Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Бала жүрегіне жол тапқан білікті маман

0 46

Бүгінгі таңда баланың саналы азамат болып қалыптасуы мен дамуы тек отбасы жауапкершілігі ғана емес, сонымен бірге мектептегі ұстаздардың еңбегіне де тікелей байланысты. Ұстаздар – тек білім беруші ғана емес, олар балаға өмірге деген құштарлықты, шығармашылықты, жауапкершілікті және мейірімділікті бойына сіңіруге көмектесетін бағыт-бағдар беруші тұлға. Міне, сондай ұлағатты ұстаздардың бірі – «ABAY» бастауыш мектеп-гимназиясы дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Олжас Мәжит.

Олжас Мәжитұлы – өзінің ісіне шынайы берілген, алғыр да тәжірибелі ұстаз. Ол әр сабаққа ерекше дайындықпен келіп, әр баланың дене шынықтырудан ғана емес, өзіне деген сенімін арттыруға, күш-қуатын дұрыс пайдалануға да үйретеді. Оның сабақтары тек физикалық жаттығулармен шектелмей, балаға тәртіп, төзімділік және бірлікте болу мәдениетін де меңгертеді. Балаға әр қозғалыстың мағынасы бар екенін түсіндіру – Олжас ұстаздың ерекше қабілеті. Сондықтан оның әр сабағы балалар үшін қызықты әрі пайдалы.
Білікті маманның кәсібилігі мен шығармашылығы оқушылардың денсаулығын нығайтуда, спортқа деген қызығушылығын арттыруда және олардың өз-өзіне сенімін қалыптастыруда зор рөл атқарады. Ол әр баланы бағалап, әрқайсысының ерекшеліктерін ескереді және сабаққа белсенді қатысуға ынталандырады. Мұндай ұстаздың арқасында балалар тек қана физикалық тұрғыдан емес, рухани және психологиялық жағынан да дамитыны даусыз. Балалар да Олжасты тек ұстаз ғана емес, дос ретінде қабылдайды. Өйткені оның жүрегінде әр балаға деген шынайы қамқорлық бар.
Олжас Мәжитұлының ата-аналармен де тіл табысуы ерекше. Айталық, ол әр ата-анаға балалардың жетістіктері мен даму ерекшеліктері туралы егжей-тегжейлі түсіндіріп, кеңестерін береді және бірлесіп жұмыс істеу арқылы оқушылардың физикалық және эмоционалдық дамуына үлес қосады. Ата-аналардың да оның кәсіби шеберлігіне, жылы шырайлы қарым-қатынасына және балаларға деген шынайы қамқорлығына дән риза.
Қорыта айтқанда, Олжас Мәжитұлы секілді білікті, еңбекқор және өз ісін жетік білетін ұлағатты ұстаздар барда балаларымыздың болашағы жарқын болары сөзсіз.

Жансая БАЗАРБАЕВА,
ата-ана

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.