Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Мемлекет басшысы энергетика саласы қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады

0 58
Ақордада өткен салтанатты жиында Қасым-Жомарт Тоқаев биыл Жұмысшы мамандықтары жылы аясында еңбек адамдарына ерекше құрмет көрсетіліп жатқанын атап өтіп, энергетика саласы мамандарын кәсіби мерекесімен құттықтады.

– Энергетика саласы – еліміз үшін стратегиялық маңызы бар сала. Тұрақты қуат көзі болмаса, қуатты мемлекет құру мүмкін емес. Энергетика саласында қызмет ету – еліміздің дамуына үлес қосу деген сөз. Себебі сіздер атқарып жатқан жұмыстың игілігін еліміздегі әр отбасы, әр адам көреді. Әрбір үйге жарық пен жылу беру – жауапкершілігі зор жұмыс. Қажырлы еңбектеріңіз үшін баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін, – деді Президент.

Президент: «Маңызды міндеттерді жүзеге асыру үшін энергетика саласын түбегейлі жаңғыртуымыз керек»

Мемлекет басшысы еліміздің өсіп-өркендеп келе жатқанына назар аударды.

– Біз экономиканы және инфрақұрылымды дамытуға баса мән беріп отырмыз. Заманауи өндіріс орындарын ашып жатырмыз. Еліміз жаппай цифрландыру және жасанды интеллект дәуіріне қадам басты. Қазақстан болашақта толыққанды цифрлық ел болуға тиіс. Осы мақсатқа жету үшін ауқымды жұмыс қолға алынды. Астанада Халықаралық жасанды интеллект орталығы құрылды. Жақында белгілі америкалық компанияның технологиясы бойынша жасалған суперкомпьютер іске қосылды. Жаһандық үрдістерге сай жаңа «дата-орталықтар» салынады, «бұлтты» инфрақұрылым қалыптасады. Әрине, мұның барлығы энергетика саласы үшін үлкен сынақ болмақ. Сондықтан осындай маңызды міндеттерді жүзеге асыру үшін энергетика саласын түбегейлі жаңғыртуымыз керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев: «Cоңғы алты жылда электр энергиясын өндіру 16 миллиард киловатт-сағатқа артты»

Президент қазір осы бағытта атқарылып жатқан нақты жұмыстарға тоқталды.

 – Cоңғы алты жылда электр энергиясын өндіру 16 миллиард киловатт-сағатқа артты. Бұл Қарағанды облысы сияқты өндірісі өркендеген аймақтың бір жылдағы қуат тұтыну көлемімен бірдей. Қазіргі кезде Қазақстанның электр энергетикасы жүйесіне жалпы қуаты 25 гигаваттан асатын 237 электр станциясы кіреді. Ал іс жүзінде қолданыстағы жалпы қуат көлемі – 21 гигаватт. Мемлекет жүргізіп отырған жүйелі шаралардың арқасында энергия нысандары мен инженерлік-коммуналдық желілердің орнықтылығы айтарлықтай күшейді. Өткен жылғы жылыту маусымында технологиялық ақаулар 27 пайызға қысқарды. Тоғыз жылу электр орталығы тәуекелдің «қызыл» аймағынан шықты, ал үш станция «жасыл» аймаққа өтті, – деді Мемлекет басшысы.

Президент: «2030 жылға дейін кемінде 200 нысанға реконструкция жасалады, 86 мың шақырым желі жаңарады»

Бұл орайда Қасым-Жомарт Тоқаев инфрақұрылымды қалыпты деңгейде ұстап тұру үшін «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы іске қосылғанын еске салды.

– Соның нәтижесінде үш жыл ішінде тек кәсіпорындардың күрделі жөндеу жұмыстарына 900 миллиард теңгеден астам жеке инвестиция тартылды. Бұл жұмыстың қарқынын бәсеңдетпеу керек. Алдымызда сенімді әрі заманауи энергетика инфрақұрылымын қалыптастырып, экономиканың дамуына тиісті жағдай жасау міндеті тұр. Осы орайда Үкімет «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» жөніндегі ұлттық жобаны іске асыра бастады. Оның аясында 2030 жылға дейін кемінде 200 нысанға реконструкция жасалады, 86 мың шақырым желі жаңарады. Үкіметке еліміздің энергетикалық әлеуетін ұдайы арттыру міндеті жүктелді. Бұл – Қазақстанның экономикалық дамуын одан әрі табысты жүзеге асыру үшін аса маңызды. Еліміз экспорттық әлеуеті зор энергетикалық державаға айналуы керек, – деді Мемлекет басшысы.

