Қалалық қоғамдық-саяси газет

Зорлық-зомбылықты жеңудің жолы – саналы ұрпақ тәрбиелеу

0 833

Отбасы – барлығымыздың жүрегімізге ең жақын сөз. Ол – махаббат пен тыныштықтың, мейірім мен жарасымның, қуаныш пен мерекенің мекені. Адам баласының өсіп-өнетін алтын ұясы. Сыйластық пен жарастық орнаған орта.

Бірақ соңғы жылдары қазақ ұлтының төл тарихында байқалып отырған отбасындағы олқылықтар мен кемшіліктер ауқымы үлкен ұлттық мәселеге айналуда. Сол мәселелердің бірі ретінде отбасындағы зорлық-зомбылық тақырыбы ең өзекті болып тұр. Себебі қоғамда орын алып отырған түрлі жайттар қоғамды алаңдатпай қоймайды.
«Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген екен Мұхтар Әуезов. Бала – ата-ананың бауыр еті, біздің болашағымыз. Қазақстанда зорлық-зомбылық және қатыгездік жасау іс-әрекеттері туралы конвенция бар. Бұған құқық қорғау органдарының ресми тұлғалары жауап береді. Бірақ бұл мекемемен қоса отбасы тарапынан да жауапкершілік күннен-күнге азаюда. Жасөспірімдер мен балалар бүкіл әлемдегі сияқты үйінде, мектепте не болмаса қоғамдық мекемелерде күнделікті қатыгездікпен және зорлық-зомбылықпен бетпе-бет келіп отырады. Алайда бұл проблемаға қоғам осы кезге дейін зейін қоймай келді. Балаға қатысты зорлық-зомбылықтың түрлері өте көп. Мысалы, балаларға жасалған тұрмыстық зорлық-зомбылықтар. Физикалық жағынан көңіл қоймау дегеніміз – дер кезінде балаға медициналық көмек көрсетпеу, баланы үйден шығарып жіберу немесе баланы қамап, үйден шығармау, тамақтандырмау сияқты орынсыз нәрселердің қолданылуы. Баланың көзінше ата-ананың ұрыс-керіс шығаруы, төбелесуі, ішімдік ішіп, темекі шегулері және өзгелері. Отбасындағы ажырасу жағдайы да зорлық-зомбылыққа жатады. Осының барлығын тізбектей берсек, бұл отбасындағы тәрбиеге байланысты екендігі анық.
Қазіргі қоғамда қатыгездіктің, зорлық-зомбылықтың күшейіп, жағдайдың ушығып бара жатқанын көз көріп, құлақ естіп отыр. Отбасылық ұрыс-керіс, адамдардың бір-бірін өлтіруі – еліміздегі шешімі табылмай келе жатқан мәселе. Қоғамды зорлық-зомбылықсыз құру үшін түрлі шаралар өткізіліп жатыр. Бірақ бұл іс-шаралардан қатыгездік азаймай тұр. Қоғамды зорлық-зомбылықсыз көз алдымызға елестетіп көрейікші. Бейбіт ел, ынтымағы жарасқан отбасын құру – бәрі де адамның өз қолында емес пе?!
Біз тұғыры биік, керегесі кең егемен елміз, қылығы таза қыз бен арғымаққа мінер ұл өсірген елміз. Ал тәуелсіз елде зорлық-зомбылыққа жол жоқ! Қоғамда болып жатқан дүниелердің барлығы дерлік отбасынан бастау алатыны анық. Сондықтан қоғамды тазарту үшін ең алдымен отбасындағы тәрбие мен сауаттылық жұмыстарын дұрыстауымыз қажет. Қоғамның үлкен бір кеселіне айналған отбасындағы зорлық-зомбылық, буллинг, ойынқұмарлық – барша адамның жауына айналған тәрбиесіздік, ішімдік сияқты зиянды нәрселердің салдарынан пайда болып отырған белгілі. Қарапайым отбасындағы балалардың ата-анасынан зардап шегуі, көше кезіп, далаға түнеуі де осылардың кесірінен. Өмір дейтін табалдырықты аттаған балалардың зардап шегуімен қатар, өмір есігін жаңа ашқан перзенттердің де далаға тасталуына не дейміз?
