Мемлекет басшысы Түрікменстанға сапарлап қайтты. Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік сапары аясында ел астанасы Ашхабадта Түрікменстан Президенті Г.Бердімұхамедовпен келіссөз жүргізді. Келіссөздерге дейін Тәуелсіздік алаңында салтанатты түрде ресми қарсы алу шарасы өтті. Құрмет қарауылының бастығы екі ел басшыларына рапорт беріп, бауырлас қос мемлекеттің Әнұраны шырқалғаннан кейін президенттер ресми делегацияларының құрамын бір-біріне таныстырды,-деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Aikyn.kz сайтына сілтеме жасап.
Салтанатты рәсімнен кейін алдымен шағын құрамда кездесу болды. Мемлекет басшылары саяси, сауда-экономикалық, көлік-транзит және мәдени-гуманитарлық салаларды кеңейтуге ерекше көңіл бөліп, қазақ-түрікмен стратегиялық серіктестігінің ауқымды мәселелерін талқылады. Жаһандық және аймақтық күн тәртібіндегі проблемалар да назардан тыс қалмады.
Қ.Тоқаев мемлекеттік сапармен келуге шақырғаны үшін Гурбангулы Бердімұхамедовке ризашылығын білдірді.
– Қасиетті түрікмен топырағына табанымыз тиген сәттен шынайы ниеттеріңізді көріп, бойымызды ерекше сезім биледі. Әдемі Ашхабад қаласына тағы келгеніме қуаныштымын. Қалаларыңыздағы құрылыстың ауқымы мен сапасы бізді таңғалдырды. Бұл сапарға өте тыңғылықты дайындалдық. Менімен бірге Қазақстанның негізгі ведомстволарының басшылары келді. Бұл сапар мемлекеттеріміз арасындағы стратегиялық серіктестіктің одан ары дамуына тың серпін береді деп сенеміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ол түрікмендерді «бауырлас халық» деп атады.
– Достығымыздың тамыры тереңде. Көп нәрсе бізге ортақ. Бұл ортақ шекарамызға да қатысты. Бауырлас Түрікменстан халқына деген ниетіміз таза. Стратегиялық серіктестікті дамыту, мемлекеттеріміз арасындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелері жеке бақылауымда. Бұл – саясатымыздың басым бағыты. Біз халықаралық аренадағы белсенді ынтымақтастығымызды жалғастыра береміз. Кезінде БҰҰ Бас Ассамблеясы мақұлдаған Түрікменстанның бейтарап ел мәртебесіне Қазақстан зор құрметпен қарайды, – деді Қазақстан Президенті.
Г.Бердімұхамедов шақыруын қабыл алып, сапармен келгені үшін оған алғыс айтты.
– Сіздің мемлекеттік сапарыңызға ерекше мән беріп отырмыз. Түрікмендер мен қазақтардың рухани-тарихи байланыстары тереңде. Сондықтан қарым-қатынасымыз – әрқашан тұрақты әрі сенімді. Бұл мемлекеттік сапарыңыз бауырлас елдеріміздің игілігі жолындағы туыстық әрі стратегиялық екіжақты қатынастарымызға тың серпін беріп, оны мүлде жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік туғызары сөзсіз. Халықтарымыз арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға қосқан жеке үлесіңіз үшін алғыс айтқым келеді, – деді Түрікменстан Президенті.
Мемлекет басшыларының келіссөзі ары қарай ресми делегация мүшелерінің қатысуымен, кеңейтілген форматта жалғасты. Қ.Тоқаев екі мемлекеттің тәуелсіздігінің 30 жылдығында өтіп жатқан кездесудің символдық мәні бар екеніне тоқталып, қазақстандықтардың атынан түрікмен халқын осынау мерейлі мерекемен құттықтады.
– Қазақстан Түрікменстанның бейбітсүйгіш саясатын және Сіздің Орталық Азия аймағында да, еуразиялық кеңістікте де кооперацияны одан әрі нығайтуға бағытталған бастамаларыңызды толық қолдайды. Түрікменстанның сыртқы саясаты тұрақты ынтымақтастыққа негізделген. Түрікменстан жуырда Каспий – Аваза інжу-маржандарында Аймақ елдері басшыларының Консультативтік кездесуін сәтті өткізді. Ол Орталық Азияның барлық елі арасындағы ықпалдастыққа тың серпін бергені сөзсіз, – деді Қазақстан Президенті.
Ол сауда-экономикалық ынтымақтастық қазақ-түрікмен көпжақты байланыстарының негізгі өзегі саналатынын еске салды.
– Жаһандық пандемияға байланысты екіжақты тауар айналымы біршама төмендегенімен, биылғы 8 айдың қорытындысы бойынша өзара сауда-саттықтың өсімі 30 пайыздан асқаны байқалады. Әрине, бұл біздің мүмкіндіктеріміздің шегі емес. Энергетика, көлік және логистика, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп салалары бойынша өте мол резервіміз бар, – деді Қ.Тоқаев.
Ол түрікмен әріптесінің 2022 жылы Түрікменстанның Қазақстандағы мәдени күндерін өткізу туралы ұсынысын қолдады. Мемлекет басшысы елімізде түрікмен өнерпаздарының өнерін толық көрсетуіне кепілдік бере отырып, бұл оқиғаны мәдени-рухани байланыстар саласындағы маңызды бағыт деп атап өтті.
Мемлекет басшысы жалпы құны 130 миллион доллардан асатын тауардың 60 түрі бойынша Түрікменстанға тасымалданатын өнімдерді ұлғайтуға Қазақстанның дайын екенін жеткізді.
– Бұл міндетті орындай алатынымызға сенімдімін. Ауыл шаруашылығы өнімдерін, әсіресе ұн мен бидайды нарықтық баға бойынша өзара тиімді тасымалдау ісін арттырудың перспективасы бар. Бұған дейін Қазақстан түрікмен тарапымен арадағы уағдаластық бойынша қолжетімді бағада бидай экспортын бастады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Келіссөз соңында қос Президент бірлескен мәлімдеме жасады. Сондай-ақ екіжақты 18 құжатқа қол қойылды.
Келіссөздер қорытындысы бойынша мемлекет басшылары екі елдің ақпарат құралдарының өкілдері үшін брифинг өткізді.
Қ.Тоқаев Түрікменстан Президентін келер жылы Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырғанын айтты.
Брифингтен кейін Қазақстан Президентін «Битараплык» орденімен салтанатты түрде марапаттау рәсімі өтті. Мемлекет басшысына Жоғары награданы Түрікменстан Президенті Г.Бердімұхамедов табыстады.
Сапары аясында Қасым-Жомарт Тоқаев Президент Гурбангулы Бердімұхамедовпен бірге атақты Ақалтеке тұқымды жылқы өсіретін кешеннің ипподромын аралап көрді. Түрікмен әріптесінің арғымақ аттарын тамашалады. Іс-шара барысында құрметті қонақтарға шабандоздардың өнері паш етілді. Г.Бердімұхамедов Қ.Тоқаевқа асылтұқымды Ақалтеке арғымағын және түрікмен тазысының күшігін сыйға тартты.