Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Егін жинау жұмыстары аяқталуға жақын

0 372

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен апталық жоспарлау кеңесінде ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, табиғи ресурстар, ветеринария салаларындағы атқарылған жұмыстар мен жылдық жоспардың орындалуы талқыланды.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Көшеновтің айтуынша, 2025 жылдың 9 айында 362,9 миллиард теңгенің өнімі өндірілген. Ал негізгі капиталға 33,2 миллиард теңге инвестиция тартылған. Сондай-ақ жыл басынан бері 335 ауылшаруашылығы техникасы сатып алынып, 640 мың гектар егістік алқапқа ауылшаруашылығы дақылдары егіліпті.
– Егістік алқаптарын әртараптандыру мақсатында мал азығы дақылдары – 3,6 мың гектарға, майлы дақылдар – 5 мың, көкөніс дақылдары – 4,7 мың, бақша дақылдары – 7,3 мың гектарға, картоп 1,5 мың гектарға артып отыр.
Шілде айынан басталған егін жинау жұмыстарының 94,7 пайызы орындалып, 3,2 миллион тонна өнім алдынды. 8,2 мың гектар картоп дақылының 100 пайызы жиналып, 207 мың тонна, 31,1 мың гектар көкөніс дақылдарының 97,3 пайызы жиналып, 1,2 миллион тонна, 38 мың гектар майлы дақылдар 100 пайыз жиналып, 31,3 мың тонна, 12,7 мың гектар бақша дақылдары 100 пайыз жиналып, 389 мың тонна, 18,1 мың гектар жүгері дақылының 100 пайызы жиналып, 129 мың тонна өнім алынды.
Сонымен қатар 5,3 мың гектар алқаптан 292,6 мың тонна қант қызылшасын алу жоспарлануда. Шаруалар «Меркі қант» зауытына 90,5 мың тоннадан астам тәтті түбірді өткізді.

Күзгі дала және жинау жұмыстарына 9,3 мың бірлік ауыл шаруашылығы техникасы тартылды. Ол үшін мемлекет тарапынан 4,3 мың тонна жеңілдетілген жанар-жағармай бөлінді, – деді басқарма басшысы баяндамасында.
Бұдан бөлек, көктемгі және күзгі дала жұмыстарын қаржыландыру үшін «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы «Кең дала» және «Кең дала-2»
бағдарламалары аясында облысқа 7 миллиард теңге қаржы қарастырылған. Нәтижесінде бүгінге дейін 5 пайыздық несиемен 209 шаруаға 4,9 миллиард теңге қаражат беріліпті.
Ал облыстық ветеринария басқармасының басшысы Бақыт Бетбаевтың хабарлауынша, өңірде ветеринариялық-профилактикалық және диагностикалық шаралар жоспарға сай жүргізіліп жатыр екен. Осылайша бүгінге дейін жоспарланған 16,5 миллион вакцинаның 11,3 миллионы, 5,6 миллион диагностикалық шараның 4,3 миллионы орындалған. Сонымен қатар 1 362 284 төл бірдейлендіріліп, АШЖБ дерекқорына енгізіліпті. Бұған қоса 194,6 миллион теңгеге жануарлардың құлақ жапсырмалары сатып алынған.
Басқосуда кәсіпкерлік, табиғи ресурстар, жер қатынастары және өзге де салалардағы мәселелер қаралып, жауапты тұлғалар баяндама жасады.
Облыс әкімі аталған салаларға жауапты орынбасары Әбілхайыр Тамабек пен басқарма басшыларына, Тараз қаласы мен аудан әкімдеріне бірқатар тапсырма берді.
Өңір басшысы ауыл шаруашылығы саласындағы көрсеткіштердің 100 пайыз орындалуын қамтамасыз етуді, салаға инвестиция тартуға жіті көңіл бөлуді, «Jibek joly» арнайы экономикалық аймағы, «Тараз» индустриалық аймағы және «Талас» субаймағының инфрақұрылымын дамыту, жобаларды іске асыруды бақылауға алуды міндеттеді.
Сонымен бірге ветеринария саласында вакцина егу, жануарларды бірдейлендіру, материалдық-техникалық базына нығайту бойынша іс-шаралардың жүйелі орындалуын ұйымдастыруды, жер қатынастары, жер қойнауын пайдалану және су шаруашылығы саласында пәрменді шарлар қабылдауды талап етті.

Құрмаш ҚАПТАҒАЙ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.