ХХ ғасырдағы орыстандыру саясатындағы басты мақсаттардың бірі қазақ ұлтын біржола құдайсыздандыру болатын. Жер-жерде мектеп-училищелер дүниәуи білімді бергенімен халықтың санасын біржола құрту күн тәртібіндегі ең өзекті мәселеге айналған-ды.
Ұлттық санаға ғұмырын арнаған абайтанушы, ғалым Мекемтас Мырзахметұлы өзінің «Қазақ қалай орыстандырылды?» еңбегінде бұл туралы: «Қазақты мәңгүрттендіру жолындағы шешуші саяси буын Ф.Голощекиннің И.Сталинге жазған қызмет хатындағы: «Бесінші кезеңде – қалған барлық қазақ зиялыларының көзін жойып, қазақ әліппесін тағы да ауыстырып, осындай әдіспен жеткіншек ұрпақтың өз халқының тарихын бастапқы тума көздерден оқып білу мүмкіндігінен айыру», – деп ашық көрсетуінде жатыр. Қазақ ақын-жазушылары жазып, басылым көрген ұлттық рухтағы туындылары да тұтас жойылды. Голощекиннің зымиян ойы мен тілегі алдымыздан шықты. Өткен тарихымызды танып білуге ұмтылысымыз далаға кетіп, күн өткен сайын мәңгүрттене бердік», – деп тайға таңба басқандай түсіндіріп береді.
Негізі миссионерлік шоқындыру саясаты Абай заманында-ақ өз билігін жүргізіп отырды. Ол уақытта ел арасында Абай сияқты көкірек көзі ояу адамдар аз болған-ды. Ал Абай жалғыз болды. Осы себептен де халқымыздың айтып кеткен «Жалғыздың үні шықпайды, Жаяудың шаңы шықпайды» деген сөзінің реті келеді. Яғни Абайдың Жаратушы жайындағы үзік-үзік пікірі сол уақыттың өзінде қоғамдық сахнада жаңғырып тұрған болса, онда оны құрту шаралары қарастырылған болар еді. Абайдың көзі кеткеннен кейін саяси сахнаға Алашорда үкіметі келісімен жоғарыдағы Сталин жоспары өз жұмысын жүргізе бастады. Өйткені бұл кезең ұлтын, дінін, Құдайын ел арасына насихаттап жүргендер кең өріс ала бастаған уақыт болатын. Әлбетте Құдайын тани білген құл, дінсіз орыстың бодандығына айналмайтынын олар әбден білді.
Шариғатта Алланы ақылмен емес, жүрекпен таны деген ұстаным бар. Оның мәні адам баласының ақылы шектеулі, ойлаған нәрсесін ақылға сала берер болса адасады. Бұл концепция «Китаб тасдиқта» да көрініс беруі тегіннен тегін емес: «Аллаһ Таъала – өлчәусіз, бізнің ъақлмыз – өлчәулі. Өлчәулі бірлән өлчәусізні біләргә болмайды». Бұл тұжырымды білсе де хәкім алған бетінен қайтпай жоғарыда айтқандай «Құмарсыз құр мүлгуге тоя алмаймын» деп, Алланы тануда қайта-қайта алға талпынысын үдете түседі. Ақжан Машани әл-Фараби мен Абай туралы еңбегінде: «Абайды жақсы білетін бір қарттың айтқаны бар: «Абай сынына толмаған сөзді аузына алмайды», – деген сөздердің астарында осындай дүниелердің жатқанын көруге болады. Ақиқатында ХХ ғасырдағы кеңестік білім беру жүйесінің ең бір озбыр жері «Әлем Құдайдың қалауымен емес, өздігінен пайда боған» деген көзқарасқа негізделуінде еді. Тек көзбен ғана көретін нәрсесіне сеніп, көрінбетін ғайыпқа сенбеген. Осы арада бізге Абайдың «дүниенің көрінетін, көрінбейтін сыры» идеясы қажет болады. Көпті көрген ата-әжелеріміз «Құдайың кәне, көрсет?» дейтін