Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Қара жер қарыз арқаламайды

Биыл Тараз қаласына 6,5 мың гектар ауыл шаруашылығы алқабы қосылды

0 64

Жердің ел үшін, мемлекет үшін маңызы зор. Жер – халықпен қат-қабат араласып жатқан ұғым. Жерді бассаң – тірегің, өмір сүрсең – тұрағың, ішсең – сусындар бұлағың, жесең – азығың. Жер – аялар анаң, қорғар панаң, жаныңды жадыратар саяң. Жер – бар байлықтың басы, бүкіл тіршіліктің көзі. Сондықтан жерді ұқыптылықпен пайдалану мәселесі бүгінгі таңда аса өзекті. Әсіресе, ауыл шаруашылығы жерлеріне асқан жауапкершілікпен қарау маңызды. Өйткені, асыраушы саланы ата кәсібі санайтын халқымыз үшін оның бағасы қашан да жоғары.

Жер – ауыл шаруашылығы өндірісінің негізі. Ол басқа өндіріс құралдарынан өзінің шектеулі кеңістігімен ерекшеленеді. Сондықтан оны күтіп, баптау қажет. Жердің бізге берер байлығын ескере отырып, одан мол өнім алу бүгінде өзекті мәселелердің бірі.
Соңғы статистикалық деректерге сүйенер болсақ, республика аумағында ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылатын жердің жалпы көлемі 90 млн гектардан астам алқапты құрайды екен. Оның ішінде егістік жер 25 млн гектарға жуық аумақты алып жатыр. Бұл ретте егістік жердің 70 пайызға шамалас бөлігі еліміздің теріскейіндегі Қостанай, Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарына тиесілі. Ал суармалы жердің көлемі 2 млн гектардан асады екен. Оның ішінде 1,5 млн гектардан астам егістік жер немесе жалпы көлемінің 80 пайызынан көбі республикамыздың түстігі, яғни Алматы, Түркістан, Жамбыл, Қызылорда және Шығыс Қазақстан облыстарында орналасқан.
Ауыл шаруашылығы жерлеріне асқан жауапкершілікпен қарау маңызды деуіміздің себебі, осыдан бірнеше жыл бұрын елімізде жерді шетел азаматтарына сату төңірегінде үлкен дау туған еді. Нәтижесінде 2016 жылғы 6 мамырда ҚР Президентінің Жарлығымен ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға, шетелдік компанияларға, сондай-ақ шетелдік үлесі бар қазақстандық компанияларға жалға беруге, сондай-ақ Қазақстан Республикасының азаматтары мен заңды тұлғаларына жеке меншікке беруге мораторий енгізілді.
Мораторий мерзімі 2021 жылдың 31 желтоқсанында аяқталатынын ескере отырып, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бесінші отырысында шетелдіктерге және шетелдік заңды тұлғаларға ауыл шаруашылығы жерлерін сатуға, жалға беруге заңнама жүзінде біржола тыйым салуды тапсырды. Ал кейін осы заң жобасын Парламентке жібергенін мәлімдеді.
Осылайша Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Сөйтіп жерді шетелдіктерге беруге біржола тыйым салуды көздейтін заң жобасын Мәжіліс Сенатқа жолдады.
Алайда Сенат «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын Мәжіліске қайтарған еді. Мәжіліс жерді шетелдіктерге сатпау туралы құжатқа Сенат енгізген өзгерістермен келісті. Аталған заң бойынша ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға, шетелдік заңды тұлғаларға, шетелдік қатысуы бар Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларына, халықаралық ұйымдарға, халықаралық қатысуы бар ғылыми орталықтарға, сондай-ақ, қандастарға жеке меншікке және жалға беруге тыйым салынады. Осылайша ауыл шаруашылығы жерлерін пайдалану құқығы тек қана Қазақстан азаматтарына және шетелдік қатысуы жоқ заңды тұлғаларға беріледі.
Осы жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында аталған мәселеге тоқталып, Үкіметке бос жатқан жерді ауыл тұрғындарына қолжетімді етуді тапсырған болатын. Осыдан кейін «AMANAT» партиясы жанынан құрылған «Жер аманаты» комиссиясы маңызды міндетті орындауға кірісіп, жыл соңына дейін заңсыз берілген және бос жатқан үш миллион гектардан астам жерді мемлекет меншігіне қайтарды.
