Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Дана Абайдың дара жолы

0 237

Жамбыл облысы әкімдігінің Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының қолдауымен Жамбыл облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасы мен Д.А. Қонаев атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының бірлесіп ұйымдастыруымен ұлы Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған «Дана Абайдың дара жолы» атты әдеби бульвар өтті.

Аталған іс-шараның негізгі мақсаты – қазақтың ұлы ақыны әрі ойшылы Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығын кеңінен насихаттау, сондай-ақ рухани құндылықтарды, мәдени және әдеби мұрасын ұрпаққа жеткізу.

Мерекелік шараға облыстық Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ерлан Нұрманұлы Жүнісбай арнайы қатысып, қатысушыларды құттықтап, жылы лебізін білдірді. Осы ауқымды шара аясында зағип жандарға арналған ерекше басылым – Елен Әлімжанның «Абайтанудың ар жағы мен бер жағы» атты шығармасының Брайль қарпіндегі кітабының тұсаукесері өтті. Сонымен қатар Жамбыл гуманитарлық колледжінің Абай атындағы актерлік шеберлік бөлімі дайындаған «Бала Абайдан – Дана Абайға» атты сахналық көрініс қойылды. Сондай-ақ Абайдың қазақ, орыс және неміс тілдеріндегі танымал өлеңдері жоғары деңгейде орындалды.

Әдеби бульварь жеті аймақтан тұрып, «Бала Абай – даналықтың бастауы» – ұлы ақынның балалық және жастық шағы, «Абай әлемі – тұнық бұлақ» – дәстүрлі емес кітап көрмесі, «Дана Абай» – Абай мен Құнанбайдың диалогынан сахналық көрініс, «Жас суретші көзіндегі Абай бейнесі» – көркем өнер және иллюстрациялар, «Абайды танимыз ба?» – қызықты әрі танымдық квест ойыны, «Әлемге танылған Абай» – ақынның халықаралық деңгейдегі беделі, «Абай – әлем тілдерінде» – Ассамблея өкілдерінің қатысуымен түрлі тілдердегі Абай шығармалары секілді тақырыптарды қамтыды.

Аталған бірлескен әдеби бульвар мен жаңа Брайль кітаптың тұсаукесері – Абайдың рухани мұрасы мен шығармашылығының мәңгілік екенін айқын дәлелдеген, қазақ әдебиеті мен мәдениетіне үлкен үлес қосқан мәнді шара болды.

 

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.