Сәкен Арубаев,
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты
Құрметті «AR-AI» жастар газетінің ұжымы мен оқырмандары!
Сіздерді облыс жастарының рухани айнасына айналған басылымның 20 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын!
2005 жылы жарық көрген алғашқы саны арқылы «АR-AI» өңірдегі жас буынның үні мен ой-өрісін бейнелеген ерекше басылым ретінде қалыптасты. Газеттің атауының өзі «жас ұрпақтың ары асқақ, айдай таза болсын» деген ізгі ниеттен туындап, сол ұстаным бүгінге дейін басылымның басты бағдары болып келеді.
Тұңғыш бас редакторы, жазушы-драматург Болат Бекжанов бастаған шығармашыл ұжым алғашқы күннен-ақ адал еңбек пен ізденіс жолында талай қиындықты еңсеріп, жастардың сөзін сөйлеп, ойын өрге сүйреді. Сол кездері жарық көрген алғашқы беттерден-ақ елге белгілі тұлғалар – Шерхан Мұртаза, Маралтай Райымбекұлы сынды қаламгерлердің тағылымды сөздері мен рухты жырлары жастарға үлкен рухани серпін берген еді.
Содан бері «АR-AI» ұлт руханиятына үлес қосып, талай жас таланттың жолын ашқан шеберханаға айналды. Бүгінде республикалық деңгейде танымал көптеген азаматтың шығармашылық бастауына осы басылым ұйытқы болды.
Жиырма жылдық тарих – үлкен еңбек пен табандылықтың жемісі. Басылым бүгінде дәстүр мен жаңашылдықты ұштастыра отырып, жастар саясаты, елдік құндылықтар, ұлт руханияты бағытындағы өзекті мақалаларды жариялап келеді. Сонымен қатар заманауи технологияның талабына сай интернет платформалардағы белсенді жұмысы басылымның жаңа белеске көтерілгенін айғақтайды.
Газет ұжымына шығармашылық шабыт, толайым табыс, оқырман ықыласы мен жаңа жетістіктер тілеймін!