шақырылымының депутаты Мұстақым Біләлұлы Ықсановтың туғанына – 100 жыл (30.03.1926-18.11.1991 ж.).
89. Атақты кинорежиссер, Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген өнер қайраткері, «Менің атым Қожа» фильмінің қоюшы режиссері Абдолла Қарсақбаевтың туғанына – 100 жыл (02.10.1926-02.08.1978 ж.).
90. КСРО және Қазақ ССР-інің Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Социалистік Еңбек Ері, дүлдүл опера әншісі Ермек Серкебаевтың туғанына – 100 жыл (04.07.1926-16.11.2013 ж.).
91. Қазақ журналистикасының дамуына аса зор үлес қосқан ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Темірбек Қожакеевтің туғанына – 100 жыл (17.12.1926-29.12.2003 ж.).
92. Аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақ ССР-інің Мәдениет министрі, этнограф, тарих ғылымдарының кандидаты, ұлттық руханияттың дамуына өлшеусіз үлес қосқан өзегі мықты Өзбекәлі Жәнібековтің туғанына – 95 жыл (28.08.1931-24.02.1998 ж.).
93. Ақиық ақын, жазушы, талантты аудармашы Мұқағали Мақатаевтың дүние есігін ашқанына – 95 жыл (9.01.1931-27.03.1976 ж.).
94. Аса көнекті театр және кино актрисасы, Қазақ ССР Халық әртісі Зәмзәгүл Шәріпованың туғанына – 95 жыл (31.08.1931-14.07.2018 ж.).
95. Асқан талантты кино және театр актері, педагог, Қазақ ССР Халық әртісі Ыдырыс Ноғайбаевтың туғанына – 95 жыл (15.05.1931-01.09.1989 ж.).
96. Аса дарынды кино және театр актрисасы, КСРО және Қазақ ССР Халық әртісі, КСРО және Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты Фарида Шәріпованың туғанына – 90 жыл (16.12.1936-24.09.2010 ж.). Қытай Халық Республикасында туған.
97. Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақстанның Халық жазушысы Әбіш Кекілбаевтың туғанына – 90 жыл (06.12.1936-11.12.2015).
98. Көрнекті ақын және жазушы, қоғам қайраткері, белгілі дипломат, Қазақстанның Халық жазушысы, Қазақстанның Еңбек Ері Олжас Сүлейменов 90 жасқа толады (18.05.1936 ж.).
99. Әскери және қоғам қайраткері, Ішкі істер органы генерал-майоры, Қазақ ССР Жоғары Кеңесінің депутаты Мұрат Қалматаевтың туғанына – 90 жыл (08.09.1936-16.06.2016 ж.).
100. Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, дипломат, талантты журналист Алтынбек Сәрсенбайұлының қайтыс болғанына – 20 жыл (12.09.1962-11.02.2006 ж.).

ЕСКЕРТУ: бұл мәліметтерге кейбір айтулы даталар мен белгілі тұлғалардың кірмей қалуы әбден ықтимал. Сондықтан оған үлкен түсіністікпен қараған абзал.

Жинақтаған мемлекеттік қызмет ардагері,
зейнеткер Қырғызәлі ТІЛЕУОВ

Астана қаласы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.