Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков №15 «Ұлы дала» ықшам- ауданындағы бірқатар нысанды аралады. Әуелі шаһар басшысы ықшам- аудандағы электр желілерін кеңейту жұмыстарымен танысты. Қазіргі таңда мұнда аталған жұмыстардың екінші кезеңі басталған. Айталық, ықшамауданда қосымша электр станциясының құрылысы жүргізілуде.
– «Ұлы дала» ықшамауданында әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлер саны артып келеді. Соған байланысты электр қуатына деген тәуелділік те молайып отыр. Сондықтан бұл құрылыстың сапалы әрі уақытында аяқталуы біз үшін маңызды, – деді қала әкімі.
Жалпы «Ұлы дала» ықшамауданының электр желісімен қамтамасыз етілуі 2018 жылы басталған. Бас мердігер мекемесі – «Пырақ Құрылыс» ЖШС. Нысанның құрылыс-монтаждау жұмыстары толығымен аяқталып, 2021 жылы қабылданған. Ал 2018 жылдан бастап көпқабатты тұрғын үйлердің құрылыс-монтаждау жұмыстары басталды. Алайда егжей-тегжейлі жоспарлау жобасының бірнеше рет ауысуына байланысты аталған аумақта ғимараттардың саны екі жарым есе артқан. 2018-2023 жылдар аралығында 110 көпқабатты тұрғын үйдің құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталып, пайдалануға тапсырылды. Осыған орай, ықшамаудандағы магистральды инженерлік желілердің қуаты жетпеуіне байланысты, желілердің кеңейту және әлеуметтік тұрғын үйлердің ішкі алаңдық инженерлік-инфрақұрылым желілерінің құрылысы ұйымдастырылды.
Қазіргі уақытта, ауызсу, кәріз, жылу, газ, электр жүйелерін қарастыру үшін қосымша кеңейту жұмыстары бойынша жоба әзірленген. Ал нысанның құрылыс-монтаждау жұмыстары басталып, 2024-2025 жылдар аралығында аяқтау жоспарлануда. Сондай-ақ ықшамаудандағы «Электр желісін кеңейту» жобасы бойынша мемлекеттік сатып алу конкурсы арқылы жеңімпаз анықталған. Мердігер мекемесі – «Таразстрой-2004» ЖШС. 2023 жылы құрылыс жұмыстарын бастау үшін жергілікті бюджет есебінен қаржының 10 пайызы қарастырылып, толығымен игерілді. Нысанның құрылыс-монтаждау жұмыс- тары 2023 жылдың 15 қыркүйек айында басталып, қазіргі уақытта жүргізілуде.
Осы орайда айта кетерлігі, бұл жоба іске қосылған соң, ықшамауданда жуыр- да пайдалануға берілетін 34 тұрғын үй мен 4 мектепті және өзге де нысандарды жарықпен толығымен қамтамасыз етеді.
Келесі кезекте шаһар басшысы ықшам- аудандағы кәріз жүйелерінің мәселелеріне қанықты. Қалдық сулары төгілетін құдық қоршалмаған әрі беті жабылмағандықтан, тұрғындардың өміріне қауіп төндіріп отыр. Оның тағы бір себебі – кәріз қақпақтарының ұрлануының жиілеуі. Бұл тұрғыда шаһар басшысы тұрғындардың қауіпсіздігін ескере отырып, түйткілдің түйінін тез арада тарқату керектігін баса тапсырды.
Құрмаш Қаптағай