Былтыр көктемде бірнеше өңірде орын алған су тасқыны су саласында білікті мамандардың жетіспейтіндігін анық аңғартты. Осыған орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы Жарлық шығарып, Тараз қаласынан Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетін құруды тапсырды. Бұған дейін М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің құрамында болған бұрынғы «Гидро» кешені қазір су саласы мамандарын оқытуда. Бүгінде жаңа су шаруашылығы университетінің мүмкіндігі қандай? Білікті кадрлар дайындауға әлеуеті жете ме?
Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетінің ректоры Кәмшат Түсіпованың айтуынша, қазіргі таңда білім ордасы қажетті техникалық-материалдық базамен нығайған екен. Оқытушылар мен студенттердің де саны жыл санап артуда.
– Бүгінгі таңға оқу орнында 2 047 студент білім алып жатса, оларға 117 оқытушы тәлім беруде. Біздің университеттің мамандарына сұраныс жыл санап артатыны анық. Өйткені республика аумағында 5 923 гидротехникалық нысан бар. Оған каналдар, шлюздер және басқа да құрылымдар кіреді. Барлығы кеңес дәуірінде салынған. Бұл нысандарға жай ғана бақылау емес, уақытылы жөндеу, жаңғырту қажет. Сонымен қатар жаңа гидротехникалық құрылыстар да жүргізілуге тиіс, – дейді Кәмшат Маратқызы.
Соңғы бір жыл ішінде университет халықаралық байланыстарды күшейтіп, білім беру сапасын арттыруға және ғылымды дамытуға белсене кіріскен. Ректор Кәмшат Түсіпованың айтуынша, шетелде студенттердің өз елінен тыс жерде бір семестр немесе бір оқу жылын оқып келуі қалыпты құбылыс екен. Алайда елімізде бұл бағыттағы жұмыстар кенжелеп қалған.
Сондықтан Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті шетелдік білім ордаларымен келіссөздер жүргізіп, студенттердің сыртта білім алуына бар мүмкіндіктерді жасауда. Атап айтсақ, Венгрия мемлекетінің Обуда университетімен мәмілеге келіп, 400 студент тегін оқуға мүмкіндік алған. Жаңа оқу жылының өзінде 45 студент шетелге аттанып отыр. Сондай-ақ Венгрияның «Corvinus» университетімен бірлесіп, «Су ресурстарын басқару және су дипломатиясы» мамандығы бойынша қос дипломды магистратура бағдарламасы ашылған. Оған қазірдің өзінде Су ресурстары және ирригация министрлігінің 29 қызметкері құжат тапсырып отыр.
– Жоғарыда айталған жетістіктерден бөлек, тұңғыш рет «Су ресурстарын басқару» бағыты бойынша PhD-докторантура бағдарламасы іске қосылуда. Бұл бағдарламаға тек министрлік пен оған қарасты мекемелердің қызметкерлері қабылданады. Мұның басты мақсаты – мемлекеттік деңгейде ғылыми негізделген басқару және су дипломатиясы тәсілдерін меңгерген мамандар даярлау. Сонымен қатар университет «Erasmus Design Measures» грантын жеңіп алды. Жоба аясында жаңа қос дипломды бағдарламалар әзірленіп, Су дипломатиясы орталығы құрылады. Жеті елдің университеттері қатысатын дипломатия орталығының алғашқы халықаралық кездесуі 29-31 қазанда Будапешт қаласында өтеді деп жоспарлануда. Университет сондай-ақ құны 3 миллиард теңге болатын жасанды интеллект хабын құру жобасын әзірледі. Сол секілді Қытайдың Су ресурстары және электр энергетикасы солтүстік университетімен бірлескен зертхана ашу жөнінде меморандумға қол қойылды. Жаңа зертхана гидрологиялық және жерасты суларының модельдеуін дамыту, су қауіпсіздігі мәселелерін зерттеу және су ресурстарын басқаруға жасанды интеллект енгізу жұмыстарымен айналыспақ, – дейді Кәмшат Түсіпова.
Оқу орында білімнің бірыңғай еуропалық жүйесі «Болон процессі» де іске қосылған. Кейінгі 30 жылда кеңестік білім беру тәжірибесінің орнына енген бұл жүйе кезінде талай сынға қалғаны да рас. Әсіресе, студенттерді «бір салаға ғана бейімделген маман қылып шығарады» деген пікірлер қоғамда түсінбеушілік тудырған. Алайда су ресурттары университеті бұл бағдарламаның тиімді тұсын алып, жүзеге асырмақ.
