Қалалық қоғамдық-саяси газет

Бауырлас елдер ынтымақтастығы бақ-дәулетке бастайды

0 1  398

   Мемлекет басшысы Түрікменстанға сапарлап қайтты. Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік сапары аясында ел астанасы Ашхабадта Түрікменстан Президенті Г.Бердімұхамедовпен келіссөз жүргізді. Келіссөздерге дейін Тәуелсіздік алаңында салтанатты түрде ресми қарсы алу шарасы өтті. Құрмет қарауылының бастығы екі ел басшыларына рапорт беріп, бауырлас қос мемлекеттің Әнұраны шырқалғаннан кейін президенттер ресми делегацияларының құрамын бір-біріне таныстырды,-деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Aikyn.kz сайтына сілтеме жасап.

Салтанатты рәсімнен кейін алдымен ша­ғын құрамда кездесу болды. Мемлекет бас­шылары саяси, сауда-экономикалық, көлік-транзит және мәдени-гумани­тар­лық салаларды кеңейтуге ерекше көңіл бө­ліп, қа­зақ-түрікмен стратегиялық се­рік­­тес­тігінің ауқымды мәселелерін тал­­­­қы­лады. Жаһандық және аймақтық күн тәр­тібіндегі проблемалар да назардан тыс қал­мады.

Қ.Тоқаев мемлекеттік сапармен келу­ге шақырғаны үшін Гурбангулы Бер­ді­мұха­медовке ризашылығын білдірді.

– Қасиетті түрікмен топырағына та­ба­ны­мыз тиген сәттен шынайы ниет­теріңіз­ді көріп, бойымызды ерекше сезім биледі. Әдемі Ашхабад қаласына тағы кел­геніме қуаныштымын. Қалаларыңыз­дағы құры­лыстың ауқымы мен сапасы біз­ді таңғал­дырды. Бұл сапарға өте тың­ғылықты дайын­далдық. Менімен бірге Қа­зақ­стан­ның негізгі ведомстволарының бас­шы­лары келді. Бұл сапар мемле­кет­теріміз ара­сындағы стратегиялық серік­тестіктің одан ары дамуына тың серпін береді деп сенеміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ол түрікмендерді «бауырлас халық» деп атады.

– Достығымыздың тамыры тереңде. Көп нәрсе бізге ортақ. Бұл ортақ ше­кара­мыз­ға да қатысты. Бауырлас Түрікменстан хал­қына деген ниетіміз таза. Стра­те­гия­лық серіктестікті дамыту, мемлекеттеріміз арасындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелері жеке бақылауымда. Бұл – сая­сатымыздың басым бағыты. Біз ха­лық­ара­лық аренадағы белсенді ынты­мақ­тастығымызды жалғастыра береміз. Ке­зінде БҰҰ Бас Ассамблеясы мақұлдаған Түрікменстанның бейтарап ел мәрте­бе­сі­не Қазақстан зор құрметпен қарайды, – деді Қазақстан Президенті.

Тоқаев ынтымақтастық

Г.Бердімұхамедов шақыруын қабыл алып, сапармен келгені үшін оған алғыс айтты.

– Сіздің мемлекеттік сапарыңызға ерек­ше мән беріп отырмыз. Түрікмендер мен қазақтардың рухани-тарихи бай­ла­­ныс­тары тереңде. Сондықтан қарым-қа­тынасымыз – әрқашан тұрақты әрі се­німді. Бұл мемлекеттік сапарыңыз бауыр­­лас елдеріміздің игілігі жолындағы туыс­­тық әрі стратегиялық екіжақты қа­тынастарымызға тың серпін беріп, оны мүл­де жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік ту­ғызары сөзсіз. Халықтарымыз ара­сын­дағы ынтымақтастықты нығайтуға қос­қан жеке үлесіңіз үшін алғыс айтқым ке­­леді, – деді Түрікменстан Президенті.

