Өркениетті елдерде, соның ішінде Еуропада қала тұрғындары мен қонақтарына жайлы орта қалыптастыра отырып, қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлкен басымдық берілген. Мысалы, халық көп шоғырланған аудандарда немесе көше мен мектепте тосын оқиғаға тап келсеңіз, бір тетік арқылы көмек шақыруға болады. Өткен жылдан бастап Тараз қаласының аумағына да полиция қызметкерлерімен шұғыл байланысқа шығуға арналған «SOS дабыл батырмалары» орнатыла бастады. Бұл жаңашылдық қылмыс деңгейінің азаюына қаншалықты ықпал етеді? Осы тұста біз мүмкіндігі мол құрылғының әлеуетін мейлінше анықтап көрген едік.
– «SOS батырмасын» қаланың орталық көшелері мен саябақтардан кездестіруге болады. Бұрын осындай жедел көмек шақыруға арналған құрылғылардың дамыған елдерде болатынын еститінбіз. Кейін әлеуметтік желіден көріп, таңдай қақтық.
Халық көп жиналатын орындарда ұрлық фактісі тіркеліп немесе кикілжің тууы мүмкін. Егер сол мезетте қиындыққа тап келген қала тұрғыны құрылғыдағы тетікшені басса, құқық бұзған азамат сескеніп, батырманың маңына жуымайды деп ойлаймын. Себебі ол да бейнекамераға түсіп қалмаудың қам-қарекетін жасайтыны анық. Оның үстіне оқиға орнына полиция да жедел жетіп, мән-жайды анықтайды. Бір сөзбен айтқанда, батырманы басып, көмек сұрағандар ең әуелі өзін қауіпсіз сезінеді. Енді биыл аталмыш құрылғылар іске қосылса, қалада қылмыс деңгейі де азаяр деген үміттеміз, – дейді қала тұрғыны Қуаныш Сексенбайұлы.
Сонымен былтыр полиция басқармасы қалада 17 «SOS батырмасын» орнатуға қолайлы аумақтарды нақтылаған. Сәйкесінше, былтыр жыл соңына дейін қалада жедел шақыртуға арналған 10 құрылғы орнатылып, жедел басқару орталығына қосылуға дап-дайын болған. Әйтсе де, «қасіретті қаңтар» оқиғасы полиция басқармасының жоспарлы жұмысына тұсау болды. Тіпті сол оқиғадан кейін «SOS батырмасының» бір- еуі жарамсыз болып, жөндеуге жіберілген. Сондықтан жедел басқару орталығы қалпына келтіріліп, қалған сегіз құрылғы орнатылған соң ғана заманауи «SOS батырмасы» іске қосылмақ.
Сәндібек Піренов