Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Әлеуметтік көмек – көңілге медет

0 433

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 8 қыркүйекте Қазақстан халқына арнаған «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында әлеуметтік саладағы өзекті мәселелерге де тоқталып, әлеуметтік саясаттағы басты ұстаным – қоғамдағы шынайы мұқтаж топтарға ғана қолдау көрсету және көмектің ашық әрі әділетті бөлінуін қамтамасыз ету екенін ерекше атап өтті.

Азаматтар қолдаусыз қалмайды

Президент атап өткендей, Тараз қаласында да түрлі санаттағы тұрғындарға әлеуметтік көмек көрсетілуде. Бұл көмектің мөлшері мен тәртібін жергілікті атқарушы орган айқындап, мәслихат шешімімен бекітеді. Көмек бір реттік немесе мезгіл-мезгіл – ай сайын, тоқсан сайын, жарты жылда бір рет, жылына бір рет төленеді.
Өткен жылы 26 желтоқсанда Тараз қаласы мәслихатының №25-6 шешімі қабылданып, әлеуметтік көмек көрсетудің қағидалары мен мөлшері нақтыланған болатын. Құжатқа сәйкес, атаулы және мерекелік күндерге орай арнайы төлемдер белгіленген.
Осыған байланысты, 9 мамыр – Жеңіс күніне орай Ауғанстанда және өзге мемлекеттердегі ұрыс қимылдарына қатысып, әскери қызметін өткеру барысында мүгедектік алған жауынгерлерге, Тәжік-Ауған, Ирак, Таулы Қарабақ шекараларында бітімгершілік операцияларына қатысқан әскери қызметшілерге, Чернобыль апатын жоюға атсалысқандарға, Семей полигонынан зардап шеккендерге және басқа да санаттағы 2 361 адамға қаржылай көмек көрсетілді.
Сонымен қатар басқа мемлекеттердегі ұрыс қимылдарының ардагерлері мен жеңілдіктер бойынша ҰОС ардагерлеріне теңестірілгендерге, сондай-ақ зейнеткерлерге санаторийлік-курорттық емделу шығындарын өтеу қарастырылған. Бұл көмек табысы жан басына шаққанда ең төменгі күнкөріс деңгейінің үш еселенген мөлшерінен 150 576 теңгеден аспайтын азаматтарға ұсынылады.
Сондай-ақ әлеуметтік мәні бар аурулармен ауыратындар үшін де жеңілдіктер көзделген. Қатерлі ісікке шалдыққан азаматтарға, туберкулезбен ауыратындарға, АИТВ жұқтырған кәмелетке толмаған балаларға, нашар көретін екінші топтағы мүгедектерге, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандарға, интернаттық ұйымдарда тәрбиеленетін мүгедектігі бар балаларға қоғамдық көлікте жол жүру шығындары өтеледі. Бұл мақсатта 1 АЕК – 3 932 теңге көлемінде қаржы қарастырылған.
Әлеуметтік көмектің тағы бір бағыты – бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған, пробация қызметінде есепте тұрған азаматтарға, өмірлік қиын жағдайға тап болған тұлғаларға, қартайған шағында өзіне күтім жасай алмайтын адамдарға, табиғи апат немесе өрт салдарынан зардап шеккендерге қолдау көрсету. Бұған қоса, тұрғын үйлерді газдандыру шығындары да әлеуметтік төлемдер арқылы өтеледі.
Сонымен бірге бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдардың күтушілері мен жеке көмекшілеріне де әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Егер оңалту немесе абилитациялау бағдарламасында санаторийлік-курорттық емдеу қарастырылған болса, шығынның 70 пайызы өтеледі. Ағымдағы жылдың қорытындысы бойынша, Бұл – әлеуметтік көмек шараларының шаһарда ауқымды түрде жүзеге асырылып жатқанын көрсетеді.
Жалпы, әлеуметтік қолдаудың жаңа форматы ретінде әлеуметтік қызметтер порталы іске қосылды. Бұл жүйе арқылы тұрғындар қажетті құрал-жабдықтар мен қызмет түрлеріне электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдаланып, өз бетінше тапсырыс бере алады. Азаматтарға қолайлылық үшін Тараз қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде өз-өзіне қызмет көрсету бұрышы ашылған. Мұнда бөлім қызметкерлері қажетті кеңес беріп, онлайн тапсырыс рәсімдеуге көмек көрсетеді.

Қалада инватакси қызметі кеңейіп келеді

Тараз қаласында тірек-қимылы бұзылған және көзі көрмейтін І топтағы азаматтарға арналған инватакси қызметі алғаш рет 2010 жылы енгізілген болатын. Содан бері бұл қызмет мүмкіндігі шектеулі жандардың еркін қозғалысына, қоғам өміріне белсене араласуына айтарлықтай қолдау көрсетіп келеді.
Биылға арналып өткізілген мемлекеттік сатып алу рәсімінің нәтижесінде қала бойынша жаңа мүмкіндіктер ашылған болатын. Жеңімпаз ұйымдардың қатарында «Шапағат» корпоративтік қоры бар. Ол тірек-қимылы бұзылған І топтағы азаматтарды тасымалдау үшін 3 автокөлікпен қамтамасыз етілді. Ал нашар көретін І топтағы мүгедектерге қызмет көрсету «Өмір сапасы» қоғамдық бірлестігіне тапсырылып, оларға 4 автокөлік бөлінді.
Сонымен қатар 2024 жылғы 4 қарашада Қазақстан Республикасы Көлік министрінің №361 бұйрығымен инватакси қызметтерінің ауқымы кеңейтілді. Бұдан былай психикалық тұрақты мінез-құлық бұзылысы бар балалар да, атап айтқанда «Аутистік спектрдің бұзылуы (F84.0–F84.5)» және «Ақыл-ой кемістігі (F70–F79)» диагнозы қойылған балалар да инватакси қызметін пайдалана алады. Осыған сәйкес, жергілікті бюджет есебінен қосымша қаражат қарастырылып, «Janyna saya» мүгедектер қоғамдық бірлестігіне 4 автокөлік берілді.
Жалпы, инватакси қызметіне ақы төлеу көліктің нақты жұмыс уақытына сәйкес жүзеге асырылады. Қызмет көрсету бағыттарына мүгедектігі бар адамның жұмыс орны, оқу орны, әлеуметтік нысандар, жергілікті атқарушы органдар, сот, прокуратура, заң кеңселері, нотариус, медициналық мекемелер, арнайы әлеуметтік қызметтер ұсынатын ұйымдар, әуежайлар, теміржол және автовокзалдар кіреді. Қажет болған жағдайда массаж қызметін көрсететін орталықтарға да тасымалдау қарастырылған.
Сонымен бірге өткен жылы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің ұсынымына сәйкес, инватакси қызметі облыстық бюджеттен емес, тек жергілікті бюджеттен қаржыландырылды. Қазіргі таңда Тараз қаласы бойынша 11 арнайы автокөлік күнделікті жұмыс істеп тұр. 2025 жылдың 1 тамызына дейін 164 азамат инватакси қызметін пайдаланып, 2 228 рет тасымалдау жасаған.
Ал биылғы 19 маусымдағы «Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрінің және Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің кейбір бұйрықтарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» №191 бұйрыққа сәйкес, қызмет көрсету уақыты мен тәртібіне де өзгерістер енгізілді. Енді инватакси тек күндіз ғана емес, кешкі және түнгі уақытта да, сондай-ақ демалыс және мереке күндері де қолжетімді. Сонымен бірге қызметті пайдалана алатын азаматтар қатары да артты.
Анықтама үшін айта кетсек, бүгінде Тараз қаласында 16 781 мүгедектігі бар азамат тіркелген. Оның ішінде І топтағысы – 1 733, ІІ топтағысы – 5 972, ІІІ топтағысы – 6 231 адам. Сондай-ақ 18 жасқа дейінгі 2 845 мүмкіндігі шектеулі бала бар. Барлық қызмет түрлері «Әлеуметтік қызметтер порталы» арқылы қолжетімді етілген. Жыл басынан бері оңалтудың жеке бағдарламасы аясында 11 622 өтініш қабылданып, оның 76 пайызы, яғни 8 829 өтініш қанағаттандырылды.
Алдағы уақытта инватакси қызметін әлеуметтік қызметтер порталы арқылы көрсету жоспарланып отыр. Бұл жүйе әр азаматқа қызмет көрсетушіні өз бетінше таңдауға, көлікті өзінің ерекше қажеттіліктеріне қарай шақыруға мүмкіндік береді. Сонымен бірге тасымалдау қызметінің ашықтығын арттырып, көлікті күту уақытын қысқартады.

Тең мүмкіндік орнату аса маңызды

Қолжетімді орта – қоғамның адамгершілік деңгейін айқындайтын айнасы. Мүгедектігі бар жандарға жағдай жасау – тек заң талабы ғана емес, бұл – әрбіріміздің азаматтық парызымыз. Өйткені қоғамдағы ең әлсіз жандарға қолдау көрсету – өркениетті елдің басты көрсеткіші.
Қазақстан Республикасының «Мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» Заңының 25-бабында кәсіпкерлер мен мемлекеттік мекемелерге қойылатын талаптар нақты көрсетілген. Яғни, кез келген тұрғын үй, қоғамдық немесе өндірістік ғимарат, сондай-ақ көлік инфрақұрылымы мүгедектердің еркін кіріп-шығуына, қозғалуына қолайлы болуға тиіс. Бұл талап елімізде әлеуметтік әділеттілікті орнатумен қатар, азаматтардың тең құқығын қамтамасыз етуге бағытталған.
Бүгінде қолжетімділікке қойылатын негізгі талаптар нақты айқындалған. Әрбір ғимаратта пандустың болуы міндетті, оның еңістігі 1:20-дан аспауға тиіс, ал тар жерлерде 1:12-ге дейін рұқсат етіледі. Пандус ені 1,2 метрден кем болмауы керек, ал кіреберістің алаңы 2,2×2,2 метрден кіші болмауы шарт. Барлық сатылар мен пандустардың екі жағынан тұтқалар орнатылуға тиіс. Есік табалдырығының биіктігі 1,4 сантиметрден аспауы қажет, ал есік ені кемінде 90 сантиметр болуы міндетті. Қоғамдық ғимараттарда келушілер саны 50 адамнан асқан жағдайда әмбебап санитариялық торап қарастырылуы керек. Көру қабілеті шектеулі жандар үшін қозғалыс жолдарында бедерлі тактильді белгілер орнатылып, есіктерде контрастты таңбалар болуға тиіс. Сондай-ақ кез келген нысанның жанында «Мүгедек» белгісі бар тұрақ орындары қарастырылуы қажет.
Бүгінде Тараз қаласында мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімді орта қалыптастыру жұмыстары жалғасуда. Ағымдағы жылы бейімделуге тиіс 55 нысанның бүгінде 48-і толықтай, 7-еуі ішінара бейімделген. Сонымен қатар шаһардағы 312 нысанның төлқұжаты «invo.gov.kz» интерактивті картасына енгізілді.
Аталған талаптардың барлығы ҚР Ережелер жинағында толық қамтылған. Оларды орындау – міндет. Егер бұл талаптар сақталмаса, заң бойынша әкімшілік жауапкершілік көзделген. Мәселен, лауазымды тұлғаларға 50 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 120, орта кәсіпкерлікке – 200, ал ірі кәсіпкерлікке 400 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Қайталанған жағдайда айыппұл көлемі екі есеге жуық артады.
Алайда бастысы – айыппұл емес. Бастысы – қоғамда тең мүмкіндік орнату. Өйткені мүмкіндігі шектеулі азаматтардың еркін жүріп-тұруы, білім алуы, қызметке араласуы – олардың ғана емес, бүкіл қоғамның дамуына қосылған үлес.

Гаухар ОЛЖАБАЕВА,
Тараз қаласы әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.