Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Қауіпсіздік – әркімнің жауапкершілігі

0 205

Адам өмірін сақтап қалу – кез келген мамандықтың емес, жүрегінде батырлық пен жауапкершілік ұялаған жандардың еншісіндегі ұлы міндет. Сол ерлік пен мейірімнің тоғысқан тұсы – төтенше жағдайлар қызметі.

Құтқарушы болу – қиындық пен қауіптің қақ ортасында жүріп, өзгенің өмірі үшін күресу. Бұл жолды таңдағандар үшін марапат пен мадақ маңызды емес, олардың ең үлкен сыйы – аман қалған жан, қайта соққан жүрек, көзіндегі қорқыныш жасы қуанышқа айналған сәт. «112» нөмірін терген әрбір адам сол сәтте үмітін құтқарушыға артатыны анық. Ал сол сенімді ақтау үшін темірдей төзім, сергек ой, берік жүрек қажет. Олар – үрей мен сабырдың, қорқыныш пен батылдықтың арасындағы теңдікті сақтай білетін ерекше адамдар.
Бүгінде Тараз қаласындағы төтенше жағдайлар қызметі – осы қағиданың жарқын көрінісі. Олар тек апат кезінде көмек көрсетіп қана қоймай, қоғамда қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға да айрықша үлес қосып келеді. Өрт қауіпсіздігі бойынша дәрістер өткізіп, балаларға алғашқы көмек көрсетуді үйретеді, табиғи апаттарға дайын болудың маңызын насихаттайды.
Мәселен, Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің құрылғанына 30 жыл толуына орай елімізде өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен азаматтық қорғау органдарының қызметін кеңінен насихаттауға бағытталған республикалық ақпараттық-насихаттау науқаны өтіп жатыр. Осы шара аясында Тараз қаласында өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін арнайы баспасөз туры ұйымдастырылды.
«Халық қаһарманы» Мейіржан Айманов атындағы №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің базасында өткен іс-шара барысында журналистерге заманауи өрт сөндіру және құтқару техникасы, сондай-ақ жеке құрамның өртті сөндіру кезіндегі іс-қимылдары көрсетілді. Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаментінің тарих мұражайында болып, азаматтық қорғау жүйесінің қалыптасу тарихымен және сирек кездесетін мұрағаттық материалдармен танысты.
Сондай-ақ осы бөлімде Тараз мамандандырылған колледжі студенттеріне арналған фото-көрме ұйымдастырылды. Құтқарушылар студенттерге экскурсия өткізіп, өздерінің қызметтік міндеттері мен күнделікті еңбегі жайында кеңінен әңгімеледі. Іс-шара барысында төтенше жағдайларды жою кезінде қолданылатын арнайы техника мен жабдықтардың мүмкіндіктері таныстырылды.
Мерейлі жыл аясында Тараз қаласының №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде құтқарушылар арасында отбасылық спорттық сайыс та өтті. Оған қаладағы бес бөлімнен төрт отбасы командасы қатысып, үздіктер мен белсенді қатысушылар бағалы сыйлықтармен және естелік марапаттармен марапатталды.
Бұдан бөлек, Тараз қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының аға инженері, азаматтық қорғау капитаны Ерболат Анарбек пен инженер, азаматтық қорғау аға лейтенанты Мадияр Жапар Тараз мамандандырылған колледжінің студенттерімен кездесіп, өрт және түрлі сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу жолдарын жан-жақты түсіндірді.
Мамандар «Жылыту маусымындағы өрт қауіпсіздігі», «Пеш және электр құралдарын қолдану кезіндегі қауіпсіздік шаралары», «Балалардың терезеден құлауына жол бермеу», «Жер сілкінісі кезінде атқарылатын іс-қимылдар», «Су айдындары маңындағы қауіпсіздік» және «Демалыс орындарындағы қауіпсіздік ережелері» сынды өзекті тақырыптарды қамтыды. Сондай-ақ студенттерге бастапқы өрт сөндіргіш құралдарын қолдану тәсілі тәжірибе жүзінде көрсетілді.
Құтқарушылар жастарды Көкшетау қаласындағы ҚР ТЖМ Мәлік Ғабдуллин атындағы азаматтық қорғау академиясымен таныстырып, білім алу шарттары мен шетелдегі оқу мүмкіндіктері жөнінде де ақпарат берді.
Осындай мазмұнды шаралардың бірі М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінде де ұйымдастырылды. Кездесудің басты мақсаты – жастардың қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру және төтенше жағдай кезінде дұрыс әрекет ету дағдыларын үйрету болды. Семинар барысында мамандар түрлі төтенше жағдай түрлері мен олардың алдын алу жолдарын түсіндіріп, студенттердің сұрақтарына жауап берді.
Төтенше жағдайлардың алдын алу мен адам өмірін қорғау бағытында жүйелі түрде өткізіліп жүрген мұндай іс-шаралардың маңызы зор. Өйткені қауіпсіздік мәдениеті – ең алдымен әр адамның саналы жауапкершілігі мен ұқыптылығынан басталады. Осы ұстанымды берік ұстанған құтқарушылар өздерінің табанды еңбегімен қоғам тыныштығы мен халық амандығын қамтамасыз етіп келеді.

Карина КАРТАШОВА,
облыстық ТЖД ресми өкілі
азаматтық қорғау аға лейтенанты

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.