Кеше Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күніне орай баспасөз саласының өкілдерін арнайы қабылдады.
Басқосу барысында шаһар басшысы мереке иелеріне ізгі тілегін білдірді.
– Журналистика – қоғамның тыныс-тіршілігін айқындап, билік пен халықтың арасындағы байланысты нығайтатын алтын көпір. Сіздер күн сайын ақпарат кеңістігінде адалдық пен әділдіктің туын көтеріп, ел ішіндегі маңызды оқиғаларды жұртшылыққа дер кезінде жеткізіп келесіздер, – деген Бақытжан Әмірбекұлы журналистика саласының дамуына үлес қосқан бірқатар азаматтарды марапаттады.
Олардың қатарында әріптесіміз, «Jambyl-Taraz» газеті редакциясының жарнама және жазылым менеджері Жансая Базарбаева да бар. Ол Тараз қаласының Құрмет грамотасына ие болды.
Сонымен қатар жиында Тараз қалалық мәслихатының депутаты Нариман Мәуленов, Қазақстан Журналистер Одағы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Жаңабай Миллионов, белгілі қаламгер Көсемәлі Сәттібайұлы және «Jambyl» телеарнасының директоры Гүлбаршын Құланбаева жылы лебіздерін арнады.
Мерекелік іс-шара аясында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында алғаш рет өткізілген «Таза қала, таза болашақ!» байқауының жеңімпаздарына да марапаттар тапсырылды. Бұл ретте газетіміздің тілшісі, әріптесіміз Жұматай Көксубайдың «Шаһар үшін еңбек еткен жазбай бел, адалдықпен төгіліп жүр маңдай тер» атты мақаласы да үздіктер қатарынан көрінді.
Іс-шара әрі қарай қаламгерлерге арнап жайылған мерекелік дастарханда жалғасты.
Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