Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Солақайлықтың сыры неде?

0 81

Адам жаратылысының әрбір ерекшелігі – Ұлы Жаратушының өлшеусіз құдіретін паш ететін хикмет. Сол ерекшеліктердің қатарына солақайлық та жатады. Ғылыми тұрғыдан алғанда солақайлық – ми жартышарларының функционалдық айырмашылығына байланысты туатын табиғи құбылыс.

Ресми деректерге сүйенсек, бүгінгі әлем халқының шамамен 10-12 пайызы солақай. Яғни, әрбір оныншы адам – ойлау жүйесі, кеңістікті қабылдауы өзгеше қалыптасқан тұлға. Тарихи деректерде де, қазіргі зерттеулерде де бұл топтың жеке қабілеттері жиі атап өтіледі.
Ғалымдардың пайымдауынша, солақай адамның миы ақпаратты өңдеу барысында екі жартышарды бірдей белсенді қолданатын жағдайлар жиі кездеседі. Бұл олардың логикалық әрі креативті ойлауға бейім болуына ықпал етеді. Кейбір нейропсихологиялық зерттеулер солақай адамдардың есте сақтау қабілеті, бейнелік қабылдауы және кеңістікті бағдарлауы жоғары болуы мүмкін екенін көрсетеді. Мұның барлығы адамның белгілі бір қабілеттерге бейімділігін арттырып, оның даралығын күшейтеді. Дегенмен, Ислам ғалымдары солақайлықты кемшілік емес, табиғи жаратылыс, адамға Алла тарапынан берілген болмыс деп түсіндіреді. Құранда «Біз әр нәрсені бір өлшеммен жараттық» деген аят осы ерекшеліктің кездейсоқ емес екенін көрсетеді.
– Солақайлық – адамның бойына табиғи түрде берілген ерекшелік. Пайғамбарымыз (с.а.у.) күнделікті өмірде оң қолды қолдануды үйреткен, бірақ табиғатынан солақай болып туған адамға қысым көрсетуге болмайды. Баланың сол қолын күштеп өзгерту – оның жүйке жүйесіне зиян келтіруі мүмкін және психологиялық тұрғыдан дұрыс емес. Солақайлықты «сый» ретінде қабылдап, оның қабілеттерін дамыту – нағыз парасаттылық, – дейді ҚР Діни басқармасы әйел-қыздар секторы жетекшісі, ұстаз Жазира Иманалиева.
Ислам ғұламаларының айтуынша, адамның қай қолын қолдануы маңызды емес. Негізгі мән – ниет пен амал тазалығы. Хадисте айтылғандай, «Істің сауабы – істің ниетінде».

Яғни, сол қолмен жасалған жақсы іс те Алла разылығына жеткізеді. Солақайлық – кемшілік емес, керісінше адамның шығармашылық және интеллектуалдық қабілеттерін ашуға мүмкіндік беретін даралық белгісі. Имамның сөзіне сүйенсек, солақайлықты дұрыс бағалай білсе, қоғам адам даралығын мойындайды, бала өз қабілетін толық ашады. Алланың әр пендеге берген сыйын сыйлау – адамның парасаты мен мәдениетінің белгісі.
Жыл сайын 13 тамызда бейресми түрде «Халықаралық солақайлар күні» (International Lefthanders Day) атап өтіледі. 1984 жылы ЮНЕСКО 13 тамызда Солақайлар күнін атап өту туралы шешім шығарған. Мұндағы көзделетін негізгі мақсат – сол қолын көбірек пайдаланатын адамдарға әлем назарын аударту және олар үшін арнайы өнімдерді жасап шығаруды қолға алу. Тарихтан орта ғасырларда солақайларды жезтырнақ немесе қара сиқырмен айналысатындар деп отқа өртегені мәлім. Қазір де бірқатар мемлекеттерде солақай балаларды күштеп оң қолмен жазуға мәжбүрлейді.
Халықаралық солақайлар күнін атап өтудің мақсаты да – осындай келеңсіз жағдайлардың алдын алу. Шешім қабылданғаннан кейін алғашқы онжылдықта мереке ауқымды түрде тойланбаған екен. Әлем ұзақ уақытқа дейін Солақайлар күніне назарын аудармай келді. Кейбір мәліметтерге қарағанда алғашқы Солақайлар күні 1976 жылы 13 тамызда «Lefthanders International» ұйымының ұйымдастыруымен атап өтілген. Енді бір деректер алғашқы Солақайлар мерекесі 1992 жылы 13 тамызда ағылшын солақайлар клубының ұйымдастыруымен тойланғанын айтады. 1991 жылғы АҚШ-тағы зерттеулерге қарағанда оңқайларға қарағанда солақайлар түрлі жаңа құрылғылардан зардап шегіп, кей жағдайларда соның кесірінен қайтыс болады екен.
Зерттеушілердің пікірінше, солақайлар жер шарындағы адамдардың шамамен 15 пайызын құрайды немесе әр 7 адамның бірі солақай. Солақайлар тамақ, жазу, басқа да қолмен атқарылатын істің барлығын сол қолмен орындайды. Сондықтан өмірде бірқатар қиыншылықтарға тап келеді. Мысалы, жазу құралдары, компьютер тінтуірі, асхана жиһаздары және басқа да түрлі бұйымдар оңқайларға арнап шығарылады.
Көбінесе әйелдерге қарағанда ерлер солақай болады екен. Солақайлар ең көп кездесетін мекен – Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Азия, Шығыс Еуропа, Австралия мемлекеттері. Жер шарының солтүстікке қарағанда оңтүстік бөлігінде солақайлар көп кездеседі. Қазіргі күнде жер бетіндегі солақайлар саны 1 миллиардқа жақын екен. Еуропадағы туған сәбилердің 10 пайызы солақай боп өседі. Жыл сайын солақайлардың саны көбейіп келе жатыр. Сондықтан Халықаралық солақайлар күні миллиондардың мерекесі десек, қателеспейміз. Солақай балалар артист, суретші, жазушы сияқты өнер адамдары болуға бейім. Олар қылыштасу өнерімен, үстел теннисімен де көбірек айналысады. Сондай-ақ оңқайларға қарағанда солақайлардың арасында жоғарғы санаттағы мамандар көп кездеседі.
Психологтардың айтуынша, солақайлар мінезді және зор шығармашылық мүмкіндіктерге ие болады екен. Мәселен, қазақтың біртуар композиторы, дирижер Нұрғиса Тілендиев те – солақай. Ал әлем ғылымының дамуына елеулі үлес қосқан әйгілі өнерпаз Леонардо да Винчи де осы тізімді бастайды. Ол сурет салу мен жазуда айнадай кері жазуды көп қолданған, бұл әдіс оның ерекше когнитивтік қабілеттерін айқын көрсетеді. Сонымен қатар ХХ-ХХІ ғасырдың дамуына ықпал еткен тұлғалардың қатарында да солақайлар аз емес. Мәселен, компьютерлік индустрияның ірі қайраткерлерінің бірі – Билл Гейтс, әлемдік медиа кеңістікте орны бөлек – Опра Уинфри, заманауи коммуникациялардың жаңа бағытын қалыптастырған Марк Цукерберг те солақай екені баршаға белгілі. Сол сияқты әлемге әйгілі Аристотель, Марк Твен, Леонардо да Винчи, Бетховен, Пол Маккартни, Мерилин Монро, Роберт де Ниро, Юлий Цезарь, Александр Македонский, Наполеон Бонапарт, Уинстон Черчилль, Исаак Ньютон, Буонароти Микеланжело, Вольфганг Амадей Моцарт, Людвиг Ван Бетховен, І Петр, Чарли Чаплин, Джим Кэрри, Том Круз, Билл Гейтс, Брэд Питт, Киану Ривз, Микки Рурк, Сильвестр Сталлоне, Брюс Уиллис, Анжелина Джоли, Николь Кидман, Деми Мур, Джулиан Мур, Джулия Робертс, Франц Кафка, Джеймс Кэмерон, Уильям ханзада, Виктория ханшайым, Уинстон Черчилль және Жанна Д’Арктар солардың қатарында.
АҚШ президенттері – Джеральд Форд, Рональд Рейган, Үлкен Джорш Буш, Билл Клинтон, Барак Обамалар да солақай адамдар қатарына жатады. Атақты Фидель Кастро да солақай болған. Өнер саласында солақайлықтың шығармашылыққа бейімділігі жиі атап өтіледі. Музыка әлеміндегі аңыз тұлғалардың бірі – Пол Маккартни гитараны сол қолымен ұстайтын ерекше техникасымен танылған. Ал электр гитараның жаңаша мүмкіндігін ашқан Джими Хендрикс те – солақайлардың қалың тобының өкілі. Олардың орындауындағы өзгеше дыбыс, композиция құру тәсілдері солақайлыққа тән ерекше моторика мен интуитивті қабілеттердің нәтижесі ретінде қарастырылады.
Спорт саласында да солақайлардың артықшылығы байқалады. Жекпе-жек өнерінде сол қолмен соққы жасау қарсыластың тосын әрекетке тап болуына әкелетін стратегиялық басымдық саналады. Әлемге танылған кәсіпқой боксшы Мэнни Пакьяо осы ерекшеліктің арқасында бірқатар айырмашылықтарға ие болған. Теннис спортында да солақай ойыншылардың доп беру бағыты өзгешелігімен ерекшеленеді. Бұл тұрғыда Рафаэль Надальдың сол қолмен ойнауы оның ойын мәнерін мүлдем ерекше деңгейге көтергені белгілі.
Зерттеулерге назар аударсақ, солақай адамдардың басым бөлігі бала кезінен-ақ күрделі тапсырмаларды орындауда өзіндік тәсіл қолдана бастайды. Академиялық сипаттағы бірқатар еңбектерде солақайлардың шамамен 20 пайызында жоғары интеллект белгілері байқалатыны көрсетілген. Бұл дерек олардың ерекше дарынын дәлелдемесе де, ойлау жүйесінің өзгешелігіне байланысты артықшылықтарын көрсетеді. Әсіресе, шығармашылық, музыка, инженерия, архитектура, дизайн салаларында солақайлар жиі табысқа жететіні туралы халықаралық талдаулар бар.
Осы тұрғыдан алғанда солақайлық – адамның жеке болмысына берілген ерекше жаратылыс. Қоғамдағы кейбір түсініктерге қарамастан, бұл құбылысты кемшілік ретінде қабылдау – ғылыми да, діни де негізі жоқ көзқарас. Керісінше, солақай адамның қабілетін дұрыс танып, дамыту – оның өзін-өзі жүзеге асыруына мүмкіндік беру. Жаратушы әр пендеге өзіндік жол, ерекше қабілет берген. Солақайлық та – сондай даралықтың бір сызығы.
– Солақайлық – кемшілік емес, керісінше, мидың екі жартышарын тең дәрежеде қолдануға мүмкіндік беретін дарын. Солақай балалар көбіне кеңістікті, форманы, түсті қабылдауда, бейнелерді есте сақтауда озық келеді. Сондықтан ата-аналар мен мұғалімдер баланың табиғи қолына қысым көрсетпеуі керек. Керісінше, сол қолын қолдану арқылы шығармашылық қабілеттерін дамытуға бағыт беру маңызды, – дейді психолог Әнел Қалдыбек.
Маман атап өткендей, солақайлардың ойлау жүйесі бағыттық емес, кеңістіктік сипатқа ие. Олар стандартты тәсілдерден тыс шешім қабылдауға бейім, бұл әсіресе шығармашылық пен проблеманы шешу қабілетінде көрінеді. Психологтар солақайлардың психологиялық дамуына қоғамдағы қате түсініктер теріс әсер етуі мүмкін деп ескертеді. Мысалы, «сол қол сәтсіз» деген пікір балада өзін-өзі бағалау сезімін төмендетуі мүмкін. Әнел Бауыржанқызының пікірінше, солақайлық – дарын. Егер оны дұрыс бағалап, қолдау көрсетсе, адам өз қабілеттерін толық аша алады. Солақайлықты дамыту – бұл тек психологиялық тұрғыдан ғана емес, адамның шығармашылық және интеллектуалдық дамуы үшін де маңызды.
Солақай адамның әлемді өзге қырынан көруі, заттарды өзгеше ұстауы, ойлау бағытының басқаша болуы – құдіреттің әр адамға сыйлаған сан түрлі бояуының бірі. Біреу оң қолымен еңбек етіп табысқа жетсе, біреу сол қолымен өнер тудырып әлемге танылуы мүмкін. Болмысқа салынған бұл айырмашылықтар адамзат өркениетінің байлығын арттырып, қоғамның дамуына өзіндік үлес қосып келеді. Осылайша, солақайлық – даралықтың белгісі, адам жаратылысының өзгеше қыры. Бұл қасиет – «сый» да, құдірет те. «Сый» – адамға табиғи түрде берілген ерекшелік, құдірет – оны жаратқан Алланың өлшеусіз мүмкіндігі. Солақай адамның болмысын қабылдап, оның табиғи қабілетін құрметтеу – кез келген қоғамның мәдени тереңдігін танытады.

Арайлым ШАБДЕНОВА

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.