Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Теміржол тарландарына құрмет

0 528

Биылғы жылды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жұмысшы мамандықтарының жылы» деп жариялаған болатын. Бұл бастама қоғамдағы еңбек адамының мәртебесін арттырып, қарапайым жұмысшының еңбегіне деген құрметті жаңа деңгейге көтеруді көздейді.

Дәл осындай еңбек адамдарының қатарында күндіз-түні тыным таппайтын теміржолшылар да бар. Бүгінде Қазақстанның кең байтақ даласын жалғап тұрған алып теміржол жүйесі осы жандардың қажырлы еңбегінің арқасында тоқтаусыз жұмыс істеп тұр. Осыған орай Ш.Уәлиханов атындағы әмбебап ғылыми кітапханада «Теміржол тарландары» атты тағылымды кездесу кеші өтті.
Шаһардағы зиялы қауым өкілдері, кітапхана қызметкерлері мен студенттер қатысқан жиында сөз алған «Қазақстан темір жолы» филиалы, Тараз станциясының аға жүк және багаж қабылдап-тапсырушысы Болат Искаков теміржол – үлкен жауапкершілік пен ұқыптылықты талап ететін сала екендігін ерекше атап өтті.
– Теміржол – тек көлік қатынасы емес, елдің тынысы. Әр пойыздың уақытында жүруі – біздің еңбегіміздің нәтижесі. Жауапкершілік болмаса, бұл саланың бір күні де алға баспайды. Әрбір жүк пен багажды дер кезінде әрі дұрыс қабылдап, жөнелту – басты міндетіміз. Күн сайын мыңдаған адам мен тауардың қозғалысына куә болып жүрміз. Осы жұмыстағы ең үлкен қуанышым – халықтың сенімін ақтап, ел экономикасына өз үлесімді қосып жүргенім, – деді Болат Сейдахметұлы.
Келесі кезекте «Қазақстан темір жолы» филиалы, Тараз станциясының коммерциялық агенті Інжу Шаханова сөз алып, бүгінде мемлекет еңбек адамын дәріптеп, жұмысшы мамандықтарына ерекше мән беріп отырғанына дән ризашылығын білдірді.
– Бұл бізді шабыттандырады әрі өз ісімізді мақтанышпен атқаруға жігер береді. Қарапайым еңбектің қадірін арттыру – келешек ұрпаққа үлгі деп санаймын.
Жалпы, теміржол – халықтың сенімді көлік қатынасы ғана емес, ел экономикасының күретамыры. Біз күнделікті жүк пен багажды қабылдап, уақытылы жеткізілуіне жауаптымыз. Бұл үлкен жауапкершілік пен табандылықты талап етеді. Әрбір вагонның артында тұтас өндіріс пен тұтынушы тұрғанын жақсы түсінеміз, – деді Інжу Шәйімбетқызы.
Іс-шара соңында сала қызметкерлеріне Алғыс хаттар табысталып, құрмет көрсетілді.

Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.