Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайынғы Жолдауларында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы мемлекеттік органдар тарапынан барлық азаматтардың өтініштеріне жедел және тиімді әрекет етуге бағытталуға тиіс екенін үнемі айрықша айтып келеді.
Мемлекет басшысының 2019 жылы 2 қыркүйекте Қазақстан халқына арнаған «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында бұл туралы арнайы тоқталып: «Азаматтардың, халықтың барлық өтініш-тілектерін жедел түрде әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру – барлығымызға ортақ міндет. Билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату арқылы ғана қазіргі геосаяси ахуалға бейімделген үйлесімді мемлекет қалыптастыруға болады. Сондықтан азаматтық қоғамға қолдау көрсетіп, оның әлеуетін нығайта түсу керек. Сондай-ақ аса маңызды жалпы мемлекеттік міндеттерді шешу үшін талқылау жұмыстарына азаматтық қоғамның мүмкіндіктерін кеңінен қолдану қажет», – деген еді.
Осы тұжырымдаманың арқасында билік пен қоғамның арасындағы алшақтық, мемлекеттік органдар мен қарапайым азаматтардың арасындағы қарым-қатынас бір жүйеге келіп, еліміздің әрбір азаматының үнін еститін мемлекеттік аппарат қалыптасып келеді. Бұл туралы Мемлекет басшысы осы жылы Қазақстан халқына арнаған «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында қазіргі кезде елімізде мемлекеттік қызметтерді цифрландыру – үкімет пен халық арасындағы байланысты қамтамасыз ететін басты бағыттардың бірі екенін ерекше атап өткен болатын.
– Жалпы, жер қатынастарына қатысты заңсыздық пен қағазбастылықты жою қажет. Сол үшін ауыл шаруашылығы жерлерін беру тәсілдерін түбегейлі өзгерту керек. Осыған орай, жерді бөлуге қатысты шешім цифрлық форматта, электронды конкурстар арқылы қабылдануға тиіс. Үкімет жыл соңына дейін заңнамаға тиісті өзгертулер ұсынуы қажет. Бұл салада цифрлық технологияларды кеңінен қолдану айрықша маңызды, – деді Президент.
Бұл бағытта Тараз қаласында жер қатынастары саласындағы мемлекеттік қызмет көрсету жүйесі заманауи цифрлық платформалар арқылы тиімді жетілдірілген.
– 2025 жылдың қаңтар-қыркүйек айларына көрсетілген мемлекеттік қызметтердің саны 5 009-ды құрап, олардың барлығы азаматтарға «eGov», «е-лицензиялау» және «е-Zhambyl» жүйелері арқылы электрондық форматта көрсетілді. Бұл мемлекеттік қызметтердің ашықтығын арттыруға, қызмет алушылар үшін уақыт үнемдеуге және бюрократиялық кедергілерді азайтуға бағытталған жүйелі шаралардың нақты көрінісі деуімізге болады, – дейді Тараз қаласы әкімдігі жер қатынастар бөлімінің басшысы Нұржан Бекежанов.
Қазіргі кезде елімізде мемлекеттік қызметтерді цифрландыру – үкімет пен халық арасындағы байланысты қамтамасыз ететін басты бағыттардың бірі. Осы цифрлық өзгерістердің маңызды тетіктерінің бірі – «e-Өтініш» ақпараттық жүйесі. Бұл жүйе арқылы әрбір азамат мемлекеттік органдарға, әкімдіктерге, түрлі мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйымдарға өзінің өтінішін, арызын, ұсынысын немесе шағымын оңай, онлайн түрде жібере алады. Өтініш беру, оның қай деңгейде қаралып жатқанын бақылау және электронды түрде жауап алу – барлығы бір портал арқылы жүзеге асады. Бұрынғыдай қағазбастылыққа, көп бюрократияға немесе ұзақ кезекке жол жоқ. «e-Өтініш» тек өтініш қабылдайтын құрал ғана емес, ол – мемлекеттік басқарудағы ашықтық пен тиімділіктің, азаматтардың құқығы мен пікірінің құжатталған кепілі. Өтінішіңіз тіркеледі, мәртебесі қадағаланады, жауап беріледі – сондықтан ешқандай азаматтың даусы еленбей қалмайды. Сонымен бірге цифрлық даму, азаматтардың белсенділігі, ашық басқару – бұлар жаңа, әділ әрі әділетті қоғам құрудың негізі. Осының нәтижесінде жыл басынан бері жер мәселесі бойынша тараздық жеке және заңды тұлғалардан «Е-өтініш» жүйесіне 4 116 өтініш түсіп, солардың ішінде 3 545 өтініш қаралып, барлығына мерзімдеріне сәйкес жауап берілген екен.
