Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары еліміздің көптеген қаласы алыс-жақын шетелдердің бірқатар шаһарымен өзара ынтымақтастық орнатып, бауырлас қалалар дәрежесіне ие болды. Бұл үрдіс рухани және мәдени байланысты нығайтып қана қоймай, экономикалық серіктестікті дамытуға да серпін бергені сөзсіз.
Екі мың жылдан астам тарихы бар Тараз қаласы да халықаралық достықты дамытуға белсене атсалысып келеді. Бүгінде көне шаһар АҚШ-тың Фресно, Манси, Сиэтл, Италияның Тревизо, Моңғолияның Ховда, Венгрияның Кечкемет, Қытайдың Сиань, Ресейдің Краснояр мен Челябі, Өзбекстанның Самарқан, Қырғызстанның Талас және Ош, Грекияның Ежелгі Олимпия қалаларымен бауырластық байланыс орнатты. Күні кеше олардың қатары Әзербайжанның Қазақ қаласымен толықты.
Нақты айтсақ, Тараз бен Қазақ қалалары арасындағы бауырластық Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиевтің Қазақстанға мемлекеттік сапары аясында орнады. Қос мемлекеттің президенттері ынтымақтастық жөніндегі арнайы Меморандумға қол қойып, өзара құжат алмасты. Салтанатты рәсімге Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков те арнайы қатысты.
Қазақ – Грузия мен Армения шекарасына жақын орналасқан Әзербайжанның әсем қалаларының бірі. Бұл шаһардың тарихы да тым тереңде. 16 ғасырдың басында Әзербайжан-Парсы билеушісі шах Исмаил мен Мұхаммед Шайбани хан арасында соғыс болған. Ал Мұхаммед Шайбани қазақ ханы Қасымның бөлеcі болғандықтан Қасым хан оған көмекке жасақ жібереді. Шайқаста тұтқынға түскен қазақ жауынгерлерін шах Исмаил Кавказға қоныстандырған. Сол кезден бастап қазақ батырлары қоныс тепкен бұл өңір «Қазақ» деп аталып кеткен.
Бүгінде Әзербайжанның солтүстік-батысында Қазақ ауданы мен Қазақ қаласы бар. Қазақ ауданы – Әзербайжанда құрт әзірленетін жалғыз аймақ. Сондай-ақ мұндағы тұрғындар жылқыны ерекше жақсы көреді және өздерінің ақындарын айрықша қадірлейді.