Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Инвестиция – ел өркендеуінің басты бағыты

0 754

Абзал ЕСІРКЕПОВ,
Тараз қалалық Жастар ресурстық орталығының директоры 

Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында Үкіметке инвестиция тарту жүйесін түбегейлі жаңғырту жөнінде нақты іс-шаралар жоспарын әзірлеуді тапсырды. Бұл – еліміздің экономикалық тұрақтылығы мен ұзақ мерзімді дамуын қамтамасыз етудегі аса маңызды қадам.
– Ірі инвесторлармен қатар орта және шағын инвесторлармен тығыз байланыста жұмыс істеу керек. Қаражаттың қай бағытқа, қандай мақсатпен және қанша көлемде қажет екенін нақты білу қажет. «Инвестицияға тапсырыс» өндірістің сұранысына сай жасалуы керек.
Еліміздегі инвесторлармен қарым-қатынас жүйесі күрделі әрі бытыраңқы. Қағазбастылық көп, түрлі органдардың құзыреттері қайталанады. Ал қазіргі күрделі ахуал кезінде инвестиция тарту – кезек күттірмейтін мәселе, бізге жаңа ұстаным керек. Қалай болса да, инвестиция тарту бойынша барлық үйлестіру жұмысы тікелей Премьер-министрге жүктеледі. Жаңа министрлік құрудың қажеті жоқ.
Бірақ көзге оттай басылатын нәрсе: елімізде бірде-бір мекеменің атауында инвестиция деген сөз жоқ. Инвестиция тіпті, жетім бала сияқты үш-төрт мекемеге ортақ мәселе болып, өз жолын таппай жүр. Сондықтан Премьер-министр он күн ішінде нақты ұсыныс беруге тиіс.
Бұдан бөлек, Үкіметке инвестиция тарту жүйесін түгел жаңғырту жөніндегі нақты іс-шаралар жоспарын мейлінше қысқа мерзім ішінде әзірлеуді тапсырамын, – деген Президент Бас прокуратураның Заңсыз активтерді қайтару жөніндегі комитетінің атауын Инвесторлардың құқығын қорғау жөніндегі комитет деп өзгерту керектігін жеткізді.
Расында, қазіргі жаһандық бәсекелестік жағдайында инвесторлар үшін күрес күннен-күнге күшейіп келеді. Сондықтан, инвестициялық саясат тек капитал тартуға ғана емес, сонымен бірге технология, ноу-хау және сапалы жұмыс орындарын әкелуге бағытталуға тиіс. Бұл үшін елімізде инвестициялық ахуалды түбегейлі жақсартатын, бизнеске ыңғайлы, ашық әрі болжамды орта қалыптастыру қажет.
Президенттің тапсырмасы осы бағыттағы жұмыстарды жаңа деңгейге көтеруге серпін береді. Инвесторлармен жұмысты жүйелендіру, рұқсат беру және реттеу рәсімдерін оңайлату, құқықтық кепілдіктерді күшейту, сонымен қатар өңірлік инвестициялық экожүйені дамыту – алдағы реформалардың негізгі бағыттары болуға тиіс.
Әрине, инвестиция – тек экономикалық ресурс емес, жаңа технологиялар, жоғары білікті мамандар, инновациялық шешімдер және экспорттық әлеует. Сондықтан, инвестиция тарту жүйесін жаңғырту – Қазақстанның жаңа экономикалық дәуірге сенімді қадам басуының алғышарты.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.