Мемлекет басшыларының ке­ліссөзі ары қарай ресми деле­гация мүшелерінің қатысуымен, кеңейтілген форматта жалғасты. Қ.Тоқаев екі мемлекеттің тәуел­сіз­дігінің 30 жылдығында өтіп жат­қан кездесудің символдық мә­ні бар екеніне тоқталып, қа­зақстандықтардың атынан түрік­мен халқын осынау мерейлі мерекемен құттықтады.

– Қазақстан Түрікменстанның бейбітсүйгіш саясатын және Сіз­дің Орталық Азия аймағында да, еуразиялық кеңістікте де коопе­рацияны одан әрі нығайтуға ба­ғытталған бастамаларыңызды то­лық қолдайды. Түрік­мен­стан­ның сыртқы саясаты тұрақты ын­тымақтастыққа негізделген. Түрікменстан жуырда Каспий – Аваза інжу-маржандарында Ай­мақ елдері басшыларының Кон­сультативтік кездесуін сәтті өт­кізді. Ол Орталық Азияның бар­лық елі арасындағы ықпал­дас­тыққа тың серпін бергені сөзсіз, – деді Қазақстан Президенті.

Ол сауда-экономикалық ын­ты­­мақтастық қазақ-түрікмен көп­жақты байланыстарының негізгі өзегі саналатынын еске салды.

– Жаһандық пандемияға бай­ланысты екіжақты тауар ай­налымы біршама төмендегенімен, биылғы 8 айдың қорытындысы бо­йынша өзара сауда-саттықтың өсімі 30 пайыздан асқаны байқа­лады. Әри­не, бұл біздің мүмкін­діктеріміздің шегі емес. Энер­ге­тика, көлік және логистика, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп сала­лары бойынша өте мол резервіміз бар, – деді Қ.Тоқаев.

Ол түрікмен әріптесінің 2022 жылы Түрікменстанның Қазақ­стандағы мәдени күндерін өткізу туралы ұсынысын қолдады. Мем­лекет басшысы елімізде түрікмен өнерпаздарының өнерін толық көрсетуіне кепілдік бере отырып, бұл оқиғаны мәдени-рухани бай­ланыстар саласындағы маңызды бағыт деп атап өтті.

Тоқаев

Мемлекет басшысы жалпы құны 130 миллион доллардан аса­тын тауардың 60 түрі бойынша Түрікменстанға тасымалданатын өнімдерді ұлғайтуға Қазақ­стан­ның дайын екенін жеткізді.

– Бұл міндетті орындай алаты­нымызға сенімдімін. Ауыл шаруа­шылығы өнімдерін, әсіресе ұн мен бидайды нарықтық баға бо­йынша өзара тиімді тасымалдау ісін арттырудың перспективасы бар. Бұған дейін Қазақстан түрік­мен тарапымен арадағы уағдалас­тық бойынша қолжетімді бағада бидай экспортын бастады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Келіссөз соңында қос Прези­дент бірлескен мәлімдеме жаса­ды. Сондай-ақ екіжақты 18 құ­жат­қа қол қойылды.

Келіссөздер қорытындысы бойынша мемлекет басшылары екі елдің ақпарат құралдарының өкілдері үшін брифинг өткізді.

Қ.Тоқаев Түрікменстан Пре­зи­дентін келер жылы Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырғанын айтты.

Брифингтен кейін Қазақстан Президентін «Битараплык» ор­денімен салтанатты түрде мара­паттау рәсімі өтті. Мемлекет бас­шысына Жоғары награданы Түрікменстан Президенті Г.Бер­дімұхамедов табыстады.

Сапары аясында Қасым-Жо­март Тоқаев Президент Гур­бан­­гулы Бердімұхамедовпен бірге атақты Ақалтеке тұқымды жыл­қы өсіретін кешеннің ипподро­мын аралап көр­ді. Түрікмен әріп­тесі­нің арғы­мақ аттарын тама­ша­лады. Іс-шара барысында құр­метті қо­нақтарға шабандоз­дар­дың өнері паш етілді. Г.Берді­мұ­хамедов Қ.Тоқаевқа асыл­тұ­қым­ды Ақал­теке арғымағын және түрікмен тазысының күші­гін сыйға тартты.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.