Ал жуырда өткен Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің екінші форумында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев аталған мәселе еш уақытта назардан тыс қалмайтынын тағы да атап өтті.
– Халық жердің игілігін көруі керек. Мен бірнеше жыл бұрын заңсыз алынған және игерілмей бос жатқан жерлерді қайтарып алу туралы нақты тапсырма бердім. Бүгін осы мәселе бойынша министр баяндады. 2022 жылдан бері 14 миллион гектардан астам ауыл шаруашылығы жері мемлекетке қайтарылды. Жерді қолынан іс келетін, жұмыс істеуге ниетті азаматтарға беру керек деген тапсырма бірнеше рет айтылды. Алайда, бұл маңызды жұмыс баяу жүргізіліп жатыр. Сондықтан Жолдауда мемлекетке қайтарылған жерді келесі жылдың ортасына дейін түгелдей тұрақты айналымға енгізу туралы тапсырма берілді. Әкімдіктердің осы мәселеге қатысты жоспарлары қағаз жүзінде қалып қоймауы керек. Ең бастысы, жер тағы да игерілмей, бос қалмауы қажет.
Үкімет қазір мал шаруашылығы саласындағы бизнесті қолдау жоспарын әзірлеп жатыр. Жайылымдық жерлер ауыл тұрғындарына және нақты жоспары бар инвесторларға берілуге тиіс. Келесі жылдың ортасында қабылданатын бұл құжатта осы мәселенің шешімдері айқын көрсетілуі керек. Тағы бір түйткіл – жерге берілетін кепілдік құнның төмен болуы. Кадастрлық бағалау жүйесі қазіргі нарықтағы шынайы ахуалға мүлдем сәйкес келмейді. Үкімет бұл мәселеге назар аударуы керек, кадастрлық құнды айқындау тәсілін қайта қарауға тиіс. Жер қатынастары саласындағы кедергілер қазіргі заманға сай шаруашылықтар құруға бөгет болып отыр.
Мен Жолдауымда Үкіметке келесі жылдың соңына дейін Жер ресурстарының бірыңғай цифрлық картасын әзірлеуді тапсырдым. Құзырлы министрліктер осы маңызды жұмыс бойынша не істеліп жатқанын 7 күннің ішінде баяндауы керек. Келесі мәселе. Жер телімдері электронды конкурс арқылы берілуі қажет. Жер алған азаматтардың ең басты міндеті – жерді тиімді игеру, яғни, берілген жерді кәдеге жарату.
Бұған қоса, жер ресурстарына мониторинг жүргізу тәсілдерін қайта қарау қажет. Қазір ауыл шаруашылығы жерлеріне қатысты деректер толық емес. Мұндай ахуал жерге бақылау жасауға және игерілмей бос жатқан жерлерді қайтарып алуға кедергі келтіреді. Жерді бөліп тарату үдерісі бойынша ақпарат ашық әрі қолжетімді болуы қажет, – деді Президент өз сөзінде.
Расында, соңғы жылдары ауыл шаруашылығына жарамды, бірақ игерілмей жатқан жерлердің көбеюі қоғам мен үкімет тарапынан алаңдаушылық тудырып келеді. Осыған байланысты биылдан бастап игерілмеген ауыл шаруашылық мақсатындағы жер телімдеріне салынатын салық мөлшері 20 есе ұлғайтылатыны ресми түрде жарияланды.
Енді жері бар азамат немесе заңды тұлға ол жерді мақсатты түрде пайдаланбаса, яғни ауыл шаруашылығы жұмыстарын жүргізбесе, егін екпесе, жайылым ретінде қолданбаса, мемлекет сол жер телімі үшін едәуір жоғары салық алады. Мысалы, бұрын бір гектарға 1 000 теңге салық салынса, енді бұл сома 20 000 теңгеге дейін көтерілуі мүмкін.
Ауыл шаруашылығы министрлігі бұл шешімнің негізгі мақсаты – жер қорын дұрыс әрі тиімді пайдалану екенін айтады. Жер – ел байлығы. Ол қараусыз, бос жатпау керек. Қазіргі таңда мыңдаған гектар жер пайдаланусыз тұр, бұл ауылдық аймақтардың дамуына, азық-түлік қауіпсіздігіне, жұмыс орындарының көбеюіне кері әсерін тигізуде.
