Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қоғамдық тәртіп қырағы бақылауда

0 279

Бейбіт күнде ел тынышын күзетіп, тұрғындардың алаңсыз өмір сүруі үшін құзырлы сала қызметкерлеріне артылған жауапкершілік жоғары. Халық сенімін арқалаған қырағы мамандық иелері облыс орталығындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуде аянбай еңбек етуде. Жалпы мемлекет тарапынан сала қызметкерлеріне көңіл бөлініп, қажетті реформалар іске асуда. Саладағы жаңалықтар мен жаңашылдықтарды білу мақсатында қалалық полиция бөлімінің бастығы Ардақ Мадимаровпен тілдескен едік.

– Ардақ Тілегенұлы, әңгімемізді өзіңіздің салаға келуіңізден бастасақ. Полиция болу бала арманыңыз ба?
– «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген сөз бар. Жалпы біздің отбасымыз – құқық қорғау саласының династиясы. Әкем бұл салада ұзақ жылдар бойына қызмет етіп, бүгінде зейнетте. Ал 16 жасар ұлым менің жолымды қуып, құқық қорғау саласының маманы боламын деп отыр. Бұл шешімді ол бала күнінен қабылдаған болатын. 1993 жылы аттестатты қолға алып, Алматы қаласына оқуға түстім. Қазір оқу орны ҚР ІІМ академиясы болып аталады. Менің қызметтік мансабымда баспалдақтар көп болды. Бірден басшы болып салаға келмедім. Еңбек жолым туған жерімде басталды. Өз кезегінде қалалық полиция бөлімшесінің қылмыстық-іздестіру бөлімінде, Жамбыл облысының ІІБ 2-полиция бөлімінің қылмыстық-іздестіру бөлімшесі бастығының орынбасары, ІІД Криминалдық полиция басқармасының жеке адамға қарсы қылмыстарды ашу бөлімі аса қауіпті қылмыстарды ашу бөлімшесінің бастығы, сосын ІІД Криминалдық полиция басқармасының бастығы қызметтерінде жұмыс істедім. Осы жылдың көктемінде аталмыш бөлімге басшы болып тағайындалдым.
– Жалпы құқық қорғау саласының жұмысы ешбір графикке бағынбайтын жұмыс кестесімен, тәуліктің кез келген уақытында орын алатын келеңсіз жағдайлармен тікелей байланысты. Ал осы орайда салада үздік полицей болып, отбасына да үлгеру қаншалықты қиын?
– Мен тұрмыстағы барлық қыз-келіншектерге медаль тағу керек деп ойлаймын. Ал полицейдің жары болу – мүлдем басқа деңгей. Шыны керек, құқық қорғау саласында жұмыс істейтін кез келген азамат өз басын қатерге тігіп, қылмыс болған оқиға орнына бірінші болып барады. Олардың шаңырағындағы ата-ана баласы үшін, жары жұбайы үшін, балалары әкелері үшін, туысқандары бауырлары үшін жандарын шүберекке түйіп отыратыны сөзсіз. Мен өзімнің жарыммен 2000 жылдары жұмыс барысында таныстым. Қылмескердің ізіне түсіп, қылмысты ашу барысында өзге қалаларға апталап, айлап кететін кездер көп болды. Тіпті өзімнің туған күндерімді үйде тойламаған күндер де аз емес. Есімде қалғаны, 30 жасқа толған туған күнімде Атырау қаласында адам өлтірген қылмыскерді ұстағанмын. Ол бір уақытты тіпті есіме алғым келмейді. Кез келген қиындықты әйелім менімен бірге болып, бірге жеңдік. Мен қай уақытта, қай жақтан келсем де, мені жылы үйде күтетін жандардың барын білемін. Полицейдің әрбір күні, тіпті сағаты қауіпке толы. Кейде жұмыстағы қиындықтар бірінің үстіне бірі қарбаласып кеткенде, мені жақсы көретін, күтетін жандардың бары жаныма қуат береді.
– Қиындығы мен қызығы қатар жүретін саладағы жастарға отбасылық мәселеде қандай кеңес берер едіңіз?
– Менің орынбасарым Семейхан Молданұлы біздің саладағы нәзікжандыларға тұрмысқа шығатын кезде құқық қорғау саласының азаматтарын таңдауға кеңес береді. Себебі ер азаматтардың жұмысын көп қыз-келіншектер түсінбей, үйренулері қиын болып жатқандығын көз көріп жүр. Ал аруларға ер азаматы саланы түсінбей, оның ішінде жүріп, бар қиындығын көріп білмесе, отбасы болулары қиынға соғады. Ерлі-зайыптылар бір арнада болмаса, бірін-бірі түсінулері қиын. Мен де бұл ойға келісемін. Полицей жұмысқа кеткен кезде тілеуін тілеп, аман-есен оралғанын күтетін жанның болғаны қашанда жанға жылу береді. Бұл жылулық жұмысқа да өзінің септігін тигізеді. Кейбір қызметкерлердің жарлары жұбайларына «күні-түні үйде болмайсың, бала тәрбиесіне көңілді дұрыс бөлмейсің» деп те ренжіп жатады. Бірақ қызметкерлер жұмыстан қолдары қалт еткенде, уақытын отбасына бөледі.
