Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Берік отбасы – бақыттың бастауы

0 365

Қай заманда болса да қоғамның дамуы мен ұлттың болашағы отбасындағы тәрбиеден бастау алады. Әлемдік өркениет қаншалықты дамыса да, рухани байлықтың өзегі – адамгершілік, сыйластық, сүйіспеншілік сияқты құндылықтар әуелі отбасында қалыптасатыны сөзсіз. Осы орайда жас ұрпақ арасында отбасылық жауапкершілікті арттыру, саналы өмірлік ұстанымға баулу бағытындағы шаралардың маңызы зор.

Осыған орай шаһардағы Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің Студенттер үйінде «Айналайын» балалар-жасөспірімдер орталығы» жастар клубы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Отбасы құндылықтары: берік неке – жарқын болашақ» атты іс-шара өтті.
Семинарда сөз алған қалалық «Отбасын қолдау орталығы» КММ психолог маманы Арайлым Қадыр отбасының әлеуметтік маңызы, ұлттық дәстүрлердің тәрбиелік ықпалы және ата-ананың жауапкершілігі жайлы ойын ортаға салды.
– Отбасы – қоғамның ең негізгі ұясы. Әрбір адамның өмірлік тәжірибесі мен құндылығы ең алдымен осы отбасында қалыптасады. Отбасы – адамның махаббатын, мейірімін, жауапкершілігін және сыйластық сезімін дамытатын орта. Дегенмен, кез келген отбасы – мейлі жаңа құрылған болсын, мейлі бірнеше жылдық тәжірибесі бар болсын – өмір жолында түрлі қиындықтарға тап болуы мүмкін. Бұл қиындықтар көбіне адамдардың бірін-бірі толық тани алмауынан, экономикалық тұрақсыздықтан немесе психологиялық және әлеуметтік себептерден туындайды. Жаңа құрылған отбасыларда ең жиі кездесетін мәселе – ерлі-зайыптылардың бірін-бірі толық танып үлгермей, сезім жетегінде үйленуі. Мұндай жағдайда шынайы қарым-қатынас пен сенімнің болмауы ерлі-зайыптылар арасында түсініспеушілік тудырады. Кейде адамдар өз ойын ашық айтпай, сезімін жасырып, бір-бірінің пікірін елемейді. Мұның бәрі отбасы ішіндегі эмоционалдық байланысты әлсіретеді. Сонымен қатар экономикалық тұрақсыздық та жас отбасылар үшін үлкен сынақ. Баспана мен тұрақты жұмыстың болмауы – ерлі-зайыптылардың арасындағы қарым-қатынасқа кері әсер ететін негізгі факторлардың бірі. Тағы бір жиі кездесетін мәселе – жеке шекараның сақталмауы. Көп жағдайда жас отбасыға ата-ана, туыс немесе достардың шамадан тыс араласуы ерлі-зайыптылардың өз бетінше шешім қабылдауына кедергі жасайды. Мұндай араласу отбасындағы тәуелсіздікті бұзып, сенімсіздік пен ренішке себеп болады, – деген Арайлым Болатбекқызы соңғы жылдары кең тараған әлеуметтік дерт – лудомания, яғни құмар ойынға тәуелділік мәселесі туралы да сөз етті.
– Бұл адамның ойынға әуестеніп, ақшаны бақылаусыз жұмсау әдеті. Мұндай дерт отбасының қаржылық тұрақтылығын бұзады, адам жұмысқа, отбасына көңіл бөлмей, қарызға батады, нәтижесінде сенім жоғалады да, отбасы ыдырайды. Лудоманияның отбасына тигізетін әсеріне тоқталсақ, отбасының табысы ойынға жұмсалып, тұрмыс деңгейі төмендейді, жұбайлар арасында жиі ұрыс-керіс, сенімсіздік пайда болады, бала ата-анасының арасындағы түсініспеушілікті, уайымды сезіп өседі. Мұндай ортада өскен балада қорқыныш, күйзеліс, өзіне сенімсіздік, тіпті агрессия қалыптасуы мүмкін. Мәселенің алдын алу үшін, адам өзінде тәуелділік бар екенін түсінуі керек. Бұл орайда отбасы мүшелері оны айыптамай, қолдау көрсетуі маңызды. Эмоционалдық қолдау адамға үміт береді, әрі отбасының қаржысын бірлесіп жоспарлап, қажет болса банк карталарына шектеу қою керек. Құмар ойындар туралы білім беру, мектеп пен жоғары оқу орындарында оның зияны жайлы түсіндіру сабақтарын өткізу, отбасында ашық әңгіме жүргізу, ата-ана балаларына ақшаны дұрыс жұмсау мен жауапкершілікті үйретуі тиіс. Жастарды спорт, мәдениет, еріктілік қызметтеріне тарту, жасөспірімдердің онлайн-ойындарға тәуелді болмауы үшін ата-аналық қадағалауды күшейту керек, – дейді маман.
Оның айтуынша, тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі де отбасылық қатынастарға ауыр соққы болып тиеді. Тұрмыстық зорлық-зомбылық – бұл физикалық, психологиялық, экономикалық немесе сексуалдық қысым көрсету әрекеттері. Мұндай ортада өмір сүрген адамның өзін-өзі бағалауы төмендеп, психикалық денсаулығына нұқсан келеді. Ал зорлық-зомбылық көріп өскен балаларда қорқыныш, күйзеліс және өзіне сенімсіздік сезімі қалыптасады. Бұл олардың болашақ өміріне теріс әсер етеді.
Бүгінде Тараз қаласында Әйтеке би көшесі, №66 мекенжайында отбасын қолдау орталығы орналасқан. Онда үш бағыт бойынша тегін кеңес алуға болады. Әлеуметтік маман тұрмыстық және материалдық мәселелер бойынша көмек көрсетсе, заңгер құқықтық кеңес береді, ал психолог эмоционалдық және психологиялық тұрғыда қолдау көрсетеді. Мұндай орталықтар отбасындағы қиындықтарды шешуге, жанұяны сақтап қалуға үлкен мүмкіндік береді.
– Отбасын құру алдында әр адам ең алдымен өзін тануы қажет. Яғни өз мінезін, құндылығын және өмірлік мақсатын түсініп алу маңызды. Мысалы, бір адам үшін басты құндылық – тұрақтылық болса, екінші адам үшін еркіндік болуы мүмкін. Бұл айырмашылықты алдын ала түсіну болашақтағы кикілжіңнің алдын алады. Сонымен қатар серіктесті жақсырақ танып, оның өмірлік ұстанымдары мен көзқарасын зерттеу де маңызды. Қарым-қатынаста шынайы болу, өз ойын ашық айту, екінші адамды тыңдай білу – өзара түсіністік пен сенімнің негізі. Отбасы тек романтика мен махаббаттан тұрмайды. Оны ұзақ әрі берік ету үшін мейірім, сыйластық, сабырлылық, кешірімділік секілді қасиеттер қажет. Ерлі-зайыптылардың ашық сөйлесіп, пікірін еркін жеткізуі және бір-бірін түсінуге ұмтылуы – отбасының нығаюына ықпал етеді. Қиындықтардан қорықпай, оларды бірге еңсеру – нағыз мықты отбасының белгісі. Әр адам өзінен бастап, мейірім мен түсіністік арқылы ғана берік әрі бақытты отбасы құра алады, – деді психолог.
Семинар соңында белсенді қатысушылар арнайы сертификаттармен марапатталды.

Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.