Жат ағымға қарсы күрес – жалпыға ортақ міндет. Сондықтан біздің Тараз қаласында да діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу, жастарды жат ағымдардан сақтандыру мақсатында биылғы жылдың өзінде көптеген тағылымды шаралар қолға алынып, ілкімді істер атқарылды.
Жастардың діни және құқықтық сауатын көтеру, олардың бойына адамгершілік құндылықтарын сіңіру және теріс идеологияларға қарсы тұра алатын иммунитет қалыптастыру – кезек күттірмейтін мәселе. Бұл тұрғыда дәстүрлі діни мектепті жаңғыртудың маңызы зор. Ұлттық танымды, ұлттық ділді бойына сіңірген ұрпақ ұрдажық қадамға бара қоймайды. «Обал болады» деген қазақы мінезді бойына дарытып өскен баланың адам баласына қару кезенуі – мүмкін емес нәрсе. Ол үшін, әсіресе, мектеп бағдарламасында ұлттық дәстүрді түсіндіру, жыраулар мен ақындардың, ұлт данышпандарының еңбектерін таратып, түсіндіріп оқыту жолға қойылса, ұлттық әдептілік қағидаттары үйретілсе және отбасылық құндылықтар насихатталып отырса, құба-құп болар еді. Террорлық әрекеттердің артында әрқашан қайғы-қасірет, жазықсыз адамдардың өлімі, ел ішіндегі тұрақсыздық пен үрей тұрады. Террористік шабуылдар тек әскери немесе саяси нысандарға ғана емес, бейбіт тұрғындарға, қоғамдық орындарға бағытталады. Бұл оның қаншалықты қатыгез әрі адамшылықтан жұрдай әрекет екенін көрсетеді.
Қазақстан Республикасы терроризммен күрес мәселесін ерекше назарда ұстап отыр. Мемлекет басшысы әрдайым ұлттық қауіпсіздікті нығайтуға, діни экстремизмнің алдын алуға бағытталған саяси-құқықтық шараларды қолға алып келеді. Бұл бағытта құқық қорғау органдары, арнайы қызметтер, білім беру ұйымдары және діни бірлестіктер өзара тығыз байланыста жұмыс істейді.
Баланың өзге ағымға кетіп қалуына бірінші кезекте ата-аналар жауапты. Жасыратыны жоқ, қазір көптеген жұмысбасты ата-ана балаларының тәрбиесіне немқұрайды қарайды. Тіпті, намаз оқи бастаса да «қалай оқып жүр, қайда барып жүр екен» деп қызығушылық танытып, қадағаламайды. Ал бақылаусыз кеткен баланың дәстүрлі емес діни ағымдағылардың қақпанына түсіп қалу мүмкіндігі өте жоғары. Ал кейбір ата-аналар исламофобия үрдісіне еріп, баласын мешітке жолатпайды. Бұл да – қате қадам. Өйткені, баланың ішкі ізденісі дұрыс жолмен қанағаттандырылмаса, ол басқа жол іздейді. Яғни, ресми мекеме болып отырған мешіттен білім алмаған бала «интернет ұстаз» тауып алады. Ал ол ұстаздардың «шәкірттерінің» қайда барып жатқаны баршамызға аян…
Қазіргі күні халықаралық терроризм өзінің қатыгездігімен, зұлымдығымен және ауқымдылығымен әлемдік қауіп-қатерге айналғаны белгілі. Түптеп келгенде, терроризм идеологтары өз әрекеттері арқылы мәдениеттер мен діндердің арасына ғана емес, сонымен қатар мемлекеттер мен түрлі халықтар арасына да өшпенділік ұрығын егуде. Байыптап қарасақ, бұрындары саяси терроризмнің мақсаты зорлық-зомбылық жасау емес, белгілі бір мәселелерге қатысты қоғамдық пікір қалыптастыру мақсатымен бұқаралық ақпарат құралдарының назарын өзіне аудару болатын. Ал қазіргі дін атын жамылған терроризм зорлық-зомбылықты қасиетті парыз дәрежесіне дейін көтеруді, сол арқылы дінге кір келтіріп, адамдарды хақ жолынан бездіруді көздеп отырғаны байқалады. Террористердің қауіптілігі, қой терісін жамылған қасқыр іспетті, қасиетті Құран аяттарының (өз қажеттері үшін жұлмаланған) үзінділерін тілге тиек етіп, өздерінің көздеген арам пиғылдарын іске асыру үшін діни құндылықтарды бұрмалауда.
Жалпы, экстремизм мен терроризм түрлі идеологиялық және саяси доктриналарды, оның ішінде діннің атын жамылып әрекет ететіндігін ұмытпағанымыз жөн.
Жастарға ақылшы болып жүрген дін атын жамылушылар «әке-шешең намаз оқуға рұқсат бермесе, оларды тыңдамауыңа да болады» деп ата-ана мен перзент арасындағы сыйластыққа сызат түсіруде. Нәтижесінде ата-анасынан гөрі ұстазы жақын болып кетіп жатады, ал Ислам діні отбасына, әсіресе оның негізгі екі тірегі – ата-анаға ерекше мән берген. Әуелі Жаратушы алдындағы борыштарымыздан кейін бірден ата-анаға деген міндеттеріміздің келуінде де ерекше мән бар. Қасиетті Құран Кәрімнің «Әнғам» сүресінің 151-аятында: «Сіздерге Раббыңыздың нені харам еткенін білдірейін, Оған (Аллаға) еш нәрсені серік қоспаңдар, ата-анаға жақсылық жасаңдар!» – деп білдірген.
Өзін тура жолда деп есептейтіндер діншілдіктің белгісі сақал қою, хиджаб кию деп санайды. Діннің тонын жамылған әсіредіншілдер мен жат ағымға бойұсынғандардың ұстанымында Отан, дәстүр, ұлт, тіптен ата-ананы құрметтеу ұғымдары жоқ десем де болады. Дәстүріне, ата-анасына, мемлекетіне қарсы шыққан азаматтың елімізге пайдасынан зияны көп.
Сондықтан елдің бірлігін сақтау үшін мемлекеттік идеологияға сүйену қажет. Отбасындағы тәрбие ең алдымен отаншылдық, елдікке, бірлік-ынтымаққа тәрбиелейтін мемлекетшіл идеология болу керек. Онымен қоса отбасынан бастап рухани-мәдени өзекте діни тәрбиені қалыптастыру керек. Мемлекеттің жүргізіп отырған саясатында идеология жоқ деуге болмайды. Бірақ ол идеология өз еліміздің оқшау қалуына емес, ортақ әлемнің озық үлгілеріне де жол ашатын, жаңашыл болғаны жөн.
Аталарымыз айтқандай, «Дін ұстана білсең – қасиетің, ұстана алмасаң – қасіретің». Дін ғұламалары да «Дін дегеніміз – қылыш сияқты өткір нәрсе, ұстай алмасаң өз қолыңды кесесің» деп ескертіп кеткен. Сондықтан тәрбиелі, жасампаз ұрпақ қалыптастыру мақсатында, қоғамымызды ізгілендіру мақсатында орта жолды ұстанған, өркениетке бастайтын алтын қазығымыз – аталарымыздың дәстүрлі бағыттағы дінін насихаттау – кезек күттірмейтін іс. Өйткені, діни ахуалға бей-жай қарау – болашаққа жауапсыз қараумен бірдей болмақ…
Қорыта айтар болсақ, халықтың санасында қуатты егемен ел болу мемлекеттің материалдық байлығына ғана емес, идеологиясына да байланысты. Әрине, елдің қуатты болуы қазынаға да тәуелді, бірақ, халық рухани байлықтан жұрдай, ұлттық санадан алшақ болса, мұның барлығы бекер. Себебі қашанда елдің болашағы, дамуы қазынамен өлшенбеген, ұлттық құндылықтар мен рухани байлыққа негізделген.
Айбас БИБОСЫНОВ,
Тараз қаласы әкімі аппаратының
бас инспекторы