Биыл «Таразға тарту» жобасы аясында қаладағы бірқатар саябақтар жөндеуден өтіп, аулалар абаттандырылды. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында жүзеге асып отырған игі бастамаға «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі де үн қосып отыр.
Серіктестіктің бас директоры Нұрлан Нұрхановтың айтуынша, олар демеуші ретінде «Зербұлақ» көлінен Қонаев көшесіне дейінгі «Үшбұлақ» каналының жағалауын абаттандыруды қолға алғалы отыр екен. Жоба қараша айынан бастау алып, Үшбұлақ жағалауына ені екі метрлік жаяу жүргінші жолы төселеді. Сондай-ақ көлден Қонаев көшесіне дейін жол төселіп, қоршау ауыстырылады. Сол аумаққа пирс пен платформалар орнату да жоспарда бар екен.
Канал жағасына ағаштар отырғызылып, аспалы көпір де қайта жөндеуден өтеді. Қысқасы онда балалардан бастап егде жастағы азаматтар үшін қолайлы жағдай жасалмақ. Жалпы құрылысты мердігер «Жасыл Ел-Тараз» серіктестігі қолға алып, бүгінде нысан басында 25 жұмысшы жаңарту жұмыстарына кіріскен.
«Қазфосфат» серіктестігінің басшылығы алдағы уақытта қарамағындағы басқа да филиалдардың жұмысшыларына арнап тағы жаңа үйлер салынатындығын айтады.
Сәндібек Піренов