Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Ғасыр індетімен күрес қарқынды

0 203

Жыл сайын Дүниежүзілік ЖИТС-пен күрес күні қарсаңында әлемнің барлық елдерінде, соның ішінде Қазақстанның өңірлерінде де ауқымды ақпараттық-ағартушылық және алдын алу іс-шаралары дәстүрлі түрде өткізіледі. Осыған орай облыстық ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес орталығында «АИТВ-ға қарсы күрестегі қиындықтардан – тиімді өзгерістерге» тақырыбында баспасөз мәслихаты өтті.

Шараға орталық бас дəрігерінің ұйымдастыру-əдістемелік жəне эпидемиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары Гүлжан Қалметова, əдістемелік-ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Орынкүл Əбдікерімова, сондай-ақ эпидемиологиялық қадағалау бөлімі мониторинг тобының жетекшісі Сара Дулатбаева қатысты.

Мамандар Жамбыл облысындағы АИТВ инфекциясының қазіргі ахуалы, жүргізіліп жатқан жұмыстардың нəтижелері жəне алдағы кезеңге арналған жоспарлар туралы баяндады. Орталық қызметкерлерінің мəліметінше, биылғы тоғыз айда өңірде АИТВ-ның 93 жаңа жағдайы тіркелген. Оның 7-еуі шетел азаматтары арасында анықталған. Нəтижесінде аурушаңдық деңгейі 100 мың тұрғынға шаққанда 7,2 көрсеткішін құраған.

Инфекцияның негізгі берілу жолы – жыныстық қатынас арқылы (83%). Ал есірткіні инъекциялық жолмен қолдану
арқылы жұқтыру 2,3 пайызды құрайды. Қазіргі таңда өңірде АИТВ-мен өмір сүретін 1 108 адам диспансерлік есепте тұр екен. Олардың 92 пайызы антиретровирустық терапия алып келеді.

Ғасыр дертін жұқтырудың алдын алу мақсатымен орталық қызметкерлері жыл басынан бері 494 ақпараттық жəне 66 ағартушылық шара ұйымдастырып, оларға 12 444 адам қамтылған. Бұл жұмыстар халықтың хабардарлығын арттыруға, ерте тестілеуді насихаттауға жəне стигма мен кемсітушілікпен күреске бағытталған.

Бұдан бөлек, 9 айдың ішінде орталық зертханасында 165 708 талдау жүргізілген. Сонымен қатар Қазақ дерматология жəне инфекциялық аурулар ғылыми орталығымен жасалған өзара ынтымақтастық туралы меморандум аясындағы жұмыстар жоспарға сай жүзеге асырылып келеді.

Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.