– Бүгінгі таңда салада жастардың үлесі қандай?
– Жалпы саланың 70 пайызы – он жылдам астам тәжірибесі бар мамандар. Олардың 286-сы жастар, олардың еңбек өтілі бес жылдан енді асқандар. Биылдың өзінде 58 жас жұмысқа орналасты. Маман тапшылығы жағынан мәселе жоқ. Зейнетке шыққан сала мамандарының орнын қайсарлы, қайратты жастар басуда. Бүгін қызметке келген маманның көзінен от көргенде, көкірегіңді мақтаныш кернейді. Біздің жұмысқа ынта-жігері мен «ыстық қан» қажет. Сондықтан да біздің қатардағы азаматтар рухани тұрғыдан да, физикалық тұрғыдан да салада мықты.
– Қала өмірінде қоғам тыныштығын бұзатын жағдайлар жиі кездеседі. Келеңсіз жағдайлармен күрес қалай жүргізілуде?
– Қалалық полиция бөлімі қоғамдық тәртіп және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жоспарға сәйкес бірқатар кешенді шаралар түзілген. Облыс орталығында өткізілген рейдтік жұмыстар мен «Нөлдік төзімділік», «Құқықтық тәртіп» және тағы да басқа жедел алдын алу іс-шараларының нәтижесінде ағымдағы жылдың 10 айында Тараз қаласында қоғамдық орындарда орын алған қылмыстар саны 13,9 пайызға төмендеген, оның ішінде көшедегі қылмыс 21,3 пайызға азайды. Одан басқа, жедел жағдайға байланысты орын алған қылмыстардың талдауына сәйкес, кешенді полиция күштерінің жоспарына өзгерістер енгізіліп, патрульдік аумақтарда алдын алу іс-шаралары өткізілді. Нәтижесінде полиция қызметкерлерімен 1987 қылмыс ашылса, оның ішінде жол-патрульдік полиция қызметкерлерімен 62 қылмыс анықталды.
– Полицияның қоғамдық көмекшілері деген түсінік бар. Қылмысты құрықтауда осы белсенділермен қандай байланыс орнатылды?
– Аймақта қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларға азаматтарды тарту Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 9 шілдедегі «Қоғамдық тәртiптi қамтамасыз етуге азаматтардың қатысуы туралы» Заңына сәйкес жүргізіледі. Ішкi iстер органдарына жәрдемдесу ерiктi түрде жүзеге асырылады. Қазір облыста 1192 адамнан тұратын 301 қоғамдық құрылым қызмет атқарады.
– Азаматтардың қауіпсіздігі – қоғам қауіпсіздігі…
– Облыс аумағында азаматтардың қауіпсіздігін сақтауда өткізіліп жатқан «Қауіпсіз аумақ», «Құқықтық тәртіп», «Қауіпсіз жол» жедел алдын алу және тағы басқа да шаралар бар. Атап айтсақ, «Қауіпсіз аумақ» бағдарламасын іске асыру бойынша Жедел басқару орталығына қосылған қаладағы халық көп шоғырланған қоғамдық орындар, көше қиылыстары мен мектеп аулаларында 207 бейнекамера 68 бағытта орналасқан. Жол бойында 34 стационарлық «Автоураган» автоматтандырылған бағдарламалық кешені және қаланың 3 үлкен қиылысында «Зияткерлік көше қиылысы» автоматты жүйелері бар. Тараз қаласы аумағында учаскелік полиция мен жол-патрульдік полиция инспекторлары тарапынан 64 мобильдік топ жұмыс істейді. Олар бекітілген әкімшілік аумақтарында қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған үгіт-насихат материалдарын халыққа таратып, олармен түсіндіру жұмыстары жүргізуде. Осылайша, жыл басынан барлығы 28 үгіт-насихат материалдары таратылды. «Көршінің қадағалауы» сенім телефонына 31 әкімшілік құқық бұзушылық пен қылмыс туралы хабарлама келіп түсті.

– Әңгімеңізге рақмет.

Сұқбаттасқан
Арайлым Шабденова

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.