Жауаптылардың айтуынша, ағымдағы жылдың басынан бүгінгі күнге дейін жер қатынастары бөлімі ауқымды жұмыс атқарыпты.
– Азаматтардың өтініштері мен бизнес өкілдерінің сұраныстарын қарау нәтижесінде түрлі бағыттағы жер мәселелеріне қатысты 2 683 қаулы және 1 659 шешім қабылданған. Бұл көрсеткіш жер қатынастары саласындағы құжат айналымының көлемін, сондай-ақ жерге байланысты сұрақтардың өзектілігін айқын көрсетеді. Жалпы, Тараз қаласында жер ресурстарын тиімді жоспарлау мен басқару бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады. Әкімдік бұл салада жариялылық пен ашықтықты қамтамасыз етуге, әрбір шешімнің заңға және қала дамуының бас жоспарына сәйкес болуын қадағалауға ерекше назар аударып отыр, – дейді Нұржан Балтабайұлы.
Әрине, бұл қабылданған қаулы-шешімдер жер телімдерін беру, олардың нысаналы мақсатын өзгерту, пайдаланылмай жатқан аумақтарды мемлекет қажетіне қайтару және инвестициялық жобаларды жермен қамтамасыз ету сынды маңызды бағыттарды қамтиды. Соның ішінде тұрғын үй құрылысына, әлеуметтік нысандар салуға және кәсіпкерлік жобаларды дамытуға арналған жер телімдеріне қатысты шешімдер басым.
– Жер қатынастары саласындағы жүйелі жұмыстар Тараз қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуында стратегиялық маңызға ие нақты іс-әрекеттер кешені болып отыр. Қала аумағын кеңейту, жаңа тұрғын алқаптар мен инженерлік инфрақұрылымды дамыту, көпірлер мен жаяу жүргіншілер өткелдерін салу, орталық бөлікті абаттандыру арқылы жасыл аймақтар мен саябақтарды ұйымдастыру – бәрі де көне шаһардың заманауи келбетін қалыптастырып, тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған.
Жер қатынастарының тиімді реттелуі тек жеке және кәсіпкерлік мақсаттағы учаскелерді берумен шектелмейді. Ол азаматтардың тұрғын үйге қолжетімділігін қамтамасыз ету, қала инфрақұрылымын жаңғырту, әлеуметтік және экономикалық әлеуетті арттыру, сондай-ақ мемлекеттік бюджетті толықтыру арқылы да тұрақты дамуға ықпал етеді. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыстарды алдағы уақытта жалғастыра береміз, – дейді бөлім басшысы.
Тараз қаласында жер қатынастары саласындағы қызмет күн сайын жетіліп, тұрғындардың өтініш-тілектерін дер кезінде орындауға бағытталған маңызды жұмыстар жалғасып келеді. Бұл – ашықтықты, қолжетімділікті және тиімділікті басты ұстаным еткен жергілікті биліктің жүйелі еңбегінің көрінісі. Алда тұрған міндеттер аз емес. Қала дамуына серпін беретін жаңа бастамалар, тұрғындардың игілігі үшін жасалатын жобалар әлі де көп. Осы жолда жер қатынастары саласының мамандарына толағай табыс тілейміз.
Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