Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Аудан әкімдеріне артылар жауапкершілік жоғары

0 28

Қала әкімдігінің мәжіліс залында 2026 жылдың алғашқы аппарат кеңесі өтті. Жиында Әулиеата және Жібек жолы аудандарының әлеуметтік-экономикалық жоспарлары мен түйіні шешілмеген мәселелері талқыға түсті.

Кеңесте сөз алған Әулиеата ауданының әкімі Барлық Төреханов өткен жылдың көрсеткіштеріне тоқталды. 273 766 тұрғыны бар аудан халқы үшін негізгі мәселенің бірі санитарлық тазалықты сақтамау болып отыр. Осы кемшілікті жою үшін аудан басшысы 2026 жылға арналған жоспары бойынша аумақта тұрмыстық қатты қалдық тастайтын алаңдардың және контейнерлер санын көбейтпек. Жалпы, ауданда 303 қоқыс алаңы, 1 225 контейнер бар. 2025 жылы оның 100-іне кеңейту жұмыстары жүргізілген. Сондай-ақ 150 қоқыс контейнері жаңадан қойылған. Көше бойындағы аялдамалар мен саябақтарға 750 жаңа үлгідегі қоқыс тастау жәшіктері орналастырылған.

Алайда Әулиеата ауданы аумағында абаттандыру, санитарлық тазалау және көгалдандыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп отырғанын айтқан әкімнің сөзін үлкен экраннан көрсетілген слайдтағы суреттер растамады. Осыған байланысты қала әкімі Бақытжан Орынбеков 2026 жылдан бастап тазалықты қадағалаумен айналысатын 100 адамды жұмысқа қабылдап, аумақтық инспекторларымен бірлесе белгіленген көше, парк, скверлерде тиісті жұмыстар атқаруды нықтап тапсырды.
Сонымен қатар биыл аудан аумағынан өтетін, ұзындығы 6,3 шақырым болатын «Левобережный обводной канал» және ұзындығы 2 шақырым «Сеңкібай» каналын қоршау жұмыстары жоспарланған. 5 жоба бойынша балалар алаңшасын орнату, кіші футбол алаңшасын салу, жаңадан қосылған елді мекендер мен қала аумағына 60-қа жуық аялдама орнату көзделген. 52 ірі кәсіпкерлік нысанның алдын абаттандыру және автотұрақтарын ретке келтіріп, жолақтарын сыздыру да жоспарда көрсетілген. Бұдан бөлек, Жамбыл, Төңкеріс, Гамелей, С.Койбақов, Қ.Сәтбаев, А.Асқаров, Көшек батыр көшелерінде 206 аула және 18 көшеге түнгі жарық шамдары орнатылып, мүлдем ауызсу желісі жүргізілмеген «Новоджамбулец» алабына тіршілік нәрі тартылады деп күтілуде. 30 жоба аясында 60 көшеге орташа жөндеу және 6 жаяу жүргіншілер жолына ағымдағы жөндеу де биылға арналған жоспарда қарастырылыпты.
Келесі кезекте сөз алған Жібек жолы ауданының әкімі Қарлығаш Аралбекова ауданда 2026 жылы атқарылатын жобаларды атап өтті. Аудан әкімінің сөзіне сүйенсек, биыл Жібек жолы ауданында 42 көшеде жол құрылысын жүргізу, 35 көшені жарықтандыру, 8 балалар ойын алаңшасын салу, жоспарланып отыр екен. Аудан аймағы бойынша 78 аялдама орнатып, «Таза көше, үлгілі аула» акциясын өткізу, 5 000-ға жуық түп ағаш отырғызу, «Үздік абаттандырылған кәсіпкерлік нысан» байқауын ұйымдастыру да қарастырылыпты. Сондай-ақ 33 қоқыс алаңшасын салу, «Сұлутөр», «Талас», «Жалпақтөбе» алабтарының каналдарын механикалық тазалаудан өткізу және елді мекендердегі көрнекі ақпарат құралын ретке келтіріп, заңдастыру жоспарда бар көрінеді.
Жиын соңында екі аудан басшысы аймақта қордаланып қалған мәселелерді қала әкімінің назарына ұсынды. Шаһар басшысы Бақытжан Орынбеков көтерілген мәселелер бойынша жауапты сала басшыларына сауал қойып, жуық арада шешімін табуды тапсырды.

Тараз қаласы әкімдігі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.