Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Жамбылда жетінші «Келешек мектебі» ашылды

0 82

Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында Жамбыл облысында 600 орындық жаңа білім беру мекемесі пайдалануға берілді.

Тараз қаласының Жібек жолы ауданына қарасты Шөлдала алқабында бой көтерген №70 орта мектептің салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімі Ербол Қарашөкеев қатысты.

Өңір басшысы құттықтау сөзінде жаңа оқу ордасынан терең білім алған, ойы сергек, мақсаты айқын, еліне адал қызмет ететін жас ұрпақ тәрбиеленіп шығатынына сенім білдірді.

– Мемлекет тарапынан білім беру саласына көрсетіліп жатқан қолдаудың нәтижесінде соңғы жылдары облыста ауқымды жұмыстар атқарылды. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында алты мектеп пайдалануға беріліп, мыңдаған оқушы қауіпсіз әрі қолайлы ортада білім алуда. Бұл жобаның жүзеге асуы арқылы облыста үш ауысымда оқыту мәселесі кезең-кезеңімен шешімін табуда. Бүгін сол игі бастаманың жалғасы ретінде тағы бір еңселі мектеп өз есігін айқара ашып отыр. Бұл – жас ұрпақтың сапалы білім алуына бағытталған маңызды қадам, – деді Ербол Қарашөкеев.

Аймақ әкімі мектеп ұжымына интерактивті тақтаның сертификатын табыстады.

Жаңа білім ошағы кең әрі жайлы, заманауи оқу құрал-жабдықтарымен толық қамтылған. Үш қабатты ғимаратта 33 оқу кабинеті, мәжіліс залы, асхана, екі спорт залы, STEM және робототехника кабинеттері, екі компьютер сыныбы, кітапхана, үш зертхана, үш шеберхана және бес коворкинг орталығы бар.

Қазіргі таңда мектепте 723 оқушы білім алып, 60-қа жуық педагог қызмет атқарады.

Жамбыл облысында білім беру саласында 25 млрд теңгеге 26 нысанның құрылысы жүргізілуде. Бүгінге дейін 11 жаңа мектеп пайдалануға берілді, соның ішінде бесеуі – «Келешек мектептері» жобасының талаптарына сай. Жыл соңына дейін тағы 2 нысанды аяқтау жоспарланып отыр.

Аталған құрылыс жұмыстары 1 үш ауысымды мектептің мәселесін шешуге, сондай-ақ 6 мектептегі орын тапшылығын жоюға және 6 ескі ғимараттың орнын алмастыруға мүмкіндік береді.

Қосымша 16 білім беру нысанына 11 млрд теңгеге күрделі жөндеу жасалды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.