Сонымен қатар жаңа салық мөлшері ауыл шаруашылығы жерлерін игермей, алып отырған жер иелері пайдаланбаған жағдайда заң талаптарына сәйкес қайтарылуы мүмкін.
Жерге деген жауапкершілік – елге деген жауапкершілік. Жаңа салық жүйесі елдегі жер ресурстарын тиімді әрі әділетті пайдалану мақсатында қабылданып отыр. Бұл шара ауыл шаруашылығын дамытуға, азық-түлік қауіпсіздігін арттыруға, сондай-ақ экономиканың тұрақты өсуіне оң әсер етуге тиіс.
Бұл тұрғыдан келгенде Тараз қаласында ауыз толтырып айтарлықтай жұмыс атқарылып жатыр деуге толық негіз бар. Айталық, облыс орталығының шекарасын ұлғайту жұмыстары бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылы 29 қарашадағы №1014 «Жамбыл облысы, Тараз қаласының шекарасын (шегін) өзгерту туралы» қаулысына сәйкес, Байзақ және Жамбыл аудандарынан бірқатар елді мекендер Тараз қаласының аумағына кірді.
Атап айтқанда, Байзақ ауданынан – Қызылжұлдыз, Талас ауылдары мен Талаc станциясы, ал Жамбыл ауданынан Шайқорық, Танты, Қоңыртөбе, Ақбұлым, Кемел, Түрксіб, Сұлутөр, Жалпақтөбе, Қызылшарық, Бектөбе ауылдары мен Шайқорық станциясы облыс орталығының құрамына енді.
Байзақ ауданынан қосылған аумақ 1 761,2 гектарды құрайды. Оның ішінде, елді мекендер аумағы – 806,5, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер – 796,2, өндірістік жерлер – 46,6, су қоры жерлері – 21,7288, қорық жерлері 90,1 гектар аумақты алып жатыр.
Сол секілді Жамбыл ауданынан қосылатын аумақ 11 145,5 гектарды алып жатыр. Оның 3 180,8 гектары елді мекендердің аумағы болса, 5 734,2 гектар – ауыл шаруашылығы, 128,6 гектар – өндірістік мақсаттағы жерлер. Сонымен қатар су қоры жерлері – 163,9, қорық жерлері – 1 937,7, ал саяжайлар («Дорожник», «Новоджамбулец») аумағы – 86,8 гектарды құрайды.
Осыдан кейін аталған аудандардың қала аумағына өтуіне байланысты жер учаскелерінің құжаттарын рәсімдеу жұмыстары басталды. Ол үшін азаматтарға келесі талаптарды орындау қажет болды:
1. «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» Коммерциялық емес акционерлік қоғамының Тараз қаласы бойынша жер кадастры филиалынан жер учаскесіне кадастрлық нөмірін беру (белгілеу) анықтамасын алу керек;
2. Мемлекеттік көрсетілетін қызмет арқылы eGov.kz порталымен немесе Халыққа қызмет көрсету орталықтарынан «Жылжымайтын мүлік объектісінің мекенжайын беру/жою» анықтамасын алу керек;
– егер ауданның құжаттары өзіндік қосалқы шаруашылығы үшін немесе бағбандық және саяжай құрылысы және бақша үшін рәсімделген болса, онда өтінішті eGov.kz порталы арқылы «е-Лицензиялау» жүйесіндегі «жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту» мемлекеттік қызметі арқылы беріледі.
– егер ауданның құжаттары кәсіпкерлік мақсатқа, яғни үй-жайларға (құрылыстар мен ғимараттарға) құрылыс жүргізу және қызмет көрсету үшін рәсімделсе, онда өтінішті қалалық әкімнің атына немесе «е-Өтініш» жүйесі арқылы беруге болады.
– егер ауданның құжаттары шаруа қожалығына рәсімделген болса, ол өтінішті де қала әкімінің атына немесе «е-Өтініш» жүйесімен беруге болады.
Жоғарыда аталған мемлекеттік қызметтердің барлығы тегін жүргізіледі.
