Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Ербол Қарашөкеев Тараз қаласының халқымен кездесті

0 59
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің 2025 жыл бойы тұрғындармен өткізген кездесулері Тараз қаласында қорытындыланды.
Мемлекет басшысының «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес өңір басшысы облыс орталығы – Ықылас Дүкенұлы атындағы мәдениет үйінде қала тұрғындарымен жүздесті.
Басқосуда Мемлекет басшысы айқындап берген міндеттер аясында өңірдің тұрақты дамуын қамтамасыз ету және халықтың тұрмыс сапасын арттыру бағытында атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларға кеңінен талқыланды.
Ербол Қарашөкеев өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуында Тараз қаласының алатын орны ерекше екенін атап өтті.
Сонымен қатар «Ұлы дала» шағынауданындағы электр энергиясы мәселесі, «Жасыл ел» мекемесінің қызметі, көпқабатты тұрғын үйлердің инженерлік желілері мен шатырларының тозуы, азық-түлік бағасының тұрақтылығы, туристерді тарту, отбасы институтын қолдау, құқықбұзушылықтың алдын алу және өзге де түйткілдер бойынша проблемаларға назар аударып, ала әкімі мен салаға жауапты орынбасарларынан жауап алды.
Бұдан бөлек, облыс орталығындағы Әулиеата және Жібек жолы аудандары әкімдерінің алдында тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған маңызды міндеттер тұрғанын еске салды.
– Жаңадан құрылған аудандарда шешімін күтетін мәселелер жеткілікті. Санитарлық тазалықты қамтамасыз ету, тұрмыстық қалдықтарды уақытылы шығару, заңсыз саудаға тосқауыл қою, коммуналдық шаруашылықтағы түйткілдер әлі де өзекті. Қоғамдық демалыс орындарының – саябақтар, скверлер мен аллеялардың жағдайы сын көтермейді. Абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарының қарқыны төмен. Бар инфрақұрылымды тиімді пайдалану және күтіп-ұстау талапқа сай жүргізілмей отыр. Тұрғындар тарапынан айтылып жатқан сын-ескертпелер орынды. Әр аудан әкімдігі жедел әрекет етіп, нақты әрі нәтижелі шешімдер қабылдауы тиіс. Халықпен ашық байланыс орнатып, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру – негізгі міндет, – деді Ербол Қарашөкеев.
Негізгі баяндамалардан кейін тұрғындардың талап-тілектері тыңдалды. Өтініштер қатарында қоғамдық көлік қозғалысын реттеу, көшелерді орташа жөндеу, ҰОС ардагеріне көше атауын беру, мектеп асханасын жөндеу, көшелерді жарықтандыру, балалар ойын алаңшалары мен спорт кешендерін салу, жаңа аялдамалар орнату мәселелері көтерілді.
– Қалада тұрғын үй, жылумен қамту, көше инфрақұрылымы мен жарықтандыруға қатысты бірқатар мәселе барын жоққа шығармаймыз. Бұл түйткілдерді өзім де жақсы түсінемін. Дегенмен оларды бір мезетте толық шешу мүмкін емес, оған уақыт пен қаржы қажет. Тұрғындардың ұсыныс-тілектерін орындау бойынша жұмыстар жүйелі түрде жүргізіледі. Себебі бір жылы көшелерді жөндеп, жарықтандыруды жаңартып, келесі жылы сол аумақты қайта қазып, жылу немесе су желілерін жүргізу – орынсыз шығын. Сондықтан барлық жұмыс кезең-кезеңімен, өзара үйлестіріле отырып атқарылуы тиіс, – деді өңір басшысы.
Кездесу аяқталған соң Ербол Қарашөкеев азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Айта кетейік, 2025 жылы облыстағы барлық деңгейдегі әкімдер халықпен 756 кездесу өткізді. Нәтижесінде 42 мыңнан астам тұрғын қамтылып, 2 530 түрлі сұрақ пен ұсыныс көтерілді. Оның 1 150-і оң шешімін тапса, 640-ына түсініктеме берілді, қалған 770 мәселе бақылауға алынды.
Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.