Біз мұзда тайғанақтап жүргендей, өзімізге деген сенімділікті жоғалтып, адасып жүрміз. Сондықтан бізге ұлы Абайдың қара сөзіндегі «Осы жасқа келгенше не бітірдік?» деп өзіне сұрақ қояды. «Балаларды бағу? Жоқ, баға алмаймын. Бағар едім, қалайша бағудың мәнісін де білмеймін, не болсын деп бағам, қай елге қосайын, қай харекетке қосайын? Балаларымның өзіне ілгері өмірінің, білімнің пайдасын тыныштықпенен көрерлік орын тапқаным жоқ, қайда бар, не қыл дерімді біле алмай отырмын, не бол деп бағам…?» – дегені дәлел болып тұрғандай. Міне, көріп отырғанымыздай, отбасы адамның психологиялық қорғаныс орталығы орнын атқарудан қалып отырған жайы бар. Жоғарыда айтқан Абайдың қара сөзі тағы да еске оралады. Отбасындағы зорлық-зомбылықтың орын алуы және осы себептен жас ұрпақтың бесігінен бастап қолайсыз жағдайда өсуі – осындай қатыгездіктің себеп-салдары. Қазіргі балалардың құқық бұзушылық әрекеттеріне итермелеп, қоғамымызды имансыздық жайлағаны да осыдан.
Бұл да қоғам дерті. Ал дала баласы болып өскен, өз анасының ақ сүтімен дарыған ақылы мен әкесінің қаталдығын көрмей өскен баладан біз зорлық-зомбылықты күтпейміз деп айта аламыз ба? Жоқ, ананың бесік жыры, отбасында сақталатын ережелер, тәрбие мен туыс арасындағы салт-дәстүрі – әрбір жанның мінез-құлқын қалыптастыратын бірден-бір құрал, жүрегіндегі өшпес таңба. Қоғам дертінің етек алуы отбасындағы тәрбиесіздіктен бастау алады.
Мысалы, Тараз қаласы әкімдігі жанындағы әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі комиссиямен бірлескен шаралар туралы таныстыру, қоғамда отбасы институтының рөлін нығайту мақсатында осы жылдың 1 сәуірінен бастап «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі үш айлық» акциясы аясында тізім бойынша (девиантты, проблемалы, қылмысты) отбасыларға барып, профилактикалық жұмыстар жүргізу қолға алынды. Бұл іс-шаралардың мақсаты – отбасы-тұрмыстық қатынастар аясында құқық бұзушылықты төмендету, тұрғындар арасында болып жатқан күш көрсетудің алдын алу. Осыған сәйкес, әйел балаларының құқықтық сауаттылығын арттырып, зорлық-зомбылықтың түрлері мен себептерін зерделеп, алдағы уақытта қылмыстық әрекеттерді болдырмау бағытында тиісті жұмыстар жүргізу қолға алынды.
Осындай отбасылық келеңсіз оқиғалар, ерлі-зайыптылар арасындағы қарым-қатынас баланың мінез-құлқына тікелей әсер етіп, жасөспірімдерді заң бұзуға итермелейтіні белгілі. Бала тәрбиесіне ата-ананың ықпалы әлсіреді. Ең басты мәселе адам табиғатының бұзылуы ғой. Бір сөзбен айтқанда, адамның ар-ұяттан арылуы, айнуы. Тәрбие – адамшылықтың тұғыры. Тұғыр болмаса, көркем дүние үгітіліп, дамыған нәрсенің бәрі өшеді.
Демек, зорлық-зомбылықсыз және оның зардаптарымен күресудің бірден-бір әдісі – адамгершілігі жоғары, рухани бай ұрпақты тәрбиелеу.

Жанат САРЫБЕКОВА,
Тараз қалалық аналар алқасының төрайымы, Тараз қаласы әкімдігі жанындағы әйелдер істері және
отбасы-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның мүшесі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.