Осыдан кейінгі жасалған жер есебінің қорытындысы бойынша, Тараз қаласының ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылатын жер көлемі, Жамбыл (5 734,2), Байзақ (796,2) аудандарынан қосылған жерлерді қоса есептегенде, 8 442,4 гектар болып белгіленген. Оның ішінде тәлімі жерлер – 728,9 гектар, жайылымдық жерлер – 1 470,93 гектар, көп жылдық екпелер – 197,7 гектар және 6,7 гектар қоймалар бар. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, 2024 жылы бұл көрсеткіш небары 1 912 гектар көлемінде ғана болған.
Аталған жерлерде тараздық шаруалар ата кәсіпті жалғап, істерін ілгерілетіп келеді. Мәселен, биыл қала аумағында 755 шаруа қожалығы 5 447 гектар жерде ауыл шаруашылығы өнімдерін егіпті. Ала жаздай төккен тердің есесі ретінде диқандар жиын-терім науқаны кезінде еңбегіне қарай өнбегін алған. Айталық, дәнді және бұршақты дақылдар 599 гектарға егіліп, жалпы өнім көлемі 2 782,4 тоннаны құрапты. Сондай-ақ 58 гектар жерге бидай себіліп, 144 тонна өнім алынған. Тізбектеп айтар болсақ, жүгері – 199 га, жалпы өнім – 262 тонна, арпа – 299 га, жиналған өнім көлемі – 1 963,8 тонна, өзге бұршақты дақылдар – 43 га, қант қызылшасы – 69 га, жалпы өнім – 630 тонна, картоп – 265 га, жалпы өнім – 5 633 тонна, көкөніс – 2 643 га, жалпы өнім – 51 207 тонна, бақша дақылдары – 30 га, жалпы өнім – 833 тонна және мал азығы дақылдары 1 841 гектар жерге егіліп, 121 мың тонна өнім жиналыпты.
Жалпы тоқталар болсақ, аймағымызда игерілмеген жерлерге шара қолдану бойынша Жер ресурстарын басқару департаментіне 419,3 мың га жерлердің құжаты жолданған. Қазіргі таңда оның 53 мың гектары игеріле бастаған. Осыған орай пайдаланылмай жатқан және ҚР заңнамасын бұза отырып берілген ауылшаруашылығы мақсатындағы жерді жыл соңына дейін мемлекет меншігіне қайтару туралы тапсырма берілген. Жамбыл облысына ағымдағы жылға жоспар 90 мың гектар болып бекітілген. Бүгінгі күнге 61 мың гектар мемлекет меншігіне қайтарылып үлгеріпті.
Бұдан бөлек, бүгінге Жамбыл, Жуалы, Қордай, Мойынқұм, Сарысу және Шу аудандарында конкурс жүргізіліп 14,2 мың гектар жер ауыл шаруашылығы айналымына қайта енгізілген. Ауылдағы елді мекендердің ортақ пайдаланудағы жайылымдарды кеңейту мақсатында бос жатқан 403,5 мың гектар жайылым жер таңдалып, аудандық мәслихаттарымен 161,1 мың гектар бекітіліпті. Қазіргі уақытта 242,4 мың гектар жайылым алқабына жерге орналастыру жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар ҚР «Жайылымдар туралы» Заң талаптарын жүзеге асыру мақсатында, облыстың барлық аудандарында жергілікті өкілетті және атқарушы органдардың бірлескен шешімдерімен жайылымдарды пайдалану Жоспары мен Схемасы қайтадан 5 жыл мерзімге бекіту жүргізілуде. Қазіргі уақытта 9 ауданда – Меркі, Жамбыл, Талас, Сарысу, Жуалы, Мойынқұм, Т.Рысқұлов, Шу, Қордай аудандарында бекітіліп үлгерсе, Байзақ ауданында жайылым пайдалану схемалары жасалып, аяқталуда.
Ендігі кезекте жер пайдаланушылар, диқандар мен шаруалар келер жылдың қамына қызу кірісіп кеткен. Қара жердің қарыз арқаламайтынын бес саусағындай білетін олар иелігіндегі алқаптарды барынша тиімді игеріп, өнімділік көлемін арттыра түсуді жылдағы жоспарына енгізген. Ал бұл бағыттағы жұмыстардың дұрыс жүруін Тараз қаласы әкімдігінің жер қатынастары бөлімі өз бақылауында ұстайды. Шаш етектен келетін шаруадан шашау шығармайтын мамандардың бұдан арғы ісіне де сәттілік тілейміз.

Еркін САЙЫН

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.