Өңірлік коммуникациялар қызметінде жыл сайын тұрғындардың наразылығын тудыратын ыстық су мәселесіне қатысты баспасөз конференциясы өтті.
Сәндібек Піренов
Баспасөз конференциясында Жамбыл облысы әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының бөлім басшысы Князь Тұртаева, «Таразэнергоорталығы» АҚ президенті Әбутәліп Серікбаев және Тараз қаласы әкімінің орынбасары Асхат Есеналиев жөндеу жұмыстары жайында баяндады.
– Ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап облыстың жылумен жабдықтаушы кәсіпорындары алдағы жылыту маусымына уақтылы дайындалу мақсатында бекітілген жоспарларға сәйкес жылу желілерінде қысыммен тексеру және жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын бастады. Қазіргі таңда тамыз айынан бастап ыстық су беру мақсатында жұмыстар 3 ауысым бойынша жүргізілуде. Енді РК-4 аудандық қазандығынан ыстық су беру жоспарлануда. Осы ретте қазандықтан ыстық сумен қамтылатын 612 көпқабатты тұрғын үйдің бар екенін айта кеткен жөн, – Князь Тұртаева.
Баспасөз конференциясында жауаптылар «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында жүргізіліп жатқан жұмыстарды 2 аптаның ішінде аяқтау жоспарланып отырғанын айтты. Сондай-ақ барлық 17 жобаға 1,8 млрд теңге бөлінсе, қала бойынша 7 жоба (8 көшеде) іске асырылуда. Ендігі кезекте қарқын алған жұмыстар аяқталғаннан кейін үйлерге кезең-кезеңмен ыстық су қосылатын болады. Енді тұрғындарды екіұдай ойда қалдырған сұрақтың нақты жауабы белгілі болғандай. Жоспарлы жұмыстар айтылған жерінде қалмай, уақтылы аяқталса игі.