Президент салада таяу жылдары атқарылатын нақты жұмыс бағыттарын атап өтті

– Қазақстанның энергетикалық әлеуетін нығайту – басымдыққа ие міндет. Биыл батыс аймақтардың электр желісін күшейтетін бірегей жоба аяқталады. Бұл жоба Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау облыстарының энергетикалық тораптарын біріктіреді. Енді осы тораптарды бірыңғай ұлттық энергетика жүйесіне жалғау қажет. Елімізде басқа да ірі жобалар қолға алынып жатыр. Атап айтқанда, Екібастұздағы екінші ГРЭС-те жаңа энергоблоктар салынады. Сондай-ақ үшінші ГРЭС-тің құрылысы басталмақ. Бұл нысандар еліміздегі энергетика жетіспеушілігін жоюға тиіс. 2026 жылы Алматыдағы электр станцияларын жаңғырту – Үкімет пен әкімдік алдында тұрған маңызды мақсат. Сол арқылы ауаның ластану деңгейін төмендетіп, қаланың экологиялық ахуалын жақсарту қажет. Бұған қоса, келесі жылы Қызылорда және Түркістан облыстарында бу-газ қондырғысы бар электр станцияларын толық іске қосу керек. Біз 2035 жылға дейін 26 гигаваттан астам қуат көзін өндіретін нысандарды іске қосуды жоспарлап отырмыз, – деді Мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысы: «Қазақстан – көмірге бай ел. Осы стратегиялық артықшылықты дұрыс пайдаланған жөн»

Президенттің пікірінше, Қазақстанның табиғи ресурстарын және өндірістік әлеуетін ескерсек, біз электр қуатын басқа елдерден сатып алмауымыз керек.

 – Түптеп келгенде, бұл – ұлттық қауіпсіздік мәселесі. Бұдан бөлек, еліміздің зор энергетикалық мүмкіндігін тиімді қолдану қажет. Мысалы, Қазақстан – көмірге бай ел. Жыл сайын 110 миллион тоннадан астам көмір өндіріледі. Осы стратегиялық артықшылықты дұрыс пайдаланған жөн. Біз заманауи үлгідегі «таза көмір» технологиясына тезірек көшуіміз керек. Сол арқылы көмір станцияларының тиімділігін арттыра түсеміз. Бұдан бөлек, Курчатов қаласында жылу электр станциясын, Көкшетау, Семей, Өскемен қалаларында жылу электр орталықтарын салу қажет. Осы нысандардың барлығына «таза көмір» технологиясын енгізу керек. Шындығын айтсақ, бұл жобалардың жүзеге асуы әбден созылып кетті. Енді ары қарай күтуге болмайды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент: «Энергетика секторындағы жаңартылатын қуат көздерінің үлесі 7 пайыздан асты»

Мемлекет жаңартылатын энергия көздерін дамытуға да тиісті көңіл бөлініп жатқанын жеткізді.

 – Еліміздегі көмір қоры – шамамен 33 миллиард тонна. Соған қарамастан, біз жаңартылатын қуат көздерін дамытуға баса назар аударып отырмыз. Соңғы 5 жылда осы салаға 2,5 миллиард долларға жуық инвестиция салынды. Соның нәтижесінде энергетика секторындағы жаңартылатын қуат көздерінің үлесі 7 пайыздан асты. Экологиялық тұрғыдан таза энергия өндірісін одан әрі дамыту үшін әлемдік ең үздік компаниялармен әріптестік орнаттық, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазақстанның энергетикалық картасында атом станциясының пайда болуы ел экономикасының жаңа әрі сапалы деңгейге көшкенін білдіреді»

Мемлекет басшысы қазір бүкіл әлем түбегейлі бетбұрыс кезеңін бастан өткеріп жатқанын алға тартып, атом станциясының құрылысын бастау туралы стратегиялық шешімнің маңызына назар аударды. Президенттің пайымдауынша, бұл болашақта еліміздің энергетикалық келбетін түбегейлі өзгертіп, экономикамызды қайта құруға ықпал етеді.

– Балқаш атом электр станциясының құрылысы, одан кейінгі салынатын екінші АЭС Қазақстанның энергетикалық әлеуетін арттыратыны сөзсіз. Сондай-ақ ядролық энергетика сияқты маңызды салада жаңа бағыттардың дамуына септігін тигізетін болады. Қазақстанның энергетикалық картасында атом станциясының пайда болуы ел экономикасының жаңа әрі сапалы деңгейге көшкенін білдіреді. Жалпы, дүние жүзінде болып жатқан ауқымды өзгерістердің энергетика саласына ықпал ететіні сөзсіз. Әлемде қуат көздеріне қызу тартыс жүріп жатыр десек, артық болмайды. Бұған сақадай сай дайын болғанымыз жөн. Мемлекет энергетика мамандарының жаңа буынын даярлап, осы саланың әлеуетін арттыра береді, – деді Президент.

Мемлекет басшысы ресурстарды үнемдеп пайдалануға шақырды

Президенттің айтуынша, азаматтарымыз да бұл мәселеге жауапкершілікпен қарауы керек.

– Электр қуаты, жылу және су – тұрмысқа аса қажетті игіліктер. Соның бәрін үнемдеп, ақылмен пайдаланған абзал. Жалпы, бұл – тұтас экономикаға ортақ талап. Ысырапшылдыққа жол беруге болмайды. Халқымыз «Үнемшілдік – ырыстың кілті» деп бекер айтпаған. Біз осы қасиетті ұлттық дағдымыз етіп, қоғамда мүлдем жаңа мәдениет қалыптастыруымыз керек. Сіздердің қажырлы қызметтеріңіз – еліміздің энергетикалық дербестігінің мызғымас кепілі. Әділетті, Таза, Қуатты Қазақстанда өздеріңіз сияқты еңбек адамдары ең жоғары сый-құрметке лайық, – деді Мемлекет басшысы.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.