Биыл 2010 жылдың 29 сәуірінде күшіне енген «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» Қазақстан Республикасының Заңына толықтырулар енгізілді. Осыған орай құнды құжатқа енген өзгерістер мен жаңашылдықтар туралы Тараз қаласы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Гүлназ Сматилдаевамен сұхбаттасқан едік.
– Гүлназ Есенғалиқызы, бұл жаңашылдықтың мақсаты неде?
– 2010 жылдың 29 сәуірдегі «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 21-бабына «Қазақстан Республикасы заңдарының талаптарын, қызметтік (лауазымдық, еңбек) міндеттерін орындау үшін, медициналық мақсаттарда, азаматтық қорғау үшін, ауа райы жағдайларында, сондай-ақ спорттық, спорттық-бұқаралық және мәдени-бұқаралық іс-шараларға тікелей қатысатын адамдарға қажет болатын жағдайларды қоспағанда, қоғамдық орындарда бет-әлпетті тануға кедергі келтіретін киім-кешекті киіп жүруге тыйым салынады» деген толықтыру енгізілді.
Заңнамадағы түзетулер 12 шілдеде күшіне еніп, қоғамдық тәртіпті сақтауға, яғни, полиция қызметкерлері адамды, оның ішінде бейнебақылау камерасының бейнежазбалары арқылы сәйкестендіріп анықтау мүмкіндігіне ие болуына бағытталған. Өйткені кей жағдайларда қылмыскерлер ұрлық, тонау, алаяқтық және басқа да заңсыз әрекеттерді жасау үшін қасақана бетті жауып тұратын киімді пайдаланады.
Бетті толығымен жабатын кез келген киімге немесе киім элементтеріне, соның ішінде маскалар, балаклавалар, никабтар, паранжалар, бурка және басқаларға тыйым салынды. Десе де тыйым салу ауа райы жағдайларына, медициналық көрсеткіштерге, Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын сақтауға, қызметтік және еңбек міндеттерін орындауға, азаматтық қорғаныс саласындағы іс-шараларға, спорттық және мәдени іс-шараларға қатысуға байланысты жағдайларға қолданылмайды.
– Бұл тыйымның ұлттық немесе діни киімге қандай қатысы бар?
– Байқасаңыз, толықтырулар «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» Қазақстан Республикасының Заңына енгізілген. Осымен-ақ барлығы айтылды дейік. Яғни, бұл шектеудің дәстүрлі, діни немесе ұлттық киімдерге тікелей қатысы жоқ. Хиджаб, хайла, химар және әл-амира рұқсат етілген. Қағидат бірдей, тек бет ашық болуы керек. Бұл тыйым сенімге немесе мәдениетке қарсы емес, адамдар өзара әрекеттесетін қоғамдық орындарда жеке ашықтықты қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл осы шараның таза әлеуметтік сипатта екендігін білдіреді.
– Мұндай тыйым қай елдерде бар?
– 2010 жылдардың басынан бері Еуропа, Африка және Азияның бірқатар елінде бетін жауып тұратын киіміне толық немесе ішінара заңмен тыйым салынған. Қазіргі уақытта бұл шаралар Италия, Франция, Бельгия, Дания, Австрия, Болгария, Испания, Нидерланд, Германия, Норвегия, Швейцария, Чад, Сенегал, Тунис, Қытай сияқты елдерде жүзеге асырылуда. Тәжікстан, Өзбекстан және Қырғызстан да қоғамдық қауіпсіздікке бағытталған осы шектеулерді енгізген. Мысалы, Чадта 2015 жылы паранжа киген террорист өзін-өзі жарып, 33 адамның өмірін қиған соң тыйым салынған болатын.
Айта кететін жайт, дәстүрлі мұсылман елі Мысырдың Білім министрлігі 2023 жылдан бастап мектептерде бетперде киюге тыйым салғанын хабарлады.
Бұл норма біздің елімізде алғаш рет «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» 2020 жылғы 25 мамырдағы Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабы, 3-тармағының 8) тармақшасында қолданылған. Онда бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушыға бейбіт жиналыстар өткізу кезінде денсаулықты сақтауға арналған жеке қорғаныш құралдарын қоспағанда, бет-әлпетін тануға кедергі келтіретін киім-кешекті және (немесе) өзге де заттарды пайдалануға тыйым салынған. Бұл да осы шараның қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталғанын растайды.
– Бұл шектеуді бұзғандарға қандай шаралар қолданылады?
– «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне енгізілген тиісті түзетулер Мәжілісте екінші оқылымда мақұлданды. Құжат енді Сенатқа, ал ол жақтан мақұлданса, Президентке қол қоюға жолданады. Жобада бірінші құқық бұзушылық үшін – ескерту, қайталап жасағаны үшін – 10 АЕК көлемінде айыппұл салынатыны айтылған. Бұл ағымдағы жылы 39 320 теңгені, ал 2026 жылы 43 250 теңгені құрайды.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