жүйенің құрбанына айналып біршамасы дінін мойындамай, құдайсызданып кеткен жағдайлардың аз емесін айқын көруге болады. Бұл сол ғасырда пайда болған, ұлттық діңгекке түскен жегі құрт еді. Мұндай түсінік Ислам діні үстемдігін құрып тұрған ғұлама Имам Ағзам Әбу Ханифаның да кезінде де кең етек жайған. «Бірде Имам Ағзам Әбу Ханифа жас шағында Арабияның Басра қаласында бір дінсізбен жол ұшырасып қалады. Имам Ағзам – дін жолындағы адам, әлгісі дінсіз біз айтып отырған «дүние өзі пайда болған» деген көзқарастағы адам болса керек. Ертеңінде діндар мен тартыспақ ниетпен әлгі дінсіз уақыт белгілеп сол қаладағы ең үлкен мешітке диспут жасауға шақырады. Дінсіз ерте келіп, орындыққа жайғасып, жас жігітті күтеді. Бірақ белгіленген уақыт әлдеқашан өтіп кетсе де жас жігіт Әбу Ханифа кешіге береді. Кенет біраз уақыт өткен соң жас Имам Ағзам алты айрығынан тер ағып жетеді:
– Айыпқа бұйырмаңыз, ағайын! Кешігіп қалдым. Өзеннің арғы жағалауынан бер жағына өтетін көлік іздеп тұрғанмын. Ешкім көрінбеді, сіздерден ұят болды-ау деп, не істерімді білмей тұрғам, кенет басыма бір ой сап ете қалды. Өзеннің жағалауындағы ағаштарға: «Әй, ағаштар, бірің қайық, бірің ескек болыңдар, мен өзеннің арғы жағына өтейін», – дедім. Айтып ауыз жиғанымша болған жоқ, сіздерге өтірік маған шын, ағаштар әп-сәтте бірі қайық, бірі ескек боп мені көзді ашып-жұмғанша бергі жаққа алып өтті, – дейді. Сол-ақ екен орындықта отырған дінсіз қарқылдап тұрып күлсін:
– Ғалым деп алып келгендерің мынау болса, жетіскен екенсіңдер, – дейді. – Айналайын-ау, ағаштың өз-өзінен қайық болғанын қай атаңнан көріп ең? Дәл осыны күткен Әбу Ханифа:
– Ағаштың өз-өзінен қайық болмайтынына сенбейсің де, мынау үлкен ғаламды жаратушысыз болуы мүмкін дейсің бе? – дегенде мешіт іші тәкбір айтып, шулап қоя береді. Сонда әлгі дінсіз тағы да:
– Олай болса, неге сендердің Аллаларың көрінбейді. Егер бар болса көрінуі керек емес пе? Ол жоқ болғандықтан көрінбейді, – дейді. Әбу Ханифа дінсізге:
– Сенің ақылың бар ма екен осы? – деп қарсы сұрақ қояды. «Бар» дейді дінсіз.
– Олай болса, ақылыңды көрсет бізге, – дейді дінсіздің өз сұрағын өзіне қойып. «Оны көрсету мүмкін емес» деген дінсізге Әбу Ханифа рух, ақыл секілді кейбір бар нәрселердің де көріне бермейтінін айтқанда жамағат тағы тәкбір айтып, қатты қуанады. Әбден тығырыққа тірелген дінсіз сол жерде мұсылман болып, Исламды қабылдаған деседі. Міне, материалистік және қасаң түсініктің қай дәуірден жалғасып келе жатқанын осындай оқиғалардан-ақ көруге болады.
Қазақ жеріне Ислам діні келгелі кешегі түркілер кезеңіндегі Қожа Ахмет Ясауи, Махмұт Қашқариларды былай қойғанда ХVII-XIX ғасырларда өмір сүрген ақын-жыраулардың жырларында ерекше сілкініс пайда болды. Мәселен, Абылайдың кеңесшісі болған Бұқар жырау:
Айтар болсаң Алланы айт,
Таңертең азан шақырған
Дауысы сұлу молданы айт, – деген жырында Жаратушысын ұлықтауы әсілі бекер емес.
Бірде Абайдың көзі тірісінде Семейге миссионерлікті жаю үшін архиерей келіп жергілікті халыққа:
– Абай деген кім? Біз онымен келіссөз жүргізуіміз керек, – деп елдің үрейін ұшырады. Біршама уақыттан кейін Абай әлгі жерге келіп жетсе, архиерей оған қарап:
– Құдайың жер дүниені жалғыз тарының қабығына сыйғызам деген екен. Осы рас болуы мүмкін бе? – депті.
Сонда Абай:
– Адам баласы жер дүниені көзбен көреді, көздің көретін қарашығы тарыдан үлкен емес қой. Сыйғаны осы емес пе? – депті. Міне, көрдіңіз бе? Барша ғаламды тарыдай нәрсеге сыйдырып қойған Жаратушының нығметін. Дүниедегі адамның мақсаты да өзін жаратқан Жаратушысын тану болса, Абай хәкім бұл нәрседен қалыс қалмады, жиған-тергенін ұрпағына қалдырды. Адам баласының өмір жолындағы бағытын айқындап берген нағыз жолбасшы. Құдайды тану мәселесінда Абайда тағы бір концепцияның көрініс беруі қуантады. Ол: «Ол Ғилм, Қудраті де һеч бір ниһаятсыз, ъилмында ъафләт, қудратінда ебсізлік йа начарлық йоқ. Саниън сунъатна қараб біләсіз. Бұл көзгә көрүлгән, көңілгә сезілгән ғаламны қандай хикмәтмәнан йараштырыб, қандай қудратмәнан орнастырған һеч адам баласының ъақлы жетбәйді, бірақ бәндәсінда ъақл – хукмчі, ғайрат, қуатманан – хизмат қылучы болучы еді», – деуінде сыры терең дүние жатыр. Яғни саниғын сүнғатына қарап деген сөз – Құдайды айналадағы жаратқан нәрсесіне қарап тану, тікелей емес, жанама тану дегенді білдіреді. Бұл тек «Китаб тасдиқта» ғана емес, қырық бесінші қара сөзде де ұшырасады: «Біз жаратушы емес, жаратқан көлеңкесіне қарай білетұғын пендеміз. Сол махаббат пен ғаделетке қарай тартпақпыз, сол Алланың хикметін біреуден біреу анығырақ сезбекпен артылады», – деген сөзі сол саниғын сүнгатына қарап тану дегенді білдіреді.
Әр нәрсеге тереңнен көз жіберген әрбір саналы пенде бұл сөздердің мәнін білуі шарт. Абай хакімнің Құдайдың күннің жер бетін қыздыру арқылы теңізге нұр беріп, одан бұлттардың шығуын қандай нығметке балап отыр? Оның артында санамыз жетпейтін бір «түп иенің» барын бізге жеткізгісі келіп отыр. Осындай дүние тіршілігінің әдемі көріністерін Құранмен сабақтастырар болсақ, қасиетті кітап мазмұнындағы терең ойлар ақынның сөзіне жан кіргізеді: «Ол сондай Алла, жеті аспанды қабат-қабат жаратқан. Рахманның жаратуында еш мүлтік көре алмайсың. Қайта көз сал. Қандайда бір ақау көре аласың ба? Тағы көзіңді екі қайтарып қара. Көзің саған шаршап, талған түрде айналады. Расында Біз дүние аспанын шамдармен (жұлдыздар) безендірдік. Оны шайтандарды атуға жасадық. Сондай-ақ оларға жалындаған азап әзірледік» («Мүлік» сүресі, 3,5-аяттар). Міне, мәселе қайда жатыр? Абайдың «Китаб тасдиқта» айтылған жаратылыстың сырын қайдан алғаны белгілі болды. Сан ғасырлар бойы әлемге тамсанып, оның байыбына терең үңілген ғалымдар бұл салада түрлі бағыттарды пайдаланды. Бірі – философия, бірі – химия, енді бірі материалистік көзқарас қолданса да әрқайсысының ойы әр жерден шығып отырды, тіпті арагідік адасушылық танытып кеткен тұлғалар да кездесіп жатты. ХХ ғасырдың бір ерекшелігі – сол кезде медресе бітіріп, діни ілімді бойына сіңіргендер Жаратушыны тану мәселесінде осалдық танытпады.
Әзімхан ИСАБЕК,
гуманитарлық ғылымдар магистрі