– Кеңестік білім беру жүйесі өзінің пайда болған кезеңінде, яғни өткен ғасырдың 30-50 жылдары үшін тиімді болды. Алайда ХХ ғасырдың соңына қарай қоғамның дамуы, техниканың өсуі, ақпарат ағынының ұлғайғаны соншалық, мұғалімдерге де, студенттерге де барлық қажетті білімді толық қабылдап талдау оңайға соқпады. Ал «Болон» үдерісінің мақсаты – нақты бір саланың ғана мамандарын даярлау емес. Оның басты артықшылығы – жаһандану жағдайында халықаралық білім стандарттарын біріздендіру, жоғары білімнің қолжетімді әрі қамтушы болуын қамтамасыз ету, студенттер мен оқытушылардың, зерттеушілер мен басқарушылардың еркін алмасуына жол ашу. Сондай-ақ әркім өз қабілеті мен қызығушылығына қарай жеке оқу жоспарын құрып, білімін жетілдіре алады, – дейді Кәмшат Маратқызы.
Ректор университеттің бұрынғы Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтынан қалған материалдық базасын да жаңғыртуға кіріскенін айтты. Қазіргі кезде демеушілердің қолдауымен мелиоративтік-әдістемелік кешеннің құрылысы басталған. Заманауи зертханалар ашылуда. Университеттің кең аумағы мен әртүрлі мақсаттағы ғимараттарының болуы түрлі бөлімдер мен зертханалар ашуға мүмкіндіктер туғызуда.
Оқу орнындағы тағы бір жағымды жаңалық күні кеше университетке Қытай мемлекетінің Солтүстік Су ресурстары және электроэнергетика университетінің делегациясы (NCWU, Чжэнчжоу) ресми сапармен келді. Делегация құрамында Солтүстік-Қытай су ресурстары және электроэнергия университетінің Президенті, әлемдегі ең беделді су және климат зерттеушілерінің бірі, профессор Джунгуо Лью, ғылым және технология департаментінің директоры, профессор Вэйшу Ван, Хуанхэ өзені зерттеу институтының деканы, профессор Фуциан Ван, халықаралық қатынастар жөніндегі декан орынбасары, доктор Канг Гао сынды білікті мамандар болды. Бағдарлама аясында қонақтар ресми кездесулерге, профессор Льюдің ашық дәрісіне, кампус турына қатысып, бірлескен зерттеу және білім беру жобалары бойынша келіссөздер өткізді. Сондай-ақ академиялық ұтқырлық, қос диплом, халықаралық зертханалар құру мәселелері талқыланды.
Айта кетерлігі, NCWU – Қытайдағы су шаруашылығы, ирригация және экология саласындағы жетекші университет. Ғалым Льюдің жетекшілігімен 2024 жылы университет ғарыштан су ресурстарын бақылауға арналған NCWU-1 спутнигін іске қосып, жаңа ғылыми қадам жасады. Бұл жобаның құны – 5 миллион АҚШ долларын құраған. Жалпы әлемге танылған бұл университетте 24 оқу мектебі мен факультет, 174 ғылыми зерттеу институты болса, онда 40 мыңнан аса студентке 2000 оқытушы дәріс береді. Осы университеттің үш түлегі ҚХР Су ресурстары министрі болған.
Бүгінде аталған жоғары оқу орны «Бір белдеу – бір жол» бастамасына белсенді қатысып, бірлескен халықаралық зертханалар ашу үшін Ресей, Қазақстан және Иран мемлекеттеріндегі университеттермен жұмыс жүргізуде.
– Бұл сапар Қазақстан мен Қытай арасындағы ғылыми серіктестікті жаңа деңгейге көтеріп, Таразды Орталық Азиядағы су ғылымының маңызды орталығы ретінде танытады деген сенімдеміз. Келіссөзде Таразда бірлескен Хуаю колледжін ашу да сөз болды. Бұл қытай-қазақ студенттерінің білім алу мен зерттеулер жүргізуінің алаңы болады. Аймақтағы университеттің халықаралық аренаға шығып, Орта Азиядағы су ғылымының орталығы ретінде имиджін көтеріп, жергілікті биліктің ғылымды қолдауға деген стратегиялық рөлін арттырады. Сондай-ақ аталған жоғары оқу орнының базасында ғылыми мектептерді құру және дамыту мақұлданған. Атап айтқанда, су ресурстары инженериясы мектебі, сумен жабдықтау және санитария мектебі, ауыл шаруашылығы суы және ирригация жүйелерін басқару мектебі, гидрология, экология және қоршаған орта мектебі, сәулет және логистика мектебі, энергетика мектебі, мемлекеттік басқару саясаты және менеджмент мектебі, қашықтан зондтау және жасанды интеллект мектебі білімгерлерге қалтқысыз қызмет көрсетеді, – дейді университет ректоры Кәмшат Түсіпова.
Міне, осылайша күні кеше ашылған су шаруашылығы және ирригация университеті болашаққа қарышты қадамын жасауда. Құрылғаны кеше болса да оқу орнының мақсаты айқын, жоспары жұмыр. Қазір Жамбыл облысында аталған университетке оқуға түсуге ниетті жастардың қатары қалың. Демек білім ордасының болашағына бүгінгі ұрпақ та сеніп отыр деген сөз. Университет осы бағытынан таймай, еліміздің атын әлемге танытатын білікті мамандар даярлай берсін деп тілейміз.
Саян ТІЛЕУЖАН