Биыл ұлт зиялысы, Алаш қозғалысының көрнекті тұлғасы, ақын әрі қоғам қайраткері Міржақып Дулатұлының туғанына 140 жыл толуына орай елімізде түрлі мәдени іс-шаралар ұйымдастырылуда. Соның бірі – Шерхан Мұртаза атындағы Руханият және тарихтану орталығы өткізген облыстық «ОЯН» жыр байқауы болды.
Байқаудың негізгі мақсаты – ұлттық сананы ояту, жас ұрпақтың тіл мен әдебиетке деген сүйіспеншілігін арттыру, Міржақып Дулатұлының рухани мұрасын кеңінен насихаттау.
Сайысқа облыс бойынша 7–11 сынып оқушылары қатысып, өз өнерлерін ортаға салды.
Байқау туралы хабарлама қыркүйек айының басында орталықтың әлеуметтік желідегі ресми парақшасында жарияланған болатын. Қызығушылық танытқандар саны жиырмадан асты, соның ішінде он үміткер байқауға қатысуға ниет білдіріп, үш кезең бойынша өз шеберліктерін сынға салды.
Байқау үш бөлімнен тұрды: Алғашқы «Алаш рухының айбары» бөлімінде қатысушылар «Міржақып Дулатұлы және алаш аңсаған еркіндік» тақырыбында бір минуттық бейнеролик дайындап ұсынды. Екінші «Ұлт рухын жырмен оятқан» кезеңінде оқушылар ақынның 15 өлеңінің бірін мәнерлеп оқу шеберлігін көрсетті. Соңғы «ОЯН» жыр додасы кезеңінде жұппен жеребе арқылы сынға түскен қатысушылар қайым-айтыс түрінде өзара сайысты. Бұл кезеңде олар қарсыластарына Дулатұлының өлеңдерінен екі жолды жасырып, табу арқылы есте сақтау қабілеті мен тапқырлығын сынады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқау жоғары деңгейде өтті. Қатысушылар ақын өлеңдерін терең сезіммен орындап, Міржақып мұрасының мәні мен рухын бойына сіңіре алғандарын көрсетті. Байқау қорытындысы бойынша жеңімпаздар анықталды: І орын – Жұмахан Каусар Қайнарқызы, Байзақ ауданы, Сарыкемер ауылы №1 мектеп-гимназиясының 9-сынып оқушысы. ІІ орын – Жексенбек Иманғали Рақымжанұлы, Талас ауданы, Үшарал ауылы, Әбдір Сағынтаев атындағы орта мектептің 10-сынып оқушысы. ІІІ орын – Мұхамедия Диана Бағдатқызы (№36 орта мектеп, Тараз қаласы), Ахмет Анель (№61 орта мектеп, Тараз қаласы), Адихан Сабыржан (№66 орта мектеп, Тараз қаласы).
Барлық қатысушыларға дипломдар мен алғыс хаттар, сондай-ақ естелік сыйлықтар табыс етілді.
Ұйымдастырушылардың пікірінше, «ОЯН» жыр байқауы ел жастарының рухани дамуына, Алаш мұрасын тануға және ұлттық сана мен ой еркіндігін қалыптастыруға жол ашады.
Фарида Метерқұлова
Ш.Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының аға ғылыми қызметкері