Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Цифрлық дәуірге нық қадам

0 923

Дауыл БЕЙСЕНҚҰЛОВ,
«АМАNАТ» партиясы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы 

Күні кеше дәстүрге сай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламенттің кезекті сессиясын ашып, Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. Президент өз сөзінде әлемнің жасанды интеллект дәуіріне қадам басқанын ерекше атап өтіп, еліміздің цифрландыру саласындағы негізгі басымдықтарын нақтылап берді.
Бұл бастамалардың түпкі мақсаты – қазіргі заманның түрлі сын-қатерлері жағдайында еліміздің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын және қауіпсіздігін қамтамасыз ету. «Сен технологияны басқармасаң, технология сені басқарады» демекші, Мемлекет басшысының пікірі – заманауи кезеңнің шындығы. Сондықтан, Қазақстан алдағы үш жылда жаппай цифрлық мемлекетке айналуға міндетті. Бұл – ауқымды жауапкершілік пен жүйелі жұмысты қажет ететін маңызды тапсырма. Осы мақсатта елімізде Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылатын болды. Бұл шешім – цифрлық дәуірге бейімделіп, ұлттық мүддені жаңа деңгейде қорғаудың маңызды қадамы.
Президент Жолдауында Үкіметке экономиканың барлық саласын жаңғырту үшін жаппай жасанды интеллектіні енгізуді тапсырды. Бұл бағыт – Қазақстанның жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттырудағы басты тетік. Президент атап өткендей, бірінші кезекте елге қомақты инвестиция тарту қажет. Бірақ бұл жолы басымдық дәстүрлі шикізат секторына емес, өңдеу өнеркәсібіне берілуге тиіс. Бұл – экономиканы әртараптандыру мен ұзақ мерзімді тұрақты дамудың негізі. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Ұлттық қордың рөлін қайта қарау қажеттігін айтып, оны елдің тұрақты даму құралына айналдыру жөнінде нақты тапсырмалар берді.
Жолдауда көтерілген тағы бір өзекті мәселе – онлайн алаяқтық. Соңғы жылдары киберқылмыстар көбейіп, салдарынан азаматтар түрлі қаржылық қиындықтарға ұшырап жатыр. Осыған байланысты Президент интеллектуалды қорғаныс жүйесін құру қажет екенін атап өтіп, қажет болған жағдайда заңнама мен құқық қорғау органдарының жұмысын жетілдіру туралы бастама көтерді.
Президент бірпалаталы Парламент құру бастамасын көтеріп, бұл ұсыныстың азаматтық секторда, сарапшылар қауымдастығында және қазіргі Парламенттің өзінде жан-жақты талқыланатынын атап өтті. Мемлекет басшысы мұндай Парламент тек партиялық тізім бойынша сайланатынын да нақты айтты. Бұл мәселенің шешімі уақыт еншісінде екенін де ескертті.
Жаңа Жолдаудың мемлекеттік басқару жүйесіне және бүкіл қоғамға серпін беруі – заңды құбылыс. Біздің алға қойған асыл мұратымыз – Әділетті Қазақстанды қалыптастыру. Осы жолда бірлік пен ынтымақ таныта алсақ, кез келген биік мақсаттарға қол жеткіземіз.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.