Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаменті мемлекеттік қызметтердің 17 түрін, оның ішінде зейнетақы және әлеуметтік төлемдерді тағайындау және мүгедектік тобын белгілеу бөлігінде көрсетеді.
Азаматтардың конституциялық кепілдіктерін іске асыруда әлеуметтік және зейнетақымен қамсыздандыру жүйесі ерекше орын алады. Зейнетақыны, жәрдемақыны және ең төменгі жалақыны арттыру, ең төменгі күнкөріс деңгейінің өсуі Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет іске асыратын осы және басқа да өзгерістер көптеген қазақстандықтарға әсер етеді.
2025 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша облыстағы ортақ зейнетақы алушылардың жалпы саны – 142 545 адамды, базалық зейнетақы алушылардың саны 135 371 адамды құрайды.
2025 жылы зейнетақылар мен жәрдемақылардың барлық түрлерінің мөлшері ұлғайтылды. Жыл басынан бері қалыптасқан зейнеткерлер үшін ынтымақты зейнетақы мөлшері 8,5 пайызға артты. Ағымдағы жылы ең төменгі зейнетақы мөлшері – 62 771 теңгені, ең жоғары зейнетақы мөлшері 129 756 теңгені құрайды.
Базалық зейнетақы мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің жыл сайынғы өсуін, сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша оның ең төменгі мөлшерін ең төменгі күнкөріс деңгейінен 60 пайыздан 70 пайызға дейін есептеу тәртібінің өзгеруін ескере отырып өсті.
Зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі 10 жылға дейін болған жағдайда азаматтар базалық зейнетақының ең төменгі мөлшеріне сене алады. Ол қазір ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызына тең немесе 32 360 теңгені құрап отыр. Базалық зейнетақының ең жоғары мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 110 пайызы немесе 50 851 теңгені құрайды.
2025 жылы айлық есептік көрсеткіш ұлғайып, 3 932 теңгені құрады. Ол жәрдемақылар мен басқа да әлеуметтік төлемдерді есептеу үшін, сондай-ақ айыппұлдар, салықтар және басқа төлемдерді қолдану үшін қолданылады.
Мемлекеттік бюджеттен алғашқы жәрдемақы баланың туылуына байланысты есептеледі. Алғашқы үш балаға бір мезгілде 38 айлық есептік көрсеткіш төленеді. Бұл 2025 жылы 149 416 теңгеге тең. Төртінші және одан кейінгі балалардың тууына 63 айлық есептік көрсеткіш немесе 247 716 теңге беріледі.
Осы төлеммен бірге міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатыспайтын (жұмыс істемейтін) әйелдерге бала күтімі бойынша ай сайынғы жәрдемақы ресімделеді. Оның мөлшері балалардың кезектілігіне және айлық есептік көрсеткіштің мөлшеріне де байланысты.
Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушылары, жұмыс істейтін әйелдерге бала күтімі бойынша әлеуметтік төлемдер тағайындалады. Олардың мөлшері айлық есептік көрсеткішке емес, олардың орташа айлық жалақысына байланысты.
Бұл ретте 2023 жылдан бастап бала күтімі бойынша жәрдемақылар да, әлеуметтік төлемдер де бір жарым жылға дейін төленетін болды.
Мүгедек балалар тәрбиеленетін отбасыларды қолдау үшін Қазақстанда кәмелетке толғанға дейін арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төленеді. Оның мөлшері 2025 жылы 64 720 теңгені құрады.
Халықты әлеуметтік қорғау саласын бақылау бөлімі 2025 жылдың қаңтар-тамыз аралығында барлығы 21 тексеріс жасады. Оның ішінде 16 объектіге жоспарлы профилактикалық бақылау және 5 жоспардан тыс бақылау болды. Жоспардан тыс прокуратура тапсырмасымен 4 мекемеге, жеке азаматтың өтінішімен 1 мекемеге тексеріс жүргізілді. Мүгедектігі бар адамдардың ғимаратқа кіріп-шығуына қол жетімділігі бойынша 5 мекемеге, стационарлық және жартылай стационарлық жағдайларда қызметті қамтамасыз ету саласында 5 мекемеге, үйде қызмет көрсету жағдайында 11 мекемеге тексеріс жүргізілді. 16 жоспарлы тексерістің ішінде 11 жұмыспен қамту орталығына, 5 стационарлық және жартылай стационарлық үлгідегі қызмет көрсету орталыққа бақылау жүргізілді.
21 тексеріс нәтижесінде 5 субъектіге (объектіге) анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұйғарым шығарылды, 27 кемшілік анықталды. Жоспардан тыс 1 бақылау бойынша 1 бұзушылық анықталып, әкімшілік іс қозғалды.
Осы жылдың 8 айының қорытындысы бойынша Жамбыл облысы халқының саны 1 221 439 адамды құрайды. Оның 45 739-ы орталықтандырылған мүгедектердің деректер базасы бойынша тіркелген. Оның ішінде ересек мүгедектігі бар адамдар саны 38 939 болса, 0-18 жас аралығындағы мүгедектігі бар балалар саны 6 800-ді құрайды.
Мүгедектігі бойынша І топқа – 101 702 теңге (2024 жылы – 95 496 теңге), ІІ топқа – 81 362 теңге (2024 жылы – 76 397 теңге), ІІІ топқа 55 474 теңге (2024 жылы – 52 089 теңге) мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы төленеді.
Аймақта медициналық-әлеуметтік сараптама (МӘС) бөлімдері Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму Министрінің 28.04.2015 жылғы №279 бұйрығымен бекітілген «Мүгедектікті және/немесе еңбек ету қабілетінен айрылу дәрежесін белгілеу және/немесе қажетті әлеуметтік қорғау шараларын айқындау» мемлекеттік қызмет стандарты бойынша 2025 жылдың 8 айында барлығы 9 481 мемлекеттік қызмет көрсетті. Оның ішінде сырттай проактивті форматта 3 713 мемлекеттік қызмет көрсетілді.
Есепті кезеңде барлығы 1 702 адам алғашқы рет мүгедектікке шықты (2024ж. 8 айы – 1 743 адам). Оның ішінде ересек адамдар – 1 207 (2024 ж. – 1 247 адам), мүгедектігі бар бала санатына жатқызылғандар – 478 бала ( 2024 ж.– 455 бала). Нәтижесінде есепті кезеңде 10 мың халыққа шаққандағы алғашқы мүгедектіктің қарқынды көрсеткіші – 13,7 оқиға (2024 ж. – 13,9) болды. Балалар арасында алғашқы мүгедекке шығу алдыңғы жылмен салыстырғанда 23 балаға азайып отыр.
2025 жылдың 8 айында жалпы толық оңалтылғандар саны 435 адамды құрады. Ал 2024 жылдың осы уақытында барлығы 463 адам толық оңалтылған болатын. Сол секілді жартылай оңалту көрсеткіші бойынша 2025 жылдың 8 айында барлығы 346 мүгедектің топтары жеңіл топтарға ауыстырылды. Мүгедектік топтың ауырлау көрсеткіші 2025 жылдың 8 айында 374 адам болды.
Мүгедектік топтың ауырлауына жүрек-қан тамырлары сырқаттарының асқынулары, инсульт, инфаркттар және қатерлі ісік ауруларының үдеуі себеп болып отыр.
Ержан ЕРГЕШ,
Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаменті
басшысының орынбасары