Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Білімде шекара жоқ

Жамбылдық жастар әлем елдерін бағындыруда

0 97

Қазіргі жаһандану дәуірінде білім мен ғылым ұлттың зияткерлік қуатын айқындайтын негізгі стратегиялық ресурсқа айналды. Осындай кезеңде Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университеті өңірлік деңгейден өсіп, халықаралық академиялық кеңістікте танылған беделді жоғары оқу орны ретінде орнығып келеді.

Университеттің басты мақсаты – заманауи ғылым мен инновация жетістіктерін игерген, сын тұрғысынан ойлай алатын және әлемдік еңбек нарығында бәсекеге қабілетті жаңа буын мамандарын даярлау. Бұл мақсатты жүзеге асыру жолында университет халықаралық серіктестікті білім беру сапасын арттырудың, ғылыми әлеуетті дамытудың және мәдениеттер арасындағы өзара түсіністікті нығайтудың маңызды құралы ретінде қарастырады. Шетелдік жоғары оқу орындарымен орнатылған әріптестік байланыстар, академиялық ұтқырлық бағдарламалары мен халықаралық жобалар аясындағы белсенді жұмыс – университеттің ашықтыққа, жаңашылдыққа және жаһандық танымалдыққа бағытталған даму стратегиясының нақты көрінісі болып табылады.
Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университеті өңірдің беделді оқу орны ретінде жоғары білікті мамандар дайындаумен қатар халықаралық білім беру кеңістігінде белсенді жұмыстар жүргізіп келеді. Соның қатарында университет бүгінгі таңда сыртқы және ішкі академиялық ұтқырлық бағдарламаларын жүйелі іске асыруда. 2024-2025 оқу жылында университеттің төрт студенті Түркиядағы Алания Алааддин Кейкубат университетінде, сондай-ақ екі студент Оңтүстік Кореяда және екі студент Польша Республикасында академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында білім алып келді. Ал 2025-2026 оқу жылының күзгі семестрінде халықаралық академиялық ұтқырлық шеңберінде 7 студент Польшадағы Лодзь университетіне мемлекеттік грант есебінен жөнелтілді. Сондай-ақ бір студент Оңтүстік Кореядағы Намсеул университетіне өз қаржысына оқуға жіберілді. Жалпы, 2024-2025 оқу жылымен салыстырғанда халықаралық ұтқырлыққа бөлінген министрлік гранттарының саны өсіп, 2 гранттан 7 грантқа дейін артты.
Бүгінде университеттің халықаралық байланыстарының шеңбері кеңейіп келеді. Айталық, 2025 жылдың қыркүйегінен бері бірқатар жаңа келісімшарт жасалды. Мысалы, биыл университет Түркияның Гебзе техникалық университеті, Анкара әлеуметтік ғылымдар университеті, Словениядағы Alma Mater Europaea университеті, Қытайдың Санжы университеті, Татарстандағы Иннополис пен Қазан университеттері, Чехия мен Болгариядағы бірнеше жоғарғы оқу орынымен келісім жасасып, байланыс орнатты. Қазіргі кезде университеттің келісімшарттар қорында 51 отандық серіктес, 36 жақын шетелдік серіктес және 26 алыс шетелдік серіктес тіркелген. Бұл ауқымды серіктестік желісі оқу үрдісіне халықаралық тәжірибе тартуға, ғылыми жобалар мен академиялық алмасуды тереңдетуге ықпал етеді.
Университетке тартылған шетелдік студенттер саны да тұрақты түрде өсіп келеді. 2024-2025 оқу жылында олардың жалпы саны 124 болса, 2025-2026 оқу жылының күзгі семестрінде 114-ке жетті. Жаңа қабылдаулар 63 студент (оның ішінде бакалавриатта – 45, магистратурада – 18) болды. Бакалавр бойынша білім беру бағдарламаларына студенттер негізінен көрші елдерден (әсіресе, Өзбекстан мен Қырғызстаннан), ал магистранттар Қытай Халық Республикасынан келіп оқуда. Мысалы, ҚХР-дан 2025 жылы магистратура деңгейіне 18 шетелдік студент қабылданып, олар математика, информатика, экономика, менеджмент, құқықтану, педагогика және басқа да бірқатар салалар бойынша білім алуда.
Сонымен қатар жоғары оқу орнының халықаралық ынтымақтастық бағытын дамыту бойынша бірқатар жұмыс жүйелі түрде қолға алынған. Ағымдағы жылы университеттің профессор-оқытушылар құрамының академиялық ұтқырлық бойынша белсенділігін арттыру жұмыстарын ұйымдастыру жоспарлануда. 2025 жылдың қараша айында университет Max Planck аясында студенттер мен жас зерттеушілерге арналған стипендиялары мен жазғы тағылымдамалар бағдарламасына өтініш қабылдауды бастайды. Бұл бағдарлама бакалавриат пен магистратура деңгейіндегі студенттерді ақпараттық технологиялар саласында ғылыми зерттеулерге бағытталған шетелдік жазғы тағылымдамамен қамтамасыз етеді. Ал желтоқсан айында университет АҚШ Мемлекеттік департаментінің ұйымдастыруымен өтетін Global UGRAD жаһандық студент алмасу бағдарламасына қатысуға ниет білдірушілердің өтінімдерін жинайды. Бұл бағдарлама шетелдік жоғары оқу орындарында бір семестр білім алу үшін АҚШ студенттік визасын ұсынады.
Сондай-ақ университет қабырғасында Болгария, Түркия, Оңтүстік Корея және Ресей елдерінен келген шетелдік оқытушылар мен ғылыми қызметкерлер еңбек етіп, студенттерге заманауи білім беріп, мәдени және ғылыми көпірлер орнатуда. Олардың тәжірибесі мен еңбегі оқу үдерісінің сапасын арттыруға, көптілді орта қалыптастыруға және халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге ықпал етуде. Сонымен қатар 2025-2026 оқу жылының алғашқы жартысында Қытай Халық Республикасындағы Санжы университетінен екі оқытушымен еңбек келісімшарты жасалуда. Қазіргі таңда екі университет арасында ауызша келісім жасалып, бюрократиялық рәсімдердің аяқталуы күтілуде.
Бұл халықаралық байланыстар бағытындағы жұмыстар университеттің имиджін нығайтып, халықаралық аренада абыройын күшейтіп, бәсекеге қабілеттілігі мен беделін арттыра түседі.

Арман ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ,
Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университеті
стратегия, ғылым-инновация және халықаралық байланыстар
жөніндегі проректор

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.