Жамбыл облысында кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау жаңа деңгейге көтерілуде. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының өңірлік филиалы жүзеге асырып отырған бағдарламалар нәтижесінде жүздеген кәсіпкер жеңілдетілген қаржыландыруға, кепілдікке және субсидиялау тетіктеріне қол жеткізіп, жаңа өндірістер ашуға, жұмыс орындарын құруға және бизнесті кеңейтуге мүмкіндік алды, деп хабарлайды baq-orda.kz.
2025 жылдан бастап 2026 жылғы 1 маусымға дейін өңірде жалпы құны 77,77 миллиард теңгені құрайтын 1006 кәсіпкерлік жобасы мемлекеттік қолдау шараларымен қамтылды. Бұл көрсеткіш мемлекеттік қолдау құралдарының кәсіпкерлер арасында сұранысы жоғары екенін және олардың нақты экономикалық нәтиже беріп отырғанын көрсетеді.
Қолдау көрсетілген жобалардың басым бөлігі кепілдік беру тетігі арқылы жүзеге асқан. Осы кезеңде жалпы сомасы 33,7 млрд теңгені құрайтын 513 жобаға кепілдік берілсе, 133 жобаға 13,69 млрд теңге көлемінде субсидиялау қолдауы көрсетілді. Сонымен қатар шартты орналастыру бағдарламасы аясында 360 жоба 30,38 млрд теңге көлемінде қаржыландырылды.
Бүгінде «Даму» қоры тек қаржы институты ғана емес, шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталған мемлекеттік саясаттың негізгі операторы ретінде жұмыс істеуде. Қор кәсіпкерлерге қаржылай қолдау көрсетумен қатар, жобаларды сүйемелдеу, оқыту және кеңес беру бағыттарын да қатар дамытып келеді.
Өңірде іске асырылып жатқан маңызды бағдарламалардың бірі – «Іскер Аймақ». Бағдарлама микро және шағын кәсіпкерлік субъектілеріне, сондай-ақ ауыл шаруашылығы кооперативтеріне бағытталған. Оның басты мақсаты – өңдеу өнеркәсібін дамытуға серпін беру, жаңа өндірістерді іске қосу және жергілікті шикізатты тиімді пайдалану. Бағдарлама аясында кәсіпкерлер 200 миллион теңгеге дейін несие алып, пайыздық мөлшерлеменің бір бөлігін мемлекет есебінен субсидиялай алады.
Сонымен қатар өңдеу өнеркәсібі, туризм, ақпараттық технологиялар және креативті индустрия салаларындағы кәсіпкерлерге арналған «Өрлеу» бағдарламасы іске асырылуда. Бұл бағдарлама бойынша қаржыландыру көлемі 7 миллиард теңгеге дейін жетеді. Жеңілдетілген шарттар кәсіпкерлерге ұзақ мерзімді инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Ішкі сауда саласында жұмыс істейтін кәсіпкерлер үшін де арнайы мемлекеттік қолдау тетіктері қарастырылған. Олар сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау арқылы қаржылық жүктемені азайтып, бизнесті дамытуға қосымша мүмкіндік алады.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес іске қосылған Бизнесті қолдаудың кепілдік қоры кәсіпкерлер үшін жаңа мүмкіндіктер ашуда. Кепіл мүлкі жеткіліксіз болған жағдайда қор банктер алдындағы кепілдің едәуір бөлігін өз мойнына алады. Бұл әсіресе өндірістік жобаларды іске асыруға және жаңа инвестиция тартуға үлкен қолдау болып отыр.
Кәсіпкерлерге қызмет көрсетуді жеңілдету мақсатында «Даму» қоры жанынан «Бәйтерек» холдингінің бірыңғай фронт-офисі жұмысын бастады. Енді кәсіпкерлер бірнеше ұйымға жүгінбей-ақ, бір жерден кеңес алып, қажетті мемлекеттік қолдау құралдарына өтінім бере алады. Бұл бизнес үшін уақытты үнемдеп, қызметтердің қолжетімділігін айтарлықтай арттырды.
Қордың жұмысы қаржылай қолдаумен ғана шектелмейді. Жаңадан кәсіп бастаған азаматтарға арналған тегін онлайн оқыту бағдарламалары ұйымдастырылып, қаржылық сауаттылық, маркетинг, салық салу, бизнес-жоспар әзірлеу бағыттары бойынша білім беріледі.
Сондай-ақ мобильді фронт-офис қызметі арқылы Қор мамандары аудан-аудандар мен ауылдық елді мекендерді аралап, кәсіпкерлерге жергілікті жерде кеңес береді. Бұл әсіресе шалғай ауыл тұрғындарының мемлекеттік бағдарламаларға қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік беріп отыр.
Бүгінде мемлекеттік қолдау шараларының басты мақсаты – тек кәсіпкерлер санын арттыру емес, экономиканың нақты секторын дамыту, өндіріс көлемін ұлғайту, жаңа жұмыс орындарын ашу және өңірдің инвестициялық әлеуетін күшейту.
Жамбыл облысында жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік қолдау бағдарламалары кәсіпкерлікті дамытуға нақты серпін беріп, бизнестің тұрақты өсуіне негіз қалауда. Алдағы уақытта да қаржылай және қаржылай емес қолдау құралдарының кеңеюі өңір экономикасының тұрақты дамуына және халықтың әл-ауқатының артуына оң әсерін тигізеді.