Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Көне шаһардың жер көлемі ұлғайды

0 78

Қалалардың өркендеуі олардың аумақтық көлемімен, инфрақұрылымдық әлеуетімен және урбанистикалық саясаттың жүйелі жүргізілуімен тығыз байланысты. Бұл тұрғыдан алғанда өңірлік деңгейдегі маңызды экономикалық әрі әлеуметтік орталықтардың бірі саналатын Тараз қаласы үшін жаңа аумақтарды игеру, халық санының өсуіне бейімделу және инфрақұрылымға түсетін жүктемені оңтайландыру стратегиялық маңызы жоғары міндеттердің қатарында екені белгілі.
Соңғы жылдары көне шаһардың даму қарқыны артып, қала жаңа өрлеу кезеңіне қадам басты. Осы үдерісте Тараздың аумақтық шекарасын кеңейту өңір үшін айрықша мәнге ие мемлекеттік шешім болды. Бұл қадам қаланың болашақта ықпалды урбанистикалық орталық ретінде қалыптасуына, тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға және жаңа экономикалық мүмкіндіктерді жүзеге асыруға берік негіз қалайды.

Осы ретте ҚР Үкіметінің 2024 жылғы 29 қарашада қабылданған №1014 қаулысы – көне шаһар тарихындағы жаңа кезеңнің бастауы.
– Бұл қаулыға сәйкес, Тараз қаласының шекарасы кеңейтіліп, Жамбыл және Байзақ аудандарынан 14 елді мекен қала құрамына енгізілді. Аталған өзгеріс облыс орталығының кеңістіктік, демографиялық әрі экономикалық дамуына тың серпін беріп, жаңа жоспарлау міндеттерін айқындап көрсетті.
Атап айтсақ, Жамбыл ауданынан Жамбыл, Қаратөбе, Гродеково, Қарой, Бесағаш, Полатқосшы және Ақбұлым ауылдық округтерінің аумақтарынан 11 145,5 гектар жер қала шекарасын өтті. Ал Байзақ ауданынан Қостөбе, Ботамойнақ, Қызылжұлдыз және Бурыл ауылдық округтерінен 1 761,2 гектар жер көне шаһарға қосылды. Осының нәтижесінде Тараз қаласының жалпы аумағы бұрынғы 18 787 гектардан айтарлықтай ұлғайып, 31 693,7 гектарға жетті, – дейді қала әкімдігі жер қатынастары бөлімінің басшысы Нұржан Бекежанов.
Шаһар аумағының кеңеюі, ең алдымен, инженерлік инфрақұрылымды жетілдіруге, жаңа тұрғын үй аймақтарын қалыптастыруға, сондай-ақ өндірістік және әлеуметтік нысандарды тиімді орналастыруға кең өріс ашады. Қосылған жаңа аумақтарда жол-көлік желісін дамыту, тұрғын үй құрылыстарын салу, мектептер мен денсаулық сақтау мекемелерін тұрғызу арқылы көне Тараздың келбеті жаңаша сипат алып, заманауи талаптарға сай түрлене түспек.
Бұдан бөлек, бұл өзгеріс қаланың ұзақ мерзімді стратегиясына жаңа қарқын беріп, перспективті құрылыс аймақтарын игеруге әрі өңірдің экономикалық әлеуетін арттыруға арналған жоспарларды іске асыруға зор мүмкіндік ұсынады.
Қала аумағына жаңа елді мекендердің қосылуының нәтижесінде көне шаһарда Әулиеата және Жібек жолы деп аталатын екі аудан құрылды. Қазіргі таңда Әулиеата ауданында – 238 мың, Жібек жолы ауданында – 242 мыңнан астам тұрғын тұрмыс кешуде. Осылайша бүгінде қала халқының саны 480 мыңнан асып отыр. Осы өзгерістердің арқасында қаланы басқару бұрынғыдан да оңтайлы әрі тиімді болып, жаңадан қосылған аумақтар шаһарға жаңа экономикалық мүмкіндіктер әкеліп, кәсіпкерліктің дамуына, жұмыс орындарының артуына және инфрақұрылымдық жобалардың кеңеюіне серпін беруде.
Бүгінде Әулиеата ауданының №1 округ аумағына Жамбыл даңғылының басынан бастап, Төле би даңғылы, Тәуке хан көшесі, Жамбыл даңғылынан Ы.Сүлейменов көшесінің соңына дейінгі аралық, сондай-ақ «Астана» (12) шағынауданы, «Дорожник», «Төрткөл», «Бектөбе», «Қызылшарық» алқаптары, «Новоджамбулец» саяжайы және «Химпоселок» аймағы кіреді. Ал аталған ауданның №2 округіне «Ұлы дала» және «Сәулет» шағынаудандары, «Тастақ», «Родничок», «Ақ жол», «Қайнар» «Бурыл», «Хамукат», «Гидрокешен» алқаптары және Жамбыл даңғылының бір бөлігі, №3 округіне Абай, Жамбыл, Төле би даңғылдары, сондай-ақ А.Асқаров, Ақша батыр, Қапал, Көшек батыр, Көшеней, Сыпатай батыр, Қолбасшы Қойгелді, А.Сухамбаев, А.Пушкин, Ш.Мұртаза, Желтоқсан, Сырым Датұлы, К.Рахмати, Е.Қашағанов, Т.Ақбозов, Б.Құлжабаев, Ж.Қасымбеков, З.Ярошбаева, Тахир Шасайдов, Мәмбет батыр, Майкөт ақын, Тоқберген Сабатаұлы, Т.Тоқтаров, Ә.Молдағұлова, Х.Мұқан, Пирогов, Сеңкібай батыр, Ы.Сүлейменов, Лысенко, К.Асқарбаев, Х.Бектұрғанов, Береговая, К.Қазиев, Молодогвардейская көшелері мен олардың бұрылыстары кіреді. Сонымен қатар осы округке «Телеорталық», «Төңкеріс», «Қызыл жұлдыз» тұрғын алқаптары және «Рассвет», «Проектировщик», «Жігер» саяжайлары қарайды.
Сондай-ақ осы ауданның №4 округі Абай даңғылы, М.Мәметова, Байзақ батыр, В.Маяковский көшесі 1, 2-бұрылыстарымен, Байзақ батыр көшесінің 1, 3-бұрылыстары, В.Талалихин, Громов, Тұрғынбек Жанқоразов, Н.Фазлаев, Махмұд Қашқари, А.Петров, Қолбасшы Қойгелді, Ә.Әйтиев, Е.Демесінов, И.Черняховский, Желтоқсан, Клуб көшесінің 1-бұрылысы, Ташкент, Қ.Сағындықов, Балуан Шолақ, Б.Бұлқышев, Алтай, Больничный, Ә.Дүйсебаев, И.Панфилов, Ә.Комратов, М.Х.Дулати, Левашов, С.Дәненұлы, Айтеке би, Жамбыл даңғылы, Т.Әлімқұлов, С.Тәкенов, Қазыбек би, Қылышбай ақын, Т.Ыбраев, Қарахан, Буденный, Бабушкин, Бульвар, Короленко бұрылысы, Паравоз, Привокзальная, Майқы би, Школьный бұрылысы, И.Франко, І.Есенберлин, Водопьянова, Саид Махмуд Ат-Тарази, С.Ақкозиев, Халел Досмұхамедұлы, Өзбек, Есей би, Нахимов, Наманган, Байкент, М.Заурбеков, Е.Өтеулиев, Б.Адамбаев, Электрический бұрылыстары, Серов, Осипенко, Громов, Акқошқар әулие, Төле би, Сыпатай батыр, 1 мамыр, Балуан Шолақ, Ж.Дүрімбетов, Ы.Сүлейменов, Е.Ниетқалиев, Ә.Сәрсенбаев, Репин, К.Глинки, Сеченов, М.Жүнісалиев, Т.Пірімқұлов, Ә.Еспаев, Станционный бұрылысы, Бульвар, Д.Қонаев, Сәмен Дәненұлы, Олег Кошевой, Попов, Западная, Артем, Павлов, Канавский өтпе жолы, Канавский тұйық көшесі, Ақмола, Саухымбек Тұрысбеков, Шалкиіз жырау, Ә.Қайназаров көшелерін қамтиды.
Ал аталмыш ауданның №5 аумақтық округіне «Ақбұлақ» (1), «Қаратау» (2), «Жайлау» (3), «Салтанат» (4), «Қарасу» (5), «Самал» (7), «Мыңбұлақ» (9), «Аса» (10), «Жансая» (11) шағынаудандары мен «Қарасу», «Көктем», «Көк кілем» тұрғын алқаптары тиесілі.
Жібек жолы ауданы да 5 аумақтық округтен құралған. Кеңірек тоқталсақ, №1 округінің аумағына Айша бибі, Байзақ батыр көшесі А.Комратов көшесінің қиылысынан бастап соңына дейін, Ә.Комратов көшесі, С.Сейфулин көшесі, М.Лермонтов көшесі. «Алатау» (8), «Бәйтерек» (13), «Талас» (6) шағынаудандары және «Тайвань», «Көктем», «Арай», «Арай-2», «Әуежай» тұрғын алқаптары қарайды.
Сондай-ақ №2 округі «Қызылабад», «Көлтоған», «Жиделі», «Құмшағал», «Казарма», «Шөлдала», «Шаңырақ», «Дорожник» алқаптары мен «Весна», «Шерстяник», «Казмонтажавтоматика», «Водник», «Водник-2», «Радуга», «Железнодорожник»,«Авторемонтник», «Васход», «ГРЭС», «Химстроитель», «Кожевник», «Локомотивщик», «Металист», «Финансист», «Силикатчик» және «Алмадан» саяжайларынан құралған.
Жібек жолы ауданының №3 округі Жібек жолы, Самарқан, А.Байтұрсынұлы, Қостанай, Целиноград көшелері, Абай даңылының №244, 311 мекенжайынан бастап №610 үйіне дейін, «За линией», «Қырықыншы диірмен» және «Шалғай Қарасу-1, 2, 3, 4, 5, 6, 7» алқаптарынан тұрса, №4 округіне «Барысхан», «Тектұрмас», «Қарасай», «Қант зауыты», «Кірпіш зауыты», «Ақбұлым», «Талас» алқаптары мен «Талас» станциясы кіреді.
Осы ауданның №5 округіне «Жалпақтөбе», «Сұлутөр», «Кемел», «Түркісіб», «Солнечный» алқаптары қарайды.
Тараз қаласының аумағы ұлғайып, жаңа аудандардың құрылуына тұрғындар да дән риза. Солардың бірі – еңбек ардагері Бақыт Жақсылықов.
– Қала аумағына жаңа елді мекендердің қосылып, оның екі ауданға бөлінуі – тұрғындар үшін көптеген жағымды мүмкіндіктер ашады деп есептеймін.
Алдымен бұл шешім қалалық инфрақұрылымды жақсартуға ықпал етеді. Елді мекендердің қосылуы арқылы қала көлемі ұлғайып, тұрғындардың қажеттіліктерін тиімдірек қанағаттандыруға жағдай жасалады. Аудандық бөліну қаланы басқарудың сапасын арттырып, әкімдік пен жергілікті қызметтердің тұрғындарға жылдам және жүйелі қызмет көрсетуіне мүмкіндік береді.
Сонымен қатар бұл өзгеріс қаланың әлеуметтік және экономикалық дамуына серпін береді. Әр ауданның өз даму стратегиясы мен жоспарлары бола отырып, мектеп, балабақша, медициналық мекемелер, жол-көлік инфрақұрылымы сияқты маңызды салалар жүйелі түрде дамиды. Бұл тұрғындардың тұрмыс сапасын арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға жол ашады.
Мен үшін маңыздысы – тұрғындардың дауыс беру және қоғамдық кеңестер арқылы өз пікірін білдіру мүмкіндігі. Ауданға бөліну арқылы әр тұрғын өз аймағының мәселелеріне белсенді түрде қатыса алады, бұл жергілікті демократияны нығайтады.
Тоқетерін айтқанда, жаңа елді мекендердің қосылуы мен екі ауданға бөліну – Тараз қаласының дамуы мен тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам. Бұл шешім қаланың болашағына деген сенімділікті күшейтіп, әрбір тұрғын үшін жаңа мүмкіндіктер ашатынына сенемін, – деп ағынан жарылды шаһар тұрғыны.
Тағы бір қала тұрғыны Айман Сәдуақасованың да пікірі осыған саяды.
– Мен бұрын аудан құрамында болған, қазір Тараз қаласына қараған елді мекеннің тұрғыны ретінде қала аумағына қосылу және екі ауданға бөліну туралы жаңалықты қуанышпен қабылдадым. Бұл өзгеріс біз сияқты бұрынғы аудан тұрғындары үшін көптеген жаңа мүмкіндіктер ашатынына сенемін.
Қалаға қосылу арқылы инфрақұрылым, білім беру, медицина, жол-көлік және коммуналдық қызметтер сияқты әлеуметтік мәселелердің тиімді шешіледі деген ойдамын. Бұрын кейбір мәселелер аудандық деңгейде шешілмей, тұрғындардың тұрмысын қиындата беретін еді. Ал енді қалалық әкімдік пен тиісті бөлімдердің үйлесімді жұмысының арқасында бұл мәселелер жүйелі түрде өз шешімін тауып жатыр.
Сонымен қатар біз өз аймағымыздағы өзгерістерге белсенді қатысуға мүмкіндік аламыз. Әр ауданның өз даму бағдарламасы болады, және біз өз пікірімізді білдіріп, қоғамдық кеңестерде ұсыныстар жасай аламыз. Бұл бізге тек қолдау емес, сонымен бірге алқабымыздың дамуына нақты үлес қосуға мүмкіндік береді.
Демек, қалаға қосылу мен екі ауданға бөліну – баршамыз үшін әлеуметтік жағдайды жақсартатын маңызды қадам. Біз осы өзгерістердің арқасында тұрмыс сапамыздың жақсаратынына және қаламыздың дамуына өз үлесімізді қосуға мүмкіндік туатынына кәміл сенеміз, – дейді тұрғын.
Қорыта айтсақ, Тараз қаласының аумақтық шекарасын кеңейту және жаңа елді мекендерді қосу арқылы екі ауданға бөлінуі шаһар тарихындағы маңызды стратегиялық қадам болып отыр. Бұл өзгерістер тек әкімшілік-территориялық құрылымды жаңартумен шектелмей, қаланың әлеуметтік, экономикалық және урбанистикалық дамуына тың серпін береді. Қала аумағының ұлғаюы инфрақұрылымды жаңғыртуға, тұрғын үй құрылыстарын дамытуға, білім беру және денсаулық сақтау саласын жетілдіруге, сондай-ақ жаңа жұмыс орындары мен кәсіпкерлік мүмкіндіктерін ашуға да мол мүмкіндік туғызуда.

Аман ЕСЕН

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.