Қалалық қоғамдық-саяси газет

Әлеуметтік бағыт түсіндірілді

0 423

Қалалық ардагерлер кеңесінің бастауыш ардагерлер ұйымы ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауынан туындайтын міндеттер мен мақсаттардың шаһарда жүзеге асырылуын талқылады.

Толғанай Бекетқызы
Суреттерді түсірген Ю.Ефимов

Жиынды қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Күләш Әбдікешова алғы сөзімен ашып, саяси құжаттағы негізгі мәселелерге тереңірек тоқталып, ардагерлер кеңесінің атқарған жұмыстарын баяндады.
– Бұл жиынның үлкен салмағы бар. Өйткені сіздердің әрқайсыңыз Әулиеата өңірінің дамуына елеулі үлес қостыңыздар. Бүгінгі күні жасаған еңбектеріңіз әр деңгейде бағаланды. Бас құжатта баяндалған мәселелер қалалық ардагерлердің назарынан тыс қалмайды. Тараз қаласының 45 мыңнан астам ардагері Мемлекет басшысының Жолдауын үлкен ықыласпен қабылдады. Өз қызметінде әрқашан ашықтық принципін ұстанатын Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі таңда саяси әлеуметтік-экономикалық және рухани саладағы өзекті мәселелерді нақтылап, оларды тиімді шешу жолдарын белгілеп отыр. Қоғамның жаңа даму кезеңіндегі бағыт-бағдарын айқындаған Жолдау бағдарламалық құжат ретінде мемлекеттің келесі жылға арналған жол картасы секілді. Сонымен қатар онда өңір тұрғындарына әлеуметтік қолдау көрсету мәселелері де қарастырылды. Мәселен, жеке үй сатып алуға табысы жетпейтін азаматтарға әлеуметтік жалға алу жайында тұрғын үйге жайғасуға мүмкіндік беріледі. Осы мақсатта 2020 жылға қарай мемлекет 240 миллиард теңгеден аса қаржы бөледі. Бұған қоса, өңірлерге екі жыл ішінде тұрғын үй қорын жаңғырту мен жөндеу жұмыстарына бюджеттік несиелер түрінде 30 миллиард теңге бағытталған. Жалпы өңірді дамыту бюджеті 2022 жылға қарай 800 миллиард теңгеден асады. Ардагерлер арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізе отырып, Жолдаудың негізгі бағыттарын жүзеге асыруға біздің Ардагерлер кеңесінің мүшелері белсенді түрде атсалысатынына сенеміз. Жолдауда көрсетілгендей, заманауи тиімді мемлекет құру үшін барлығымыз бірлесе еңбек етуіміз керек. «Халқы тату-тәтті, саясаты салиқалы елдің ғана қазынасы қыруар, болашағы баянды болады. Ырыс-ынтымаққа жолығады, дәулет бірлікпен толығады» деп бекер айтылмаған, – деді қалалық кеңестің орынбасары.
Жолдауды талқылаған ардагерлер ҚР Президентінің кешенді жоспарын тілге тиек ете келе оны жалпы халық болып қолдау керектігін айтты. Әркім қолынан келген ісін тиянақты атқарып, елге, жерге жанашыр болса, ортақ мүддеге үлес қосқаны дейді ардагерлер.
Бұдан соң облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Марал Ділдәбекова жаңа үлгідегі атаулы әлеуметтік көмек туралы кеңінен баяндап, әлеуметтік саладағы болып жатқан өзгерістерді түсіндіріп берді. Қазыналы қариялар да сала өкіліне келер жылдан бастап көпбалалы анаға төленетін жаңа мемлекеттік жәрдемақы мен биылғы атаулы әлеуметтік көмектің қайта беріле ме, әлде жоқ па деген сауалдарын жаудырды.
– Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі атаулы әлеуметтік көмекті берудің қолданыстағы жүйесін өзгертетін заң жобасын әзірледі. Атаулы көмек алатын балалардың 60 пайыздан астамы – көпбалалы отбасылардан шыққандар. Сондықтан ведомство балаларға отбасының табысына қарамастан, бөлек жәрдемақы төлеуді ұсынып отыр. Осыған байланысты атаулы әлеуметтік көмекті көпбалалы отбасы құрамындағы балаларға табысқа қарамастан берілетін мемлекеттік жәрдемақыға ауыстыру ұсынылды. Бұл көпбалалы аналардың беделін мойындап, олардың әл-ауқатын арттыру жолы деген ойдамын. Көпбалалы отбасыларға берілетін жаңа мемлекеттік жәрдемақыны отбасы балаларының санына қарай 42500 теңгеден 73 мың теңгеге дейін сараланған. Сондай-ақ биылғы атаулы әлеуметтік көмек өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарға ғана тағайындалады делінген, – дейді Марал Аманжолқызы.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.