Қалалық қоғамдық-саяси газет

SOS батырмасы қашан іске қосылады?

0 1  445

Өркениетті елдерде, соның ішінде Еуропада қала тұрғындары мен қонақтарына жайлы орта қалыптастыра отырып, қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлкен басымдық берілген. Мысалы, халық көп шоғырланған аудандарда немесе көше мен мектепте тосын оқиғаға тап келсеңіз, бір тетік арқылы көмек шақыруға болады. Өткен жылдан бастап Тараз қаласының аумағына да полиция қызметкерлерімен шұғыл байланысқа шығуға арналған «SOS дабыл батырмалары» орнатыла бастады. Бұл жаңашылдық қылмыс деңгейінің азаюына қаншалықты ықпал етеді? Осы тұста біз мүмкіндігі мол құрылғының әлеуетін мейлінше анықтап көрген едік.

Кейінгі жылдары қаладағы саябақтар мен халық көп жиылатын аумақтарда арнайы полиция бекеттері ашыла бастады. Бұл бекеттер, біріншіден, жедел әрекет ету арқылы қызмет сапасын жақсартуға, екіншіден, халықтың полицияға деген сенімін арттыруға оң ықпал етуде. Сондай-ақ былтыр ақпанда «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру мақсатында «102» мобильді қосымшасы іске қосылды. Қосымшаның көмегімен тұрғындар полицияға кез келген құқық бұзушылық туралы хабарлама жіберумен қатар, оқиға орнынан тікелей бейнеқоңырау арқылы байланысқа шыға алады. Сонымен қатар былтыр қала орталығындағы халық көп шоғырланатын аумақтарға полиция шақыртуға арналған «SOS батыр- масы» қойыла бастады. Оның ерекшелігі – дабыл тетікшесін басу арқылы тұрғындар полицияға хабарласып қана қоймай, қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылық туралы хабар бере алады. Әрине, полицияның сервистік моделін дамыту сала мамандарының шұғыл әрекет етуіне мол мүмкіндік жасайды. Аталмыш жүйеде тетікшені басқан соң, құрылғы орналасқан аумақ бейнекамераға түсіріліп, жедел басқару орталығындағы оператормен тікелей байланыс орнайды. Артынша шұғыл шақырту түскен орын қала картасынан нақтыланып, оператор бейнематериалды ашады. Кейін шаһар тұрғынының хабарламасына қарай қажет болған жағдайда патрульдік полиция оқиға орнына жедел барады. Бұл расында полициямен кәнігі қалта телефонымен байланысқаннан әлдеқайда жедел әрі тиімді. Себебі батырманы басқаннан кейінгі әрекеттің барлығы бейнекамераға жазылады. Яғни бейнежазбаға сол маңдағы күдіктінің әрекеті де ілігуі әбден мүмкін.
– «SOS батырмасын» қаланың орталық көшелері мен саябақтардан кездестіруге болады. Бұрын осындай жедел көмек шақыруға арналған құрылғылардың дамыған елдерде болатынын еститінбіз. Кейін әлеуметтік желіден көріп, таңдай қақтық.
Халық көп жиналатын орындарда ұрлық фактісі тіркеліп немесе кикілжің тууы мүмкін. Егер сол мезетте қиындыққа тап келген қала тұрғыны құрылғыдағы тетікшені басса, құқық бұзған азамат сескеніп, батырманың маңына жуымайды деп ойлаймын. Себебі ол да бейнекамераға түсіп қалмаудың қам-қарекетін жасайтыны анық. Оның үстіне оқиға орнына полиция да жедел жетіп, мән-жайды анықтайды. Бір сөзбен айтқанда, батырманы басып, көмек сұрағандар ең әуелі өзін қауіпсіз сезінеді. Енді биыл аталмыш құрылғылар іске қосылса, қалада қылмыс деңгейі де азаяр деген үміттеміз, – дейді қала тұрғыны Қуаныш Сексенбайұлы.
Сонымен былтыр полиция басқармасы қалада 17 «SOS батырмасын» орнатуға қолайлы аумақтарды нақтылаған. Сәйкесінше, былтыр жыл соңына дейін қалада жедел шақыртуға арналған 10 құрылғы орнатылып, жедел басқару орталығына қосылуға дап-дайын болған. Әйтсе де, «қасіретті қаңтар» оқиғасы полиция басқармасының жоспарлы жұмысына тұсау болды. Тіпті сол оқиғадан кейін «SOS батырмасының» бір- еуі жарамсыз болып, жөндеуге жіберілген. Сондықтан жедел басқару орталығы қалпына келтіріліп, қалған сегіз құрылғы орнатылған соң ғана заманауи «SOS батырмасы» іске қосылмақ.

Сәндібек